Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  100


Автор: Тортай Сәдуақас

Оянам ерте...

Оянам ерте көргім кеп,
Күмбезін заңғар аспанның:
Көгімде – шыны мөлдір, көк,
Көңілде – уайым, басқан мұң.
Күлімдеп аспан қарайды,
Қабырғаларына түрменің.
Көз жасы сіңген талайғы,
Көгерген өзі іргенің.
Көгім-ау, керек көрге не,
Күлкің жат мынау әлемге;
Қарғалған қапас бөлмеге,
Жібердің несін сәлемге?
Қасірет – мұнда, той – саған,
Шалқисың еркін о жақта;
Құрсаулап торы қоршаған, –
Мылқау көр, мынау тозақта.
Тірідей мұнда көміліп,
Қараймын күнге жайнаған.
Әйнектен сәуле төгіліп, –
Қапаста қаным қайнаған.
Жатырмын неге, неліктен?
Бұғауда, түрме ішінде?
 Айырған кімдер еріктен?
Халқымды сүйген үшін бе?
Бұғаудан босап қанша адам,
Кем-тарға болсын қайырым.
Болсын дер теңдік баршаға, –
Осы еді жалғыз айыбым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу