Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  115


Автор: Тортай Сәдуақас

ТҮРМЕДЕГІ ЖОЛДАСТАРҒА

Етіміз өліп көндіккен мынау өмірде,
Үзілер кісен, бұғаудан босап қауым бар;
Сабылып ұшар сайраған ойлар көңілде, –
Сүреміз өмір, сүреміз, біздер, бауырлар!
Жылынып біздер отына ізгі сезімнің,
Шынайы өмір сүреміз сондай жаңаша;
Айдынын тіліп бұрқанған бұлдыр теңіздің,
Жүземіз бақыт еліне қарай тамаша.
Құлдық пен қайғы толқынын жарып өтерде,
Арыны үдеп соқса да үзбей дауыл көп;
Жүземіз біздер бетке алып құтты мекенге,
Ұғысқан барлық адамдар жақын бауыр боп.
Жол жатыр алда күреске жаңа бастаған, –
Патшаға – тақыт, тәж үшін емес әмірге;
Қанішер байлар үшін де емес қас надан,
Сиыну үшін емес те шіркеу, тәңірге.
Мақсат боп бізге бақыты барша адамның,
Шіркеу де шеттеп, дәуірлер ақыл, шапағат;
Ынтымақ тауып жандары барлық ғаламның,
Ерікті еңбек, келеді мөлдір махаббат!
Алдыңғы шепте абыржып саспай, бұлқынып,
Жетеміз болсақ майданда батыл мұратқа.
Аямай жанды тынбастан алға ұмтылып,
Бір адым кейін шегінбеу керек бірақ та.
Бұл біздің майдан ақырғы! Осы керісте, –
Адамдар шығар жыртқышпен тағы жұлысқан;
Құлдықты құртып, бостандық келіп жеңіспен,
Ғажайып жерде орнайды «жұмақ» гүлстан.
«Рақымың түсіп, жарлығың қашан келеді!»
Демейміз енді сиынып біздер тәңірге.
 Намаз бен дұға – білініп кімге керегі,
Парасат қана шешеді істің бәрін де.
Орнатып ешкім, жеткізбес бізді жұмаққа,
Әулиелерден де сиынған қайыр болмайды.
Ізгі де алғыр жетелеп ойлар мұратқа,
Ерлікпен ғана ол, еңбекпен ортақ орнайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу