Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

МАХАББАТ СУРЕТI

 Алматы…
Көше…
Айлы аспан…
Аяңдап қана жай басқан
сезiмге мас боп екi жас,
құстайын көлге жайғасқан…
Келедi кешiп айдынды,
бiлмейтiн мұң мен қайғыңды,
қос аққу сынды қос жүрек,
ұмытып Жердi, Ай, Күндi…
Iз салып жасыл өртеңге,
қол созып арман ертеңге,
табиғат – сұлу мүсiншi
жасаған өзi көркемдеп…
Бiр бүтiн болып кеткендей,
бiр ғажап күйдi шеккендей;
келедi Адам – Хауа-ана,
келмейтiн екi көктемдей…
Көрiнбей лыпа көзге мiн,
тартады түн де өз демiн;
көк пенен жердi серiк қып,
келедi қалқып кез керiм.
 
Бөленген нұрға түнгi аспан,
неон шамдары мұң басқан,
жол бершi, шулы дүние,
жалғасып жатқан тынбастан!
Оралмас екi шақтайын,
(суретiн есте сақтайын).
Ләйлi мен Мәжнүн келедi…
Жол бершi, сұлу ақ қайың!
маусым, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу