Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

АРОТ ПЕН МАРОТ

Адам ата күнәкар боп қуылып,
Біздің әулет оралмады пейішке, –
Жаратушы кәрін төгіп, қуырып;
Арот, Марот деген екі періште, –
“Сіздікі жөн!” – депті келіп Құдайға, –
Толыспаған тобыр кетсін қаңғырып.
Тәртіп бұзған тентек елге ұнай ма,
Ақ жолыңнан тайды олар мәңгіріп.
Болмашы бір түсіп еді басына іс,
Сынға салып көріп едің жұмақта, –
Найсаптар ғой, сабыр қылмай, асығыс
Нәпсіні ойлап шыға келді бірақ та!?”
“Ал, өздерің төзер ме едің осыған?”–
Деп жаратқан езу тарта сөйледі.
“О Жасаған! – деп Арот та шошыған, –
Періштелер – пенде емес қой!”– деді.
 “Жарайды онда!
Вавилонға барыңдар.
Қара ниет пенделерді соттаңдар.
Әзәзілге ерме! Таза арың бар, –
Хақ жолымен тек шындықты жоқтаңдар!”
...Бабыл елі:
Бір қауесет тараған,
Қаладағы ел құлағы елеңдеп:
Екі әділ қазы кепті жаңадан, –
Ағайынды Арот, Марот деген деп!
Әділдікпен бастады олар бұл істі,
Зұлымдыққа жасап заман ақырды.
Дұрыс жолға салды дейді бұрысты,
Теңестіріп патша менен пақырды!
Ел қуанған.
Ендігісін көз көрер,
Көріпкел бір әйел бар ед – Астарта:
“Сенбейсің бе?”– деп сұрайды өзгелер,
“Көрерміз!”– деп айтпайды ол да бас тарта.
Ертесіне тойдағыдай киініп,
Әлгі әйел сот үйіне келеді.
Құмыраға тәтті шарап құйылып,
Қасына оның күңі бірге ереді.
Әңгімесін бастап кетті ол-дағы:
“Әділ қазым, тыңда, шындық жақ саған!
Көршіміздің диірменіне жолдағы,
Ағатұғын арық біздің бақшадан.
Бірде мені тілдеп қатты қарғады,
Көршіміздің әйелі де бетпақ бір:
Мен де ыза боп, бұрып едім арнаны,
Диірмендері өшіп, содан тоқтап тұр...
Тезірек су берсе екен деп жалына,
Көршім болса келді төгіп көз жасын:
 Осында еді несібесі, наны да, –
Асырайтын бес баласын, өз басын.
“Байсымағым, арықта не хақың бар?
Су беретін емессің сен ешкімім.
Рақым күтіп, болсаң, – дедім, – мақұлдар,
Қатыныңды тый алдымен, кес тілін!”
Аяқасты қала берді сөздерім,
Қаңсып қалды диірмені де жасаған.
Айтыңдаршы, әділ қазы, өздерің,
Не деп аян береді екен жасаған!”
“Дұрыс емес, – деді, – мына кесімің,
Арот, Марот төрелік қып байыпты, –
Жасау керек еді, сірә кешірім,
Бір долы үшін балалар ма айыпты?
Шақыр мұнда жалақорды оңбаған,
Кейіп босқа кектенбе де ол үшін.
Диірменіне су жіберіп сорлаған
Көмектесіп көршіңе бер қол ұшын!”
Астарта да кетті сонда қуанып:
“Енді ғана жайланды ғой көңілім;
Әділ, дана қазылар-ау бұл анық,
Ақиқатқа арнайтұғын өмірін!”
“Патша соты менікі жөн деп тапты,
Жүгінгелі барғанымда талайға;
Жазғырдым ба деп бекерге бетпақты,
Күпті болып жүруші едім алайда!?
Өздеріңмен көтерілсін көңілім,
Шындық оттай басылды ғой көзіме!”
Шарап құйды көпіршіте көбігін,
Көзеге алтын – қазыларға, өзіне!
Періштелер шешімге кеп: “Күпірлі
жоқ ештеңе, ниеті де дұрыс-ты,
 Әділетпен шығардық қой үкімді!”–
Деп шарапты ішуге олар кірісті.
Көп кешікпей қызыңқырап бірақ та,
Көкте самғап жүргендей боп, не керек,
Болды оларға әділет те, жұмақ та –
Астартаның сұлулығы керемет!
Жалбарды олар тілек айтып: “Тәңірім,
қабыл алып – сыйлашы осы түніңді!
Құп болады барлық тілек, әмірің,
Үкімді де жоқ қыламыз бүгінгі!”
Астартаның көкейінде кекесін,
Шарап құйған, сақтық та бар ішінде:
“Бар үкімді қалайша жоқ етесің,
Бір-ақ түнгі ләззат тапқан үшін бе?
Әміршіге қалай ашу шақырам,
Қажет емес басқа кесім, өзгенің:
Көрер таңды бірге болып атырам,
Тек шартымды орындаңдар өздерің:
Көкке қарай алып ұшар қанатың,
Айтыңдаршы сиқырлы әлгі сөзіңді, –
Тәңірінің тағына алып баратын;
Сонда ғана құрбан етем өзімді!”
Шарап пенен ләззатқа олар мастанып,
Сиқыр сөзін айтып салды заматта:
Астартаның қызығы енді басталып,
Одан бетер айналдырды мазаққа:
“Жоқ! Арымды сата алмаймын!
Ол – елес,
Сөзім болса, қайтып алам оны мен.
Бұларың не! Біз байғұсқа қол емес, –
Жүру деген періштенің жолымен!
Қош, қазылар!..”
– Тоқта! – деді біртүрлі
 Түсі суып сұсты Марот, Аротпен, –
Астартаны бас салуға ұмтылды,
Әмір етіп әрі қатал, әрі өктем!
“Біздікісің!
Қашам деме балаша!
Құлақ асар жан жоқ енді сөзіңе.
Бола алмайды ешкім де енді араша,
Ала алмайды жаббар ием өзі де!”
Астарта да шықты әрең сытылып,
Дұға сөзін айтып қалды – бағына:
Сол-ақ екен зорлықшыдан құтылып,
Бір-ақ жетті тәңірінің тағына!
Айтты бәрін!..
Деді Құдай:
“Жарқыным,
Сабырлы іс қылыпсың сен сасқанда!
Бар ендеше: Күн шыққанда ал тыным,
Түнге қарай жұлдыз боп жан аспанда!”
Арот пенен Маротты іле тергеген, –
Хақтағала қатты мінеп сөйледі:
“Ал, кәнекей, әзәзілге ермеген?
Періштелер – пенде емес қой! – деді.
Жын-шайтандар жақсын ба отқа тозақта, –
Қандай жаза лайық – өзің пайымда:
Дарға астырып салсам ба әлде азапқа,
Барасыңдар, әй қиямет-қайымға?!.”
Періштелер әміршіге жалынды,
Монтанысып, құлдық ұрған қалыпта:
“Ием, бізді жазғыр, төгіп кәріңді,
Тек жібере көрмеңізші тамұққа?!.”
Жаза құрып, дарға астырған Құдекең,
Орға салған Бабыл деген көне елде;
Арот, Марот әлі күнге тұр екен,
Сабақ болып қазы атаулы дегенге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу