Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  81


Автор: Тортай Сәдуақас

«ТҮНГІ ОЙЛАР» ЦИКЛЫНАН

Бар әлем мүлгін жатқасын, Қалғиды боз ай беріде;
Ұйқыда – жапқан қақпасын, Аспанның әулиелері де.
Солардың безіп бәрінен, Ғаламның шері мың батпан;
Жатырмын ояу әлі мен, – Жанымды қинап мұң батқан.
* * *
Сыздаған қатты сырқаттан мені айырма,
Ойларым менің, азабым болып сорым да,
Бауырдың мұңы, бақытсыз жандар жайында!
Азапта, аруақ, жүрегім сенің қолыңда!
Құлы қып қоймай жігерсіз жалған сезімнің,
Жылан боп улы арбашы тұрып жолымда.
Басқанша мәңгі көк тұман алдын көзімнің,
Ойлауды бір сәт шығарма менің есімнен, –
Бақыты кемдеу арманым жайлы өзімнің.
Шалғындай болып шалғымен орып шашылған,
Жүргенде құлдар арқасы әбден жауыр боп, –
Бесіктен шықпай аяққа ары басылған;
Жасынан өскен жоқшылықпенен бауыр боп.
Өмірдін, даңғой күймесі күліп өткенде, –
Мазағы болып мұқтаждық көрген қауым көп;
Әзірге солар аңызды арман еткенде,
Талай мың жанға жұбаныш болған жылытып,
Өңірін жуған көзінің жасын төккенде;
 Түрмелер жатса тірідей жұтып күні-түн,
Құрбаны болып жазықсыз жандар сорлаған, –
Балалар қанша жоқшылық кескен үмітін;
Түнеріп аспан түтін мен тұман торлаған,
Ұясын мынау қулық нен сұмдық жайлаған, –
Әулиелерден де шарапат, қайыр болмаған.
Улаған жанын, пиғылы арам ойлаған,
Халықтың атын иемденіп, қамын елемей, –
Тасырлар түге қарық боп сосын тойлаған, –
Кеудемді тырнап, жабысып аш бір кенедей,
Адамдар жайлы жайлаған аштық қонысын, –
Қамап ал мені, қалың ой қаптап телегей.
Күні-түн тынбай, батамын ойға сол үшін,
Салып тұр еске: «Бауырың олар тар маңдай!
Соларға жақтас, жақын боп беріп қол ұшын!
Мақтанға мас боп, кеудеңді керіп паңданбай!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу