24.03.2022
  127


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨМІР ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Үнді елінде...
Тағдыр шығар сынаған,
Жапан түзде келе жатты бір адам.
Сорына оның тап болып аш арыстан,
Ақырады айбат шегіп алыстан.
Бойын сәтте ол үрей билеп іркілді,
Қайран пенде қашпақ болып ұмтылды.
Бақса алдында – шыңырау-құз басталған, –
Есі шығып тұрып қалды ол сасқаннан.
Тап бергелі таяп қалды арыстан,
Жан-дәрмен қып жарқабаққа ол жабысқан;
Жанын қинап тұрған кезде бұл уайым,
Көзіне іле түсе кетті бір қайың:
Құлай өскен құзға қарай жартасты,
Ойланбастан дереу соған жармасты.
Жас қайынды қармады әрең дегенде,
Бір тұңғиық бұлдырайды төменде.
Екі аяғы тірек таппай ал бірақ,
Әуеде тек қала берді салбырап.
Үрей жеңген бойын билеп алдымен,
Ақырында ауыр-ауыр алды дем.
Қорқынышын басып бір сәт пақырың,
Қайда?
Бұл не?
Білмек болды ақырын;
Ағаш түбі түсті алдымен көзіне,
Қысылғанда тірек болған өзіне.
Елес пе бұл, зәресі әлде қатты ұшқан?!
Бірі – қара, көрді бірі ақ тышқан:
Әлгі екеуі тыным таппай беріліп,
Ағаш тінін жатыр екен кеміріп.
Тырнағымен қазып жатыр тамырын,
Дәл сол үшін жұмсағандай тәңірім.
 Қазып, мүжіп құлатпақшы тірегін:
Үрей жеңді тағы да адам жүрегін.
Арыстан да жақын келді сол кезде:
Көз алдында – қалтыраған жолкезбе.
Төңіректі жаңғырта кеп ақырды,
Ызбарлы аң ала алмаған пақырды.
Жартасқа ытқып, жер тарпыды кәрленіп,
Адам бері шығатындай әлденіп.
Сасқан адам қарап еді төменге,
Жатыр екен шыңырауда, тереңде,
Бір айдаһар – зәре-құтын қашырып,
Арандай қып аузын ашқан ашығып;
Тез құлауын күткен оңай олжаның, –
Қоярға жер таппай састы ол жанын.
Есі шыққан, – мұндайда ер боп туып көр!?.
Өрекпиді жүрек, бойын жуып тер.
Сол сәт тірек табылғандай табанға,
Қозғалғандай болды бір зат адамға:
Қарады да қалды сұлқ қайрадан, –
Жылан екен жақпар тасты жайлаған.
Айғайламақ болған еді адам да,
Қорқып бірақ тілсіз қалды табанда.
Сиынбақшы болған еді тәңірге,
Үрей деген ұмыттырды бәрін де.
Тұрды асылып өлі дене секілді,
Қас қағымда ойға батып не түрлі:
Тышқандар да кеміруге таяды,
Жылан шақса тиіп тұр-ау аяғы.
Астында – құз, сарқылғандай күш тегі,
Айдаһардың тұр аузына түскелі.
Міне, ғажап!..
Әлгі байғұс сорлаған,
Көріп қалды бір қуысқа орнаған, –
Ара ұясын қатқан қайың безіндей,
Көлденең жан өтетұғын көз ілмей.
Жарықшақтан тамшылап бал тамады,
Ал аралар кезіп кеткен даланы.
 Балдың дәмін татқысы кеп бір түрлі,
Соңғы күшін жиып адам ұмтылды.
Жоғары өрлеп, ернін тосып жан салып,
Әлгі жіктен бал жалады тамсанып.
Жұтқан балмен кетті ғажап басталып, –
Жүрегінен тастағандай тасты алып:
Заматта бал ұмыттырды барлығын,
Төніп тұрған арыстанның кәрлі үнін;
Кеміруші тышқандарды төменде,
Айдаһарды айбат шеккен тереңде.
Жыланды да ысылдаған қасында,
Бәрін-бәрін ұмытты адам расында.
Бірер тамшы бал жұтам деп тәтті бір,
Жұмақтан да өткен рахат тапты бұл...
Дана Будда Азияны жарық қып,
Рухыменен қасиетті жарықтық;
Болған істің бәрін тегіс көріпті,
Көріпті де діндарларға жорыпты:
«Ол жолаушы бәріміз ғой, бауырым,
Табиғат – қас, біл өмірдің ауырын.
Сынға толы әр қадамың аттаған,
Қапталыңда қырсық пен сор қаптаған.
Жолаушыдай әлгі құзда асылған:
Ажал деген – арыстан ғой ашынған,
Ғайып болу – айдаһар ғой ордағы,
Кімді болсын жалмауға әзір ол-дағы.
Екі тышқан – күн мен түнің жымдасқан,
Ғұмырыңды кеміретін тынбастан.
Аяқ асты жатқан жылан, бауырлар,
Тәніміз ғой әлсіз тартып, ауырлар:
Тұрақсыздау тынымсыз бұл тірлікте,
Алуан рет айнып шығар күндікке.
Құрсауынан құтқарған ал уайымның, –
Солқылдаған тіні болса қайыңның, –
Есіркеген қайырымы қауымның!
Тегі бізден арылмас та, бауыр, мұң.
 Ешкім бізді құтқара алмас жетектеп,
Болса болар дамылдайтын бекет тек.
Ешкім одан айыра алмас тірлікте, –
Пәк махаббат ләззатында ол, бірлікте;
Оның әлгі қасиетті бал шығар, –
Өміріңді ғажап еткен тамшылар.
Әрі асырып көңілді үрей бұлтынан,
Биік самғап қайғы-мұңның жұртынан,
Еркін, нұрлы жайлауларға жол бастар,
Сол тамшыны талғап жұтар бол, достар!
Сонда ғана – сезінесің жүрекпен,
Сергек көңіл, қанағатшыл тілекпен;
Жүрсең ғана достарыңды құрметтеп,
Содан рахат таба білсең, бір көктеп;
Талпына алсаң шынайы арман-мұратқа,
Болар сонда біздің ғажап жұмақ та...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу