Аңыздар ✍️

  23.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

Аққұс туралы аңыз - соңы 5 оқиға

 Түн… Аспан төсiнде самсаған жұлдыздар. Толықсыған
сұлу ай баяу қалқып көк жүзiн сызып барады. Жол қағып,
арып-ашқан Меңсұлу мен Мыстан көрiнедi. Жүрiп келедi.
Мыстан. Қазiр, қалқам…
Тасөткелден өтемiз,
Сәл шыдасаң, жетемiз.
Меңсұлу. Кеудем жалын, нала-мұң…
Мыстан (қуанып).
Хауыз, бақта көрiндi, әне
Қарағың…
 
Бұлағыңнан су iшiп…
Қауызына шомылып,
Гүлдерiне аунайық
Жүр, тездеткiн, қарағым…
Әлденуақ Мыстан мен Меңсұлу ертедегiдей ғажайып
нұрлы сәуленiң құшағында мүлгiген бақ iшiне кiредi. Әуелi
бұлақ кездеседi… Мыстан ентелеп барып, бұлаққа бас
қояды. Меңсұлу бұлақ суынан қос қолдап ұрттай бергенде,
талықсып құлағына үн жетедi.
Су үнi. Мен – бұлақпын, бұлақпын,
Өлгендердiң қанымын,
Шейiттердiң жанымын…
Меңсұлу селк ете түсiп, суын төгедi.
Мыстан. Суы бейне балдайын,
Iшсең, қанар таңдайың.
Меңсұлу әлденеден сезiк алғандай жан-жағына қарайды.
Жүр, жүр, қалқам, барайық,
Хауызда дем алайық…
Екеуi Хауызға келедi. Мыстан бетi-қолын жуады.
Меңсұлу хауызға қолын тигiзер-тигiзбестен құлағына
дауыс жеткендей болады.
Хауыз үнi. Мен хауызбын – тұтқынымын перiнiң,
Езiлгендер, жаншылғандар терiмiн.
Елiм менiң еңбек едi бiр кезде,
Ендi, мiне…
Мұндарлардың сорлап қалған шерiмiн.
 
Меңсұлу қолын жұлып алып, рахаттана жуып жатқан
Мыстанға сақсына қарайды. Әлдене сұрауға оқталып
барып, тоқтайды. Есiне емiс-емiс Тоқтамыстың сөзi
оралғандай болады.
Тоқтамыстың үнi.
Сабыр, аға, тоқтаңыз,
Меңсұлуды тастаман,
Зауал…
Iндет басқадан.
Әлгiнде бiр кемпiр кеп,
Сол ма деймiн
Алапатты бастаған?!
Мыстан (күлiмдеп).
Жұлдыз жауған түндi көргiн,
Толықсыған кiндiгi өрдiң.
Ай аспанда қалқыған,
Әсем әуен шалқыған,
Ертегiдей елiткен,
Еңсеңдi алып ерiктен.
Меңсұлу. Кетейiкшi, апатай,
Мыстан (естiмей, елiтiп).
Жанға дауа…
Жұмақ бейне таза ауа,
Көзiң тұнар көрiктен,
Ән естiлiп бұлақтан,
Күй еседi құрақтан…
(Меңсұлуға).
Ендi бақты көрейiк,
Аппақ гүлдер терейiк.
 
Мыстан – алда, Меңсұлу – соңында, гүл алаңына келедi.
Мыстан екi шоқ гүлдi жұлады да, Меңсұлуға ұсынады.
Меңсұлу гүлдi қолына ала бергенде ақтық сағаты соққан
адамның дауысындай жалынышты үн жетедi құлағына.
Гүлдердiң үнi.
Кiсендеген, айдаған,
Қарақұстың түрмесiне байлаған,
Нәлет!
Нәлет саған, қу мыстан,
Уі, жан-не-нем…
Сау бол ендi, Ай, далам.
Қош бол, жастық,
Қош, өмiр…
Шыбын жанды
Шырқыратып,
Қо-о-ош!
Үшiншi гүлге қол артқан Мыстанды көрiп, Меңсұлу
шыңғырып жiбередi.
Меңсұлу. Тоқтатыңыз, жұлмаңыз?!
Нәлет айтам, тыңдаңыз!
Мыстан. Шошындың ба, шырағым?..
Меңсұлу. Шыныңызды айт,
Мынау кiмнiң тұрағы?
Мыстан (сезiктене, сиқырлана).
Қызық екен сұрағың?
Оны, қызым,
Жаратушы – Көк Иемнен сұрағын.
(күбiрлеп).
 
Мына сайтан
Неге менен безiп тұр,
Жүрек құрғыр
Бiр пәленi сезiп тұр.
Сiфу… сiфу (жақындайды)
Меңсұлу. Жоламаңыз қасыма!..
Мыстан (мүләйiмсiп).
Бақ тiлеп ем…
Сор келдi ме басыма?
Меңсұлу (шегiнiп).
Бекер, бекер сенгенмiн,
Арбауыңа көнгенмiн.
Мыстан. Не деп кеттiң, қызым-ау,
Сөзiн айтып пенденiң,
Осы шығар өлгенiм,
Осы шығар сөнгенiм.
Дана қарттың сөзiне
Мен де бекер сенгенмiн.
(Күбiрлеп).
Сiфу… сiфу…
Сексен пiрiм, келгейсiң,
Қуатыңды бергейсiң.
(Дауыстап).
Сыйласаңшы жасымды,
Аппақ қудай шашымды.
Меңсұлу Мыстанның екi көзiмен мойындағы тұмарды iшiп-жеп тұрғанын байқайды да, қолымен тұмарды ұстай бередi. Мыстан Меңсұлуға ұмтылады. Ұстай алмай, жерге құлайды. Меңсұлу ытқып шетке шығады. Құлағына тағы
да дауыс жеткендей болады.
Ақсақалдың дауысы.
Кезiккенде мұнар күн,
Қалтасында тұмардың
Оймақтайын құлып бар,
Бармақ бас та жұлып қал!
Жұлып қал, қызым!
Жұлып қал!
Дауыс жоғалады. Мыстан орынан тұра бергенде, жер
дүниенi шайқаған дауыл үнi жетедi құлаққа. Меңсұлу
тұмардың қалтасын ашып жiберiп, құлыпқа бармағын апарады. Мыстан бiресе дауысқа, бiресе Меңсұлудың қолындағы құлыпқа қарап, үрейленiп тұрады.
Мыстан. Тоқта, қызым!..
Iбiлiске жеңдiрме.
Бойындағы
Шырақ отын сөндiрме?!
Шешеңмiн ғой, құтқарушың…
Қашпашы!
Қолыңдағы
арбағышты тасташы, тасташы!
Дауыл үнi күшейе түседi. Хауыз – бақ iшi тұманданып,
торлана бастайды.
Меңсұлу. Көрген сәтте
Тұмарымның құлпысын,
Мыстан кемпiр,
Неге өзгердi түр-түсiң?
 
Мыстан шегiне бередi. Ақ гүлдер қозғалып, күллi бақ iшiн
«Иә аруақ!» деген ұран кезгендей болады. Опырып-жапырып
Қарақұс келедi. Меңсұлу жасырынады.
Қарақұс. Қайда, мыстан,
Меңдi қыз бен тұмарың,
Бойды буып,
Жеттiм желiк, құмар үн.
Бiр құдайдың өзi бiлер,
Мен бiлмен…
Қашан,
Қалай тынарын?
Ха-ха-ха!
Қос көлеңке шығады. Мыстан үнсiз.
Басылсын бiр құштарым,
Тойлатамыз, құстарым,
Ха-ха-ха
Қайда, қайда? Алып кел,
Олжаңды тез, Мыстаным…
Мыстан. Қ-қа-зiр-р, Тақсыр, Тақсырым…
(дауысы дiрiлдеп)
Ең әуелi, басты ырым…
Қарақұс. Сүйiншi ме?!
Не сұрайсың. Болады!..
Қамбаң сенiң
Күмiске де,
Алтынға да толады.
(Көлеңкелерге)
Барыңдар… Тез дастарқан жайыңдар!
 
Сауысқандай сақ құсым,
Менiң кәрi мыстаным –
Қадiрмендi қонағым…
Көлеңкелер кетедi.
Қане, қане, күмiс үн
Сызып өтiп түн iшiн
Қаңғырсын бiр,
Қандырсын бiр
Құмарымның құрышын!..
Қайда, қайда?
Перизаты даланың,
Көк тұмарлы қарағым?!
Ха-ха-ха!..
Оу, мыстаным!..
Неге сонша қалтырайсың?
Қашып тұр ғой ұстаның?..
Бiр қолымен құлпыны ұстаған Меңсұлу көрiнедi. Мыстан
үрейлi, бұға түседi.
Меңсұлу. Мен мұндамын…
Қарақұс. Ха-ха-ха…
Қорқасың-ау, тегiнде?
Меңсұлу (шегiнiп).
Жоқ!
Қарақұс. Ха-ха-ха…
Қорықпа! Қорықпа! Шегiнбе…
(Iлгерi аттап).
 
Келе қойшы, кел, күнiм…
Өз қолыңмен шеше ғой…
Мына арада қанатым, ха-ха…
Белдiгiм…
Меңсұлу. Күлдiрейiн.
Қарақұс. Күлдiр, жаным.
Меңсұлу. Хауызың мен ордаңды бүлдiрейiн.
Қарақұс (елiтiп). Бүлдiр, жаным…
Меңсұлу. Бұлақтап аққан қаным мен
Көлге айналған
мұң-зарым үшiн,
Қарақұс. Не-не деп тұрсың, жаным-ау?..
Мыстан. Сақтан, ием!
Меңсұлу құлыпты жұлып алады. Бiр сәт жарқ еткен
жасын отын көргендей боламыз. Қолында семсерi бар Аққұс
келедi. Қарақұс кейiн ығысып, Мыстан қашады. Жолын
көлеңкелер бөгейдi.
Қарақұс (ығыса күбiрлеп).
Буынымдағы әл қайда?
Тамырымдағы қан қайда? (Қынына қол
салады да, қылышын суырады. Аққұс сұсты.
Үнсiз жақындап келедi.)
 
Қарақұс. Ажал боп төнiп аспандай,
Еңсемдi менiң басқандай,
Келедi төнiп ақ тажал,
Семсерiн ұстап жасқанбай…
(Дауыстап).
Жекпе-жек!
Жекпе-жек!
Аққұс үнсiз семсерiн қыса түсiп, Қарақұсқа ұмтылады. Ұрыс басталады. Қарақұс қарманып, қорғана бастайды. Меңсұлу оң қанатта, қос көлеңке мен Мыстан сол
қанатта ұрысты бақылап тұрады. Екi жақ та бiрiн бiрi ала
алмай жүр.
Мыстан (үмiттене).
Сiфу, сiфу!
Сексен пiрiм, жебей көр,
Иемдi менiң демей көр,
Сiфу, сiфу!..
1-көлеңке. Жебей көр!..
2-көлеңке. Демей көр!
Меңсұлу. Бұлақ боп аққан қан үшiн,
Шәйт боп жатқан жан үшiн!
(қолын жайып).
Жарық аспан, ән үшiн,
Сiлте семсер, арысым.
Уа, әдiлет, бар болсаң,
Көз жасым үшiн,
Мұңдарым үшiн,
 
Мұң-зарым үшiн,
Қозғал!
Сiлкiн!
Тұмарда жатқан
Тыңдағы күшiм!
Аққұс Қарақұсты қалпақтай ұшырып, семсерiн қадайды. Күн күркiрегендей болады. Қос көлеңке қолдарын ербеңдетiп барып, Мыстанның алқымына қадайды. Үшеуi де
құлайды.
Аққұс (семсерiн суырып).
Жан тапсырды Қарақұс,
Жерден кеттi қара күш.
Сұлу тiрлiк сәулесi,
Сай салаға тарап үш.
Себездеген күн сәулесi. Ақ гүлдер адамдарға айналып,
жарық аспанның астын қуанышты күлкiлер мен дауыстар
көмедi. Әдiлет iздеп, азаттық аңсаған қалың жұрттың
қиқуы.
Меңсұлу (Аққұсқа).
Алғыс саған, ақ ниеттi қыран құс,
Бар тынысым халқым үшiн…
Мың алғыс!.. (Иiлiп тағзым етедi)
Аққұс. Саған-дағы мың алғыс.
Меңсұлу. Қыран-құсым,
Аңызбысың?.. Жыр-әнбiсiң?!
 
Аққұс. Аңыз да емес, ән емес,
Айналайын, шындықпын.
Iздегенiм сән емес,
Абыройы мұңдықтың…
Қас жауымын
Азап пенен сұмдықтың.
Меңсұлу. Тұрағыңыз? Көкте ме?
Қиян шалғай, шетте ме?
Аққұс. Жо-жоқ, жаным,
Жүректемiн –
ақиқаттан бас алар,
Сөнгенiнше кеудеңдегi қашан ар.
Мекенiм менiң – халықта,
Қуатым менiң – халықта.
Көкте, Жерде,
Күн астында – тұрағым.
Қо-ош!..
Көрiскенше, шырағым.
(Көтерiлiп ұшады).
Меңсұлу қолын бұлғайды.
Алыстан талып-талып жеткен түйелi көштiң қоңырауы естiледi. Меңсұлу елеңдеп, солай қарайды. Ақсақал
келедi. Сырттан шаттыққа мас болған халық үнi жетедi.
Меңсұлу (ұмтылып).
Ата! Атажан, армысыз,
Тiрiсiз бе, бармысыз?!
 
Ақсақал (Меңсұлуды құшақтап).
Өзiң аман бармысың?!
Бәсе!..
Бәсе… Ақылыңа сенiп ем,
Сенгендiктен тапсырып ем
Аққұс пенен
Адалдықтың бар күшiн.
Меңсұлу. Тұмарыңыз дiн аман,
Құсыңыз да дiн аман,
Қарақұсты қаусатып
Елдiң кегiн сұраған…
(Ақсақалға тұмарын қайтарады).
Нұрлы жарық ұлғайып, көкжиектен бiрте-бiрте дөңгеленiп Күн көтерiледi. Зорая түседi.
Меңсұлу (қуанышты).
Жердiң үстi думанды,
Шырқап жатыр ұлы әндi.
Көрдiңiз бе – Күн аман,
Көрдiңiз бе – түн аман...
Ақсақал. Өзен мен тау, сай аман,
Жұлдыздар да Ай аман.
Бәрi де аман, шырағым,
Сұлу Далаң – тұрағың.
Босағаң да дiн аман,
Кәрi мыстан арбаған
Қос ағаң да дiн аман.
Жеңдi бәрiн арманың,
Сен өмiрдi жалғадың.
 
Күн көзiмен жарысып ұшқан Аққұсты көргендей боламыз.
Меңсұлу. Бар, ұша ғой, Аққұсым,
Бар, ұша ғой, Бақ құсым.
Ақсақал. Көк төсiнде қалқып ұш,
Қанат жайып шалқып ұш.
Сау бол, ерiм, сымбаттым.
Ақ ниеттi, қымбаттым.
Қуан!
Шаттан!
Жадыра!
Бүгiнгi күн –
бiздер үшiн қымбат күн…
Әумин!
Салтанат сарыны, жеңiс күйi түйелi көштiң қоңыраулы
сыңғырына ұласқандай болады.
С о ң ы
мамыр, 1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу