Аңыздар ✍️

  23.03.2022
  251


Автор: Нұрлан Оразалин

Аққұс туралы аңыз - 2 оқиға

Қарақұстың түнгi ордасы. Әр-әр жерде жағылған шырақтар. Сиқырлы айнакөл алдында иығына сауысқанның ала қанатын жамылып мыстан кемпiр отыр. Әлсiн-әлсiн секiре шоқақтап, айнакөлге қарайды. Алақанын үйкелеп, әлденелердi күбiрлейдi.
 
Мыстан (өзiмен өзi).
Сайра! Сайра! Қақпасым…
Тiл мен жақты безегiн,
Ұстар бақыт қақпасын,
Келдi менiң кезегiм.
Жетер!..
Жетер!.. Басындың…
Көп замандар тасындың..
Қанша күттiм сәтте осы.
Күте-күте басылдым,
Күте-күте ашындым…
Мыстан орнынан тұрып, айнакөлдi айналып жүгiре
бастайды. Сахнаны «Сiфу-сiфу» деген жаңғырықтар кезiп
кетедi.
Даладан ысқырған дауыл үнi жеткендей болады. Мыстан
ала қанаттың iшiне тығылып, бүрiсе түседi. Қалқып ұшып
қос көлеңке келедi.
1-көлеңке. Алақанат, мыстеке,
Тәңiрiмiз келедi.
Қандай ашу қысты екен,
Жүйткiп қатты желедi.
2-көлеңке. Ойбай, келiп қалды қожекем…
(қолын көлегейлеп).
Дәл айтасың, өзi екен.
Екеуi де тiзерлеп, тағзым жасап отырыса қалады.
Үрейлi дауыс күшейе түседi.
Мыстан (күбiрлеп).
Астапыралла, сақтай көр,
Сексен пiрiм, жақтай көр! (жасырынады).
 
Қарақұс (ақыра дауыстап).
Қайда мыстан? Қайдасың?
Тұмарыңның пайдасын
Басқалар неге көредi,
Асырып бiзден айласын?!
Уа, мыстан!
Қайдасың!?
Ә, кәрi мыстан…
Сауысқан!
Жер әлемдi тауысқан.
Бұқпағын!
Жаның барда шық кәнi!..
Үнсiздiк.
Көлеңкелерге қолын сiлтейдi. Екеуi де кетедi.
Арқа етiңдi арша қып,
Жөнелтейiн келмеске.
Мыстан көрiнедi. Жылыстап басып Қарақұстың ту
сыртынан келедi.
Мыстан. Көк иесi – Қарақұс,
Пiрiм менiң, тәңiрiм.
Келiп тұрмын тыңдауға
Қандай бүгiн әмiрiң?
Қарақұс. Доғар сөздi, алқынба?!
Мыстан (ығысып).
Ақ ордаңыз қалпында,
Тыныш момын халқың да.
 
Тәжiңiз бен
Тағыңыз да сақтаулы
Суарылған алтынға…
Мыстан (үрейлi бүрiсiп).
Бүйткен өмiр құрысын,
Отыңызбен кiргенде,
Күлiңiзбен шыққанда,
Қасыңызда жүргенде,
Жауыңызды жыққанда…
Осы ма едi көрмегiм?
Қарақұс (босатып).
Жау? Қайдағы жау тағы да?
Мыстан. Сүйiншi… Тұмар табылды…
Қарақұс. Тұмар?
Мыстан. Ие, тақсыр.
Сындырмаңыз сағымды…
Айдамаңыз келмеске…
Байламаңыз бағымды.
Қалған қысқа ғұмырды
өткiзейiн
Күзетумен тағыңды…
(Жер бауырлап құлай кетедi).
Қарақұс. Тұр!..
Тұр, мыстаным… (Басынан сипап).
Кештiм бәрiн… Тырмыспағын.
 
Қайда тұмар?
Сайра, сағым, тiзе бер,
Тұмарды алсақ бiз егер…
Тас та, сай да, қуыс та,
Жер де, көк те – уыста!..
Бәрiн, бәрiн илеймiз,
Тек өзiмiз билеймiз…
Қарақұс пен Мыстан асыр салып билей бастайды.
Басылсын бiр құмарым,
Айтшы, мыстан,
Кiмде?
Қайда?
Қасиеттi тұмарың?
Мыстан. Көгiс таудың өтiнде,
Керуен жолдың шетiнде.
Ескi лашық түбiнде,
Меңсұлудай
Ару, сымбат жетiмде.
Қарақұс. Ха-ха-ха-ха…
Меңi бар ма өзiнiң?
Мыстан. Дәл төрiнде маңдайдың,
Суын алар таңдайдың,
Қара ноқат бары рас,
(Арбай дауыстап).
Сiзге ғана жарасар,
Басқаларға дарымас…
 
Бiр сәт сахна төрiнде Ақсақалдың соңынан қол бұлғап
тұрған Меңсұлуды көремiз.
Қарақұс (қолын ұқалап).
Хордың қызы перiште.
Мыстан. Батырларды бастайтұғын ер iске.
(Арбай дауыстап).
Уа, тәңiрiм! Айтыңызшы,
Осы сөзiм терiс пе?!
Қарақұс. Дұрыс! Дұрыс! Бұл сөзiң… (әсерленiп).
Апыр-ай, тұлғасын айт, тұлғасын,
Құлақтағы сырғасын…
Бота жанар, бұғағы…
Мыстан (арбай түсiп).
Мына сәндi сарайға
Керек, керек,
Дәл осындай ұрғашы
Сiзге ғана тең келетiн бiр басы.
Қарақұс. Бол! Жиналғын сапарға,
Жетiншi таң атарда…
Жо-жоқ, кеште…
түнде айлы,
Меңсұлуды әкелесiн шаіарға.
Арбайсың ба? Еркiңде.
Тұмары мен сұлуды
Әкелесiң сен түнде…
Мен де жетем…
 
Мыстан. Құп, тақсыр.
Қарақұс. Тұра алмасаң сертiңде…
Көрер күнiң еркiмде…
Мыстан. Тақсыр…
Қарақұс. Жә-жә, таусылма?!
Ескертемiн: ұққайсың,
Уысымнан шықпайсың. (Әлдене айтпақ
болған Мыстанды киiп әкетiп)
Қанатты жай сапарға!
Көрiскенше…
Жетiншi таң атарда,
Жолығайық шаіарда… (Ұшып кетедi).
Қ а р а ң ғ ы л ы қ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу