Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  155


Автор: Нұрлан Оразалин

КӨК ТАЙ

(Бала күндi сағыну)
Түн…
Алматы…
Ән қашады, тарап үн.
(Ой-дәптердiң үзiп-жұлқып парағын).
Жыр сыздатқан, мұң сыздатқан жүректi
сiлкiлейдi дүниелiк бар ағын.
Ойлар…
Ойлар…
Лаулап түнгi оттайын,
өзегiмдi қариды бiр шоқ дәйiм.
Елестейдi көп машина iшiнен
бала күнгi бәсiрелi көк тайым.
Балғын сезiм… Тартатұғын сырды Айдан,
тас қалада тарпаң неме жүр қайдан?!
Азан-қазан астананың аспаны,
бiр мұңды әуен құйылады сырнайдан.
Көгiлдiр тау…
Көкшiл ғалам…
Елiк-қыр…
Көз алдыма көк тайым боп келiп тұр.
Көп машина – ала-құйын ғасырым,
абыр-сабыр…
Көше бойын керiп тұр.
 
«Жигули» де, «Нива» да бар, Көп түрi…
Қара «Волга» қозғалды, әне, шеткi iрi.
Көк тай…
Көк тай…
Құлдыраңдап жарысып
келе жатыр.
Қалатұғын жоқ түрi.
Елшiсiндей ерте күннiң – көк қырдың,
жанарында – жалт-жұлт етiп өткiр мұң
келе жатыр…
Көп машина байқаусыз
«қағып кетiп жүрмесе едi» деп тұрмын.
Алматыға суық қыста – жаз қайғы,
сағыныштың қызыл тiлi маздайды.
Көк тай түгiл, көше толы машина
адамдарды қағып кете жаздайды…
Аяз…
Суық…
Ақ қар-көк мұз… Январь…
Құлдыраңдап келе жатыр жануар.
Жыр сыздатқан, мұң сыздатқан жүректi
сiлкiлейдi құлын күндер әнi бар…
қаңтар, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу