Аңыздар ✍️

  23.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

Аққұс туралы аңыз - 4 оқиға

 Қос емен мен құба талдың саясындағы лашық үйдiң ауласы. Есiк алдында қолына сойыл ұстап, қалғып, Тоқтамыс
отыр. Кемпiр кейпiндегi Мыстан келедi.
Мыстан. Армысың, ұлым…
Тоқтамыс (селк ете, шошып оянып).
А, шешей, сiз бе едiңiз… (есiнейдi).
Мыстан. Бұл үйдiң қожайыны бар ма, ұлым?
Тоқтамыс. Айтарыңыз көп пе едi?
Мыстан. Тiзе берсем, барлығын,
Сөзiм жетпес бек, тегi.
Тоқтамыс. Мұңы болса жарлының…
Ағам келсiн шөптегi…
Мыстан. Кеудем толы нала-мұң,
Жолаушылап барамын.
Меңсұлудың тұрағы
Осында ма, қарағым?
Тоқтамыс (селк етiп).
Меңсұлу?..
Атамаңыз!
 
Ағам көрсе – құртады,
Қарындасым қамауда…
(Жан-жағына қарайды)
Мыстан. Неге?.. Неге қамауда?
Сорлы бала…
Түсiп пе едi талауға?
Тоқтамыс. Жоқ.
Мыстан. Жаны дерттi, жамау ма?
Тоқтамыс. Жоқ дедiм ғой, жоқ ендi!..
Доғарыңыз…
Сұрақ-жауап дегендi.
Ағам келiп қалса егер,
Ояр менiң төбемдi.
Аулақ бiзден барыңыз,
Жөнiңiздi табыңыз…
Iштен Меңсұлудың шерлi әнiн естимiз.
Меңсұлудың әнi:
Айналайын алтын бесiк босаға-ау,
Айтыңдаршы, айналайын қос аға-ау,
Ақ ниетпен қадап едiм көк шыбық,
Жазғырдыңдар,
Қиын екен босамау?!
Қос аға-ау-у-у.
Арман маған қонып па едi анамнан,
Әлде кiмнен, мына сұлу ғаламнан?
Қонған шығар табиғаттан, қайтейiн,
Күмiс үннен, күмiс әннен жаралған,
Жаралған-ан-н.
 
Бiр сәт қалғып кеткен Тоқтамыс орнынан атып тұрады.
Есiктi перiп-перiп қалады.
Тоқтамыс. Тоқтат деймiн, доғар ендi!..
Жанға батты сыңсуың.
Заман ақыр болар ендi,
Бiзге тиiп қырсығың.
Мыстан (сиқырлана).
Әнiң қалай әдемi едi, шырағым.
Күмiс үнiң құлағымда тұр әлi.
Бүйткен туыс,
Бүйткен бауыр құрысын,
Жүрегi жоқ, сезiмi жоқ, құлағы…
Тоқтамыс. Әй, кемпiр,
Ызыңдамай, тұр ары!..
Мыстан. Бiр дана қарт айтып едi атыңды,
Демi бiтiп таусыларда ақырғы…
Меңсұлудың дауысы.
Не деп тұрсыз?!
Апыр-ай, не деп тұрсыз?!
Мыстан (мүләйiмсiп).
Топырағы торқа болсын пақырдың,
Кетерiнде
«Меңсұлу» деп атыңды айтып шақырды.
«Айналайын, жан едi, – деп, – ақылды…»
Ақырғы күн, ақтық сәтiн батырды.
Iштен Меңсұлудың жылаған дауысы естiледi. Тоқтамыс дел-сал. Әлден-уақ есiн жиып, Мыстанды итерiп қалады.
 
Тоқтамыс. Жарылса да өтiңiз,
Кетiңiзшi, кетiңiз!
Меңсұлудың дауысы (есiктi ұрғылап).
Қума!
Қумашы, аға, кемпiрдi…
Тоқтамыс (Мыстаннан көз алмай).
Сезгiр жүрек,
Әлдененi сезiп тұр…
Атша тулап жүрегiмде сезiк тұр.
Кемпiр емес, Зауал бұл…
Сақта, құдай.
Жақсылықпен кезiктiр.
Мыстан. Қол көтердiң шешеңе,
Құдай оны кеше ме?
Бөтен ойым жоқ едi.
Тоқтамыс (сойылын ала ұмтылып).
Жоғалыңыз бұл маңнан!..
Мыстан (сиқырлана).
Сiфу-сiфу…
Тоқтамыс сиқырға бағынып, тоқтайды.
(Меңсұлуға)
Мұндай бауыр болғаннан,
Жақсы, жақсы тұл қалған…
(Қарғанып)
Кет дейдi ғой...
Қорқар деп пе ең тұлғаңнан.
 
Ал кетпеймiн,
Сенi итерiп жолдағы,
Құтқарамын
Аққұсымды тордағы…
Қарғыс! Қарғыс саған!
Қарындасын торда ұстаған…
Меңсұлудың дауысы.
Кешiрiңiз, апажан, қарғанбаңыз,
Бiз бiр мұңдық жетiмдер…
Армандамыз… Қарғанбаңыз.
Мыстан. Қол көтерген
Қарт ана мен өскiнге,
Мен кешкенмен,
Құдай оны кешсiн бе?
(Күбiрлеп).
Егiнiңдi өрт қапсын,
Жүрегiңдi дерт қапсын.
Iндет тиiп малыңа,
Жапа түссiн жаныңа,
Сексен пiрiм, келгейсiң,
Бойыма қуат бергейсiң…
Сiфу-сiфу!..
Бауыры-бауырымен шатысып кет,
Бауыры-бауырымен атысып кет!
Сiфу-сiфу!.. (кетедi)
Сырттан қою қошқыл түтiн мен өрт жалыны көрiнедi.
Әлденуақ жүгiрiп Тоқтасын кiредi, жүзi үрейлi.
Тоқтасын. Құрыдық, бауырым,
Егiндiктi өрт қапты.
 
Тоқтамыс. Құрыдық, аға,
Жүрегiмдi дерт қапты.
Тоқтасын. Жинал!.. Қамдан!.. Кетемiз.
Iндет тидi малға да…
Iлерге тұяқ қалмады.
Бәрiн-бәрiн жалмады,
Кету-қашу дұрысы.
Меңсұлудың дауысы. Қос аға?
Тастамаңдар менi де,
Кiмге аманат қос емен,
Кiмге қалар құба тал?..
Әкем менен анашымның ордасы,
Кiмге аманат
Алтын бесiк босаға?!
Тоқтасын. Сен әкелген қарғысқа,
Сен әкелген iндетке
Бәрiн-бәрiн жүкте де,
Бәрiн-бәрiн мiндетте…
Ерке неме өсiрген,
Бiлесiң бе?
Мына зауал
Сен әкелген кесiрден…
Тоқтамыс. Жо-жоқ, аға, Меңсұлуды қалдырман!
Қарындасты зарлатып,
Құрысын өмiр қаңғырған.
Әкетемiз!..
Iштен Меңсұлудың жылаған үнi естiледi. Тоқтамыс
(Меңсұлуға ұмтылып).
 
Жо-жоқ, аға, тоқтаңыз,
Меңсұлуды тастаман.
Зауал iндет басқадан.
Әлгiнде бiр кемпiр кеп,
Сол ма деймiн
Алапатты бастаған?!
Тоқтасын. Айтпа сөздi қайдағы,
Өзен құрғап сайдағы,
Түнге қалсақ бiз ендi,
Тұтылады ай-дағы.
«Зауал, зауал» деген жаңғырық күшейiп, өрт қаулай
түседi. Тоқтамыс пен Тоқтасын алысып жүр.
Таулар быт-шыт болады,
Аспан жерге қонады…
Тоқтамыс. Туған үй?
Тоқтасын. Талақ еттiк үйдi де,
Қарғыс атқан моланы.
Тоқтамыс. Меңсұлу?..
Тоқтасын. Маңдайынан сыз өтiп,
Табанынан бiз өтiп,
Өз күнәсiн өзi қалсын күзетiп…
Талып-талып жеткен сиқырлы күлкi тау-даланы кезiп
жүр.
 
Көк тәңiрi ашынды,
Айбаттанып тасынды,
Жүр, Тоқтамыс бауырым,
Сауғалағын басыңды.
Тоқтасын Тоқтамысты зорлағандай сүйреп алып шығып
кетедi. «Қос аға!» деген Меңсұлудың ащы айқайы солқылға
ұласады. Әлденуақ кемпiр бейнесiндегi Мыстан қайта
шығады. Жан-жағына қарайды. Есiктi ашады. Iштен
дода-додасы шығып жылап, шашы жайылған Меңсұлуды
алып шығады.
Мыстан. Жылама, қалқам, жылама,
Көзiңнiң жасын бұлама.
Меңсұлу (солқылдап).
Қайран да қайран арман-ай,
Опасыз мынау жалған-ай.
Мыстан. Егiлме, жаным, егiлме,
Босама бекер, төгiлме.
Опасыз болды қос ағаң,
Зауалдан қорқып шегiнбе.
Анасыз болсаң – анамын,
Атасыз болсаң – атамын
Ағасыз болсаң – ағамын,
Панасыз болсаң – панамын…
Меңсұлу. Туған үй – ыстық бесiгiм,
Қаңыратып ашып есiгiн,
Тастаман оны, тастаман!
Опа да таппан басқадан.
 
Мыстан. Атама, күнiм атама,
Бармағын деймiн қатаға.
Кетпесек ендi болмайды,
Зауалдың iсi – мол қайғы.
(дауыстап).
Жүр ендi, жаным, жүр, жаным,
Үлкеннiң сөзiн тыңдағын.
Меңсұлу. Қош, аман бол, құба тал!
Қош, аман бол, қос емен,
Қош, аман бол, ата-ана,
Көрiскенше,
Туған үйiм – құндағым,
Қо-о-ош!..
Мыстан мен Меңсұлу ұзай бередi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу