Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  124


Автор: Тортай Сәдуақас

МЕЖЕДЕГІ ОЙ

1.
Күллі жерде ашкөз, жасыл бұл жылан,
Terminus та, меже боп та тым қатал,
Құнарсыздау егіс бойлай жылжыған,
«Сенікі» де, «менікі» боп тұр қатар.
Анау төртеу – Трофимовтар меншігі ол,
Михайловтар үш танабы – беріде:
Өз жеріңде еңбек етіп, енші бөл,
Ал басқаның тиме сүйем жеріне!
Трофим мен Михаил кім білгенге,
Тоқшылықты таппаған бұл бөктерден?
Бишаралар дамыл таппай жүргенде,
Аштық көрген жұтап ерте көктемнен.
Кім біледі, неге оларға, себебін,
Мал бітпейді, бітсе – арық, көтерем;
Жері де азып – азбыншы өнім берерін?
Әлде, өзгеден еңбегі аз ба өтеген?
Кім біледі, кей кездері жарымай,
Зарықты олар – несібесі кешіккен;
«Қыспаққа алған қайран жердің тарын-ай!
Қарыз қаптар есіктен де тесіктен.
Қатер жақын... Ауға түскен балықтай, –
Бұдан өткен бұғау, жоқтық болмас та!»
Қайда жөні, не айта аласың анықтай?
Адамзатқа үлес берер жол басқа!
Алаптағы межені өзің көр байқап:
Күн көрерлік үлесі бар жерінде, –
Бірге қоссаң жеті танап – кең байтақ,
Асырайды сегіз жанды, кемінде...
Олар – алтау!
Не кедергі қалыпты,
Болса егерде үлесімен қосылар;
 Біріктірсе үйін, сайман, салықты?
Шырғалаңнан шығар жол да со шығар!
Тағы – меже!
Жатып алған көлденең,
Әлсіз күшін бөлшектейді олардың;
Серіктессе – ортақ іс қой ол деген,
Жеке-жеке басына енді болар мұң.
2.
Бала кезде бар межені білген ем:
Қырға шығып анамменен күнде мен, –
Кешке көк шөп әкелуге сиырға,
Жүруші едік шалғын орып, жиында.
Көз алдымда – тұнып тұрған әр танап,
Қос қанарды қайтушы едік арқалап.
Жалаң аяқ жүгіруші ем шалғында,
Кең межелер көсіле қап алдымда!
Жалпақ жатқан межелер жоқ бұрынғы,
Түрін көрсен танымайсың бүгінгі.
Өңсіз, енсіз: суыртпақтап тастаған,
Көлденең көз, байқамастай басқа адам.
Тақыл-тұқыл әр жерден бір шалғанға,–
Әркімдер мәз артық үлес алғанға;
Үрей жеңіп жер үстінде жүргенде,
Себеп қандай азапты өмір сүргенге?
Парықсыз боп туа ма, әлде адамдар?
Мұқтаждық тым бара ма өсіп, жарандар?
Жоқ, жоқшылық еншісі тек жарлының,
Аз ғана азғын адамдар ғой барлығын:
Торға салып, тонап алған, қымқырған,
Соның бәрі тойымы жоқ құлқыннан...
Бір қисынсыз сөз кезіп жүр қауымды:
«Соғыс болса қайтер еді дауылды?
Артық байлық қаусап қалып бар елде,
Еркін өмір сүрер ме едік әлемде».
 Еркіндік пе!
Аздай азап, мұң батқан,
Айырылып аяқ-қолдан, қымбаттан;
Қалар халық қайғы жұтып қамалып,
Бұрынғыға жаңа қырсық жамалып!
Көрген халық қыспаққа алған межені,
Бақытсыздық, азап сырын сезеді:
Қанап жұрттың қайрат-күшін, байлығын,
Қайдан шығып жатқандығын қайғының?!.
О, межелер, құрсаулаған жерімді,
Ми батпаққа батырдың ғой елімді!
Аш-жалаңаш көз сүзеді ол түнектен, –
Ақ жолға кім салар деген тілекпен?!
3.
Кеңес бер деп келді маған бір адам:
«Бұл жерде жүз жасап өтті бабамыз,
Қайтсем екен, тілегім бұл сұраған!
Тірлік етер құнары да аз, қараңыз:
Танап дейміз! Өнімі жоқ тұрақты,
Мұнша тығыз тұрмаған ғой ел бұрын;
Әйтеуір қарт өмір сүрген сияқты, –
Білмей жердің тарлығын да кеңдігін.
Екі ұлын да ол үйлендіріп ел сынды,
Бір үйде тек тұрған екен барлығы.
Дейді екен ол: «Бөлер едім еншіңді,
Жетпейді оған біздің жердің тарлығы.
Шығымы кем азып барад жер де енді,
Жырымдап ап не қылмақпыз соңыра?
Тентіретіп жібере алман сендерді,
Жоқ, болмайды, бөле алмаймын сорыңа!
Мен өлген соң – билік тиер қолыңа!»
Көп ұзамай, көктем жетіп, қыс өткен,
Қос ұлымен қайтты атамыз сүзектен:
Төрт жетімек қала бердік егіле,
 Мен – үштемін, үлкені екем – бәріне,
Ағам ұлы аяқ басқан екіге,
Емшекте еді қарындастар әлі де.
Баласы жоқ бай көршілер үйіне, –
Берді бізді, өлмес үшін аштықтан. –
Не қылсаң да бақыл кешкен күйіне,
Өссе – өтер, – деп жесірлер бастыққан.
Қырсық қаптап, болмай қойды жолымыз, –
Қос анамыз қайтты, қайнап сорымыз...
Жиырмада едім – «есепке алған» мені де...
Елге келдім, әйел алдым… еңіске,
Келіп атам мирас еткен жеріне,
Ынтаменен кірістім ғой мен іске!
Қарыздан тез құтылайын дедім мен:
Сонда өзіме қалар ата қонысым,
Күнелтермін қорек тауып жерімнен,
«Жомарт жандар» бермей-ақ та қол ұшын.
Қыздардың да жасап жасау, сауығын,
Бір жесірге үйленбей ме бауырым?..
Жерді бөлу – жейде жырту ол-дағы,
Біреу бүтін алған артық одан да.
Жоқ, дұрысы біреу ие болғаны!
Бір орынға екеу еркін қонар ма?
Бұл ойымды айттым талай ініме,
Айналайын бұл бауырым бірақ та,
Арызданып шықты да ермей тіліме,
Қас жауымдай қарамады ұятқа.
Бөлінсін бар құрал-жабдық, жер-суы, –
Деп жазыпты ол сотқа берген шағымда:
Қалай бөлген болса егер еншіні, –
Бір көкеміз қайтыс болған шағында.
Бұны біліп қатты ашындым, соңынан
Кісі салдым: берем дедім төлемін,
Жалынамын кетпей жүрген жолынан:
«Ал, жарайды, мен танапты бөлемін, –
 Алақандай жер бізге не береді,
Атай бекер жақ болған жоқ бөлуге.
Сен болсаң ол сертті бұзғың келеді?»
Құлақ аспас, қайда бірақ көнуге!
Екі жылдай соттасып кеп қаладан
Қағаз кепті: атасының мирасын, –
Теңге бөліп, үлесін ап қалаған,
Әрқайсысы қыздарға үлес «сыйласын».
Ақырында жұрдай болар күйдемін,
Не қыларсың осы болса барлығым!
Жарым танап! Алдым жердің тигенін,
Қарындасқа қамқор болар – жарлымын.
Куәларды сотқа апарып көрем бе,
Жер бөлмейміз деген атам сертінде, –
Мүмкін әлі көндірер де төлемге,
Болмаса – жоқ, бір құдайдың еркінде!»
4.
Ойладым мен бауыр басқан жандар жайлы ертеңгі,
Тіледім мен сол бір күндер тез тапсын деп өлкемді.
Қиялыммен межесі жоқ танап көрдім сан қырдан,
Ортақ еңбек арқасында қайта түлеп жаңғырған;
Береке боп қорек берген бақытты, еркін еліме,
Украина емес пе бұл? Соның жомарт жері ме?
Талай рет қаны тамып, тері сіңген қауымның,
Иә, бұл менің Украинам аяулы! –
Сол бір сәтте жүрегімнен жылыстады ауыр мұң.
Елес бітіп қараймын мен, көз алдымда анадай
Гриць пен Степан жүр ілінісіп қарадай:
Жер жыртып жүр бір жақта қарт жүрегіне дерт қонған,
Ұлын ойлап алыстағы Боснияда мерт болған.
Балтасын ап ұмтылып жүр ұлына әке ашынған...
Жетімек жүр өгей шеше қарғап беті ашылған...
Қараң қалған қайран менің туған елім, өңірім,
Жоқ болғаның артық еді бұдан да,
Қапа қылса қайтесің сен қарғыс атқан өмірің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу