Аңыздар ✍️

  23.03.2022
  105


Автор: Нұрлан Оразалин

Аққұс туралы аңыз - 3 оқиға

Күмбездiң жаны. Меңсұлу. Жалғыз. Гүл, шыбықтарға су
құйып жүр. Бiрiншi оқиғаның жалғасын көремiз.
Меңсұлу (толқып).
Қос қуатым самғаған –
қос ағама таң қалам?..
Сенбес едiм, көз көрдi,
Екеуi де өзгердi,
Қайдағы бiр сөзге ердi.
Бәрi… Бәрi түсiмдей,
Кеулеп жатыр iшiмдi ой.
 
Ақылды едi Тоқтасын,
Ұстамды едi Тоқтамыс,
Қас қағымда ойпырым-ай,
Қалдым түктi түсiнбей?.
Миым тiптi жетпейдi,
Ойымды ойым шектейдi,
Жаңағы бiр сәт-сағат
Көз алдымнан кетпейдi.
(мұңайып)
Үлкен ағам…
Райынан қайтпады.
Рас па әлде
Ақсақалдың айтқаны?..
(Күбiрлеп)
Қыздың жолы – жiңiшке,
Қилы-қиын күн туар дедi-ау…
Күн туғанда басыңа,
Қабағына мұң тұнар дедi-ау,
Көмек сұрап бұлқынар,
Бұлқынар дедi-ау…
Дедi-ау дана қарт…
Меңсұлу гүл, шыбықтарға су құюды жалғастыра жүрiп,
мұңайып ән салады. Тоқтамыс келедi. Келедi де, үнсiз
шетте тұрып, Меңсұлудың әнiн тыңдайды.
Меңсұлудың әнi.
Көгередi көктем гүлi,
Тербеледi қайың әлi,
Сағынышым жеткен күнi
шуақ қырға жайылады.
Көктен жырлар төгiледi
 
жүректерден кеткен үркiп,
Нұрға дала көмiледi
әуен-сазын өткен iркiп.
Көктеменiң мойыл бағы
жайқалады мамырдағы.
Армандардың бойымдағы
басылмайды ән, ырғағы.
Бар сезiмi жер бетiнiң,
көктi кезiп қиялашы,
Көңiлдердi тербет, үнiм,
Жүректерге ұялашы…
Ән барысында Тоқтамыс бiртүрлi өзгерiп, түлеп, сiлкiнiп,
дүниеге өзгеше ояу көзбен қарағандай әсер қалдырады.
Бiрте-бiрте ән сазына мүлдем берiлiп, ән аяқталған кезде
толқып-тебiренгенiн аңғарамыз. Бiрақ көрiнiс бойына сол
қасиетiнен бiрте-бiрте айрыла да бередi.
Тоқтамыс (толқып, тебiренiп).
Бұлбұл үндi қарғам-ай,
Мұңды неткен дауысың?.
Жылаттың ғой жанымды,
Жылаттың ғой тау iшiн?..
Меңсұлу (қуанышты).
Кiшi аға…
Тоқтамыс. Иә, жаным… (Жасқа булығып)
Мен ғой, мен ғой. Сорлы ағаң.
Жолдан шығып сорлаған.
Меңсұлу. Қойыңызшы.
 
Тоқтамыс. Мен ғой, мен ғой…
Осы әлгiнде түсiнбей,
Арманыңды қорлаған,
Бұза алмастан бойдағы
ұрей бұлтын торлаған.
Меңсұлу. Не деп тұрсыз? Қойыңыз.
Тоқтамыс. Бiрге деушi ек ойымыз:
Бәрi быт-шыт болды ендi,
Быт-шыт болды тойымыз…
Меңсұлу (ағасын құшақтап).
Не деп?.. не деп барасыз?
Тоқтамыс. Жүрегiмде – жара, сыз,
Жүрегiмде – дала, сыз,
Кемпiрдi әлгi көргелi
адамдаймын ақылсыз;
Тiрi өлiкпiн қалқиған,
Ақыл-есi жоғалған,
Арман-ойы тоналған…
Меңсұлу (шошына).
Ағажан-ай!
Тоқтамыс. Қос ағаңның жоқ есi,
Жыртылғандай көбесi,
Ойылғандай төбесi,
Көк теңiздiң өрiнде
Қирағандай кемесi…
(Қос қолдап шекесiн ұстап)
Таусылғандай керегi,
Есiм ауа бередi.
 
Меңсұлу. Бiрiң – құлақ,
Бiрiң – ойлы көзiм ең,
Бiрiң – қайрат,
Бiрiң – маған төзiм ең…
Бiрiң – ақыл,
Бiрiң – сүйеу, сезiм ең…
Беу, табиғат. Не дейiн?.
Бәсе…
Бәсе… Сезiп ем…
Бiр сұмдықты сөзiнен
Ақсақалдың манағы.
Тоқтамыс. Iшiм оттай жанады,
Запыран-ой тамады,
Жанарымда – тау асқақ,
Құлағымда – дала әнi
Менен қашып барады,
Миым суып, талады…
Айналайын қарағым,
Аман қалсақ жарады.
(Қос қолдап шекесiн ұстай алады).
Меңсұлу (Құрақ ұшып жүгiрiп)
Бұл не сұмдық? Бұл не күш?
Бұл не сұмдық? Бұл не күш?
Тоқтамыс. Сезiм қашты бағына,
Ақыл қашты тағына.
Сау бол, қарғам, оралдым
Таз қалпыма тағы да…
Меңсұлу. Жо-жоқ.
 
Тоқтамыс. Жүрегiмдi мұздай суық қарады.
Тұла бойым
Тасқа айналып барады.
Не кемпiрден, не шалдан
бiр алапат тарады…
Аман қалсақ жарады…
Тоқтасын келедi. Меңсұлу мен Тоқтамыс оны байқамайды.
Меңсұлу (зарлана).
Ақыл-естен айырар,
Күш-қайратты қайырар
Бұл не сұмдық?..
Тоқтасын (оқыс үнмен).
Бұл – апат…
Төбемiзден жай ұрар.
Тоқтамыс (бетiн басып).
Аман қалсақ жарады…
Миым суып барады…
Тоқтасын (Меңсұлуға).
Бәрi – сенiң кесiрiң,
Бәрi – сенiң зауалың,
Қайда барып айтасың
Сауалы мен жауабын?.
(Ашулы).
Алдыға түс. Бол ендi.
Тый жының мен өлеңдi.
 
Тоқтамыс (өзiмен өзi).
Жүрегiмдi
мұздай суық қарады,
Тұла бойым
Тасқа айналып барады…
Тасқа айналып барады…
Аспан төсiн әлгi бiр үрейлi «сiфу-сiфу» деген жаңғырық
кезiп өттi. Меңсұлу селк етiп, елеңдеп, жан-жағына
қарайды. Естiмеген – Тоқтасын. Тоқтамыс шала естiгендей, бiрақ өңiнен тастап қашқан ақыл-естiң болар –
болмас iзiн ғана көргендеймiз.
Меңсұлу (елеңдеп).
Кеудем неге тiлiндi?
Естисiз бе мына үндi?
Тоқтасын (жан-жағына қарап).
Не деп тұрсыз? Қайдағы үн?
Жұлайын ба тiлiңдi…
Тағы да аспан кезген «сiфу-сiфу» деген үрейлi
жаңғырықты естимiз. Бұл жолы үрейлi жаңғырықты
Меңсұлу ғана естидi. Тоқтамыстың өңiнде – болар-болмас
белгi ғана.
Меңсұлу. Естисiз бе? Әне. Әне. Тағы да…
Тоқтасын. Жылан сенiң жұмыртқалар жағыңа.
Тоқтамыс (мең-зең).
Бәрi-бәрi бүлiндi,
Бауыр етiм тiлiндi.
 
Меңсұлу. Ағажан-ай!
Тоқтасын (Меңсұлуға).
Сен кiнәлi бәрiне,
Жұлғызамын гүлiңдi…
Өз қолыңмен жұласың.
Тоқтамыс (қиналып).
Бәрi… Бәрi… Бүлiндi…
Тоқтасын. Айтқаныма көнесiң,
Дегенiме сенесiң,
Күпiрлiкке бастасаң,
Өз қолымнан өлесiң.
Меңсұлу (шошынып).
Сөзiңiздiң түсiнбедiм
желiсiн.
Не кiнәм бар? Не үшiн?
Тоқтасын. Әуейiсiң…
Көктiң үнiн естисiң.
Естiп тұрып, өстисiң…
Тыңда!
Әне.
Сен үшiн
Солқылдатып келiсiн,
келе жатыр бiр апат,
Жалап-жұқтап ел iшiн.
Алыстан әлдебiр сатыр-сұтыр үн шыққандай болды.
Әлдене айтпақ болып ұмтылған Тоқтамыс екi шекесiн тас
қып ұстап отыра кетедi. Меңсұлу Тоқтамысқа жүгiредi.
 
Ұрып, соғып аспанды,
Әне! Әне! Басталды.
Меңсұлу (Тоқтамысқа, шырылдап).
Не болды, аға?
Тоқтамыс. Бiлмеймiн… Бiлмеймiн.
Меңсұлу. О, жаратқан!
Аспандағы тiлдей Күн,
Кiмге айтамын мұңымды,
Кiмдi қарғап, тiлдеймiн?.
(Тоқтамысты жұлқылап)
Аға! Ағажан!
Айтыңызшы.
Бұл сойқанның айыпкерi
кiм деймiн?.
Тоқтамыс. Бiлмеймiн…
Тоқтасын. Айыпкердi алыстан,
Iздемегiн ғарыштан
Шын айыпкер – өзiңсiң
Құдайменен алысқан.
Осы сәт Тоқтамыс екi қолын шекесiне алып, I-оқиғадағы
жартыкеш, қорқақ қалпына кiредi.
Меңсұлу (шерлi үнмен).
Қайдан келдi бұл қайғың?
О, жаратқан!..
 
Тоқтасын (Тоқтамысқа).
Жи естi! Жұл шыбықты.
Тоқтамыс. Жо-жоқ. Жұлмаймын…
Меңсұлу. Қайдан келдi бұл қайғың…
Тоқтасын. Кеще неме, жұл деймiн.
Тоқтамыс. Ж-жұлмаймын…
Тоқтасын. Жұласың.
Тоқтамыс. Жұлмаймын.
Меңсұлу. О, жаратқан,
Қайдан келдi бұл қайғың?
(Тұмарын алып, қарайды).
Ақсақалдың дауысы естiледi.
Ақсақалдың дауысы.
Аз қайғыға алданбай,
Көп ырысқа малданбай,
Ғұмырыңды кеш, қызым,
Жiгерсiзге жалғанбай,
Жетесiзге жалданбай…
Сұраушысы тұмардың –
Елге түсер мұнар күн…
Меңсұлу тұмарын жасырып, ағаларына жақындайды.
Меңсұлу. Ағажан.
Тоқтасын. Дегенiме жүресiң.
 
Меңсұлу. Жүрейiн.
Тоқтасын. Айтқаныма көнесiң.
Меңсұлу. Көнейiн.
Тоқтасын. Артық сөздi тыясың.
Меңсұлу. Тыяйын.
Тоқтасын. Құлағыңа құясың.
Меңсұлу. Құяйын…
Құдай үшiн, қойыңдаршы керiстi,
Сендерсiз де керiсуде жер үстi:
Айыра алмай оң-солын,
Тани алмай
дұрыс пенен терiстi…
керiсуде жер үстi…
Тоқтасын. Қазақ атам…
Жаңғыртпаған моланы,
Күлкi ете алман
Ата-ананың «ұясын»…
Бәрiн…
Бәрiн…
Өз қолыңмен қиясың,
Өз қолыңмен жиясың.
Меңсұлу. Жо-жоқ. Аға…
Тоқтасын. Доғарғын..
Кесiп айтам:
Ұнамайды бұл iсiң,
Ұнамайды жүрiсiң.
 
Меңсұлу. Айтпап па едi дана қарт…
Тоқтасын. Дана қартың құрысын.
Айтқаныма көнбесең,
Ортаяды ырысым,
Молаяды мазағым,
Көбейедi азабым…
Меңсұлу. Тани алмай өзiңдi,
Тани алмай сөзiңдi,
Түршiктiрiп жанымды,
Жүрегiмде сазды үн…
Күтсiн мейлi
Қилы-қилы күн алдан,
Гүл, шыбықты жұла алман.
Тоқтасын. Айдатамын.
Меңсұлу. Еркiңiз.
Тоқтасын. Байлатамын.
Меңсұлу. Еркiңiз.
Қ а р а ң ғ ы л ы қ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу