Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  122


Автор: Тортай Сәдуақас

Сүйгем жоқ....

Сүйгем жоқ, жо-жоқ өзіңді,
Жұпарын шашқан лала гүл;
Сүйгем жоқ нұрлы көзіңді, –
Басқадан ыстық дара бұл.
Ол да емес – сылқым күлісің,
Сыңғырлап болған көңілге ем;
Ақ балтыр, әсем жүрісің,
Ол да емес, жақын көрінген.
Ернің де – назды сәлемін, –
Айтпаған маған сағынған;
Жүзің де – ішкі әлемің, –
Бұлдырсыз анық танылған.
Именіп босқа ұрланба,
Келбетің керім әуелден;
Келіскен кербез тұлғаң да, –
Аумаған мұңды әуеннен.
Ғашық боп сүйгем жоқ сені,
Өз арманымды сүйгем мен:
Бір қиял – көңіл көксеуі,
Жасымнан ішке түйгем мен.
Асылын жинап өмірдің,
Сұлулық сырын жырладым;
Жылуы болса көңілдің,
Оны да соған сыйладым.
Әнім бұл – салған кезімде,
Үйім де, наным бұл тіпті;
Жабысқақ құсап теңізде,
Арманға көңіл ынтықты.
 Әйтеуір ерте-кешіне,
Аяулымды іздеп талпынғам...
Сен келдің сонда есіме,
Айнымай осы қалпыңнан.
Дидарың жалын болды да,
Жанарды өрттеп жасқады;
Шаттық пен үрей орнына,
Күнімді түн ғып тастады? –
Арбалдым ғажап мүсінге,
Зәремді қатты алдың да:
Сиқырлы перде ішінде,
Ажал боп тұрдың алдымда!
Айналдым қорқып, сасуға,
Көркіңе мас ем басында;
Жол іздеп бақтым қашуға,
Жүрсем де жазбай қасыңда.
Бұғауды бұзар шамам жоқ,
Иксион13 сынды таңылған, –
Жыл озып жылдан амал жоқ,
Қайысқан қайран қабырғам.
Жиярдай қайрат-күшімді,
Ем іздеу бекер қаңғырып:
Сфинкс – тұтқан кісіңді, –
Дерт шалар дейді мәңгілік.
Жоқ бекер, сені сүйерім,
Арманды сүйгем тегі, мен!
Құса боп – сенсіз күйемін,
Есімнен танам – сенімен...
13 Икснон – грек аңызында Зевстің кәрімен мәңгілік айналатын от доңғалаққа таңылған лапифтер патшасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу