Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  85


Автор: Тортай Сәдуақас

Жадыңда болсын...

Жадыңда болсын, жадыңда,
Жас күнің, жасыл көктемің;
 Жарық боп жүрер жаныңда,
Өткенде өмір өткелін.
Махаббат, мөлдір көз жасың,
Тәтті түс, қызық тойларың;
Абай бол, азып-тозбасын,
Осынау ізгі ойларың.
Басталар қиын жолдарың,
Жалғыздық жеңіп жабыққан.
Салдырап аяқ-қолдарың,
Қажиды жүрек жалыққан.
Тен қана жандар жаны ізгі,
Махаббат сырын ұға алған.
Майданда батыр тәрізді,
Сертінде сергек тұра алған.
Сезінген терең борышын,
Қайғыңа ортақ әманда.
Беретін ылғи қол ұшын,
Сол ғана – нағыз адам да.
Боламын десең осындай,
Өмірдің жолын таңдарда.
Келгенше шамаң тосылмай,
Ұқсап бақ осы жандарға.
Ашылмай құйған күні-түн,
Жауынды-шашын күндерде;
Жеткізбей арман, үмітің,
Шағылып тауың жүргенде.
Махаббат, майдан көшінде,
Адасып даңғыл жолыңнан;
Кезіксең тайғақ кешуге,
Тар соқпақ тап боп солыңнан.
Кеудеңе қайғы түнеткен,
Сөнгелі тұрса оттарың;
 Есіңе ал ізгі тілекпен,
Өмірдің мамыр шақтарын.
Жеңілдер қиын өткелің,
Күш берер сондай шағыңда;
Жас күнің, жасыл көктемің,
Жадыңда жүрсін, жадыңда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу