Аңыздар ✍️

  23.03.2022
  326


Автор: Нұрлан Оразалин

Аққұс туралы аңыз - 1 оқиға

Аңызға қатысушылар:
Меңсұлу – дала аруы
Тоқтасын
Тоқтамыс – Меңсұлудың ағалары
Ақсақал – дана қарт, керуен басы
Мыстан – кейде ала қанат сауысқан кейiпiнде
көрiнедi
Аққұс – құтқарушы
Қарақұс – жәбiрлеушi
Ақ гүлдер – қарақұс ордасының тұтқындары
Көлеңкелер – қарақұс ордасының күтушiлерi мен күзетшiлерi
Оқиға естен көшкен ескi күндердi еске салар көңiл төрiнде өтедi.


 


ПРОЛОГ
Дала…
Көсiлген ұлы Дала. Алыстан көзге емiс-емiс тау шыңдары шалынады. Түйелi көштiң қоңырауы естiледi. Қоңырау
үнi жақындай түседi.
Ақсақал шығады. Жан-жағына көз тiгiп, қалтасынан
тұмарын алады.
Ақсақал: Уа, әдiлеттiң тұмары!
Менен талай ән қалды,
Менен талай шаң қалды,
Өткен өмiр – аққан су…
Жолды-жолға жалғаумен.
Менен талай кеш қалды,
Менен талай таң қалды.
Алақанат сауысқан кейiпiндегi Мыстанның бейнесi ұшып
өткендей әсер кешемiз. Ақсақал қолынан түсе жаздаған
бойтұмарды қармап қалады.
(Тұмарды кеудесiне қысып)
Асырмақ боп айлаңды,
Талай жерде сайландың,
Ә, қу мыстан!..
Бiрақ жаным аманда,
Бұл тұмарды әмәнда,
Бұйыртпаспын
Жәдiгөй мен Жаманға…
 
Мыстан үнi. Хи-хи-хи!..
Сiфу-сiфу, егер бiз
аман жүрсек, көрермiз.
Саспа, шалым, ойлама,
ақылыңды айламенен жеңермiз.
Жеңермiз!
Жеңермiз!
Ақсақал. Ол айлаңа көнбеспiн,
Көнбес үшiн көл кештiм,
Көнбес үшiн сел кештiм,
Көнбес үшiн шөл кештiм,
Тауларымды көтерiп,
Далам үшiн от өрiп,
Жауларыммен белдестiм.
Мыстанның өзi көрiнедi
Мыстан. Қозғай берме өткендi,
Күнiң сенiң өттi ендi.
Керуенiңдi доғар, шал,
Хи-хи-хи!
Ақсақал. Белдесемiн әлi де,
Шөл кешемiн әлi де!..
Мыстан. Баяғыда шөл кештiң,
Баяғыда сел кештiң,
Әдiлет деп аттандап,
Баяғыда белдестiң.
Ақсақал. Аулақ!
Аулақ, бермеспiн! Бермеспiн!
 
Мыстан. Сенсiз де, шал, сөнбес күн,
Айы құлап, өлмес түн.
Құр ақылмен
алдамағын халықты,
Сенбес…
Сенбес…
Құрғақ сөзге ендi ешкiм.
Жеткен жерiң – осы ара,
Бекем бол, шал, босама.
Тiрлiк заңы – өзгеру,
Өмiр бiздi тоса ма?!.
Тоспайды…
Құрғақ ақыл – бос қайғы…
Тұмарыңды бер бiзге…
Ақсақал (тұмарын қыса түсiп).
Жо-жоқ!
Жоғал, бермеспiн!
Арбауыңа көнбеспiн.
Мыстан. Ала арқанды
аттамайтын жоқ пенде,
Мәңгiлiк жоқ… Өлмес кiм?!
Ақсақал. Бермеспiн!
Арбауыңа көнбеспiн.
Аманыңда бұл тұмар
Зауал бұлтын төндiре алмас
Жерге ешкiм.
Тұмарымды тапсырамын адамға
адал жүрек,
Шуағы мол заманға…
 
Осы сәт көк төсiнде қатар көтерiлiп, қарсы ұшқан
Аққұс пен Қарақұсты көремiз. Екеуi аз-кем уақыт арбасып
тұрады да айқаса кетедi.
Мыстан. Сiфу!.. сiфу!.. Көрермiз.
Алысармыз, айла асырып, жеңермiз…
Ақсақал. Көрермiз.
Мыстан. Тұмарыңды алармыз,
Далаңа ойран салармыз,
Бiрiңменен бiрiңдi
атыстырып, шабармыз.
Есiн алып елiңнiң,
Суын алып көлiңнiң,
Жер бетiне себермiз
тарқамайтын желiм мұң.
Көктен жасын төгермiз,
Әуселеңдi көрермiз.
Аспан астын тiзгiндеп,
Түбi бәрiн жеңермiз…
Ақсақал. Жо-жоқ!
Азап, мехнат шегермiз,
Жерге бақыт егермiз,
Зауал бұлтын аластап,
Шуақ, нұрды себермiз…
Гүл көмкерiп еңiстi,
Жасаңғырап жер үстi,
Келер ұрпақ жеткiншек
Керiм көңiл, келiстi.
 
Мыстан. Жеңермiз! (Кетедi).
Ақсақал. Көрермiз! (Үнсiз қалады).
«Жеңермiз!..», «Көрермiз!..» деген үздiк-создық жаңғырықтың дүмпуi алыстай бередi. Ұрыс аяқталған. Екi
құстың екеуi де жаралы. Қарақұс қара түннiң құшағына
сiңедi. Аққұс аспанға – Күнге ұмтылатындай.


 


БIРIНШI БӨЛIМ
Бiрiншi оқиға
Көкжиектi шапағымен сүзiп, баяу көтерiлген дөңгелек
Күндi көремiз. Аққұс қанатын ауырсына қағып, Күннiң көзiн
бетке алады.
Күмбез. Ашық аспан.
Күнге қол созған шыбық-талдың жас бұтағы мен
қызылды-жасылды гүлдердi көремiз. Гүлге су құйып жүрген
Меңсұлуды көремiз. Құлаққа ән жетедi.
Меңсұлудың әнi. Таң алдында гүл тұнғанда,
Нұр-сәулеңдi төкшi, Күнiм,
Далам менiң құлпырғанда,
Жайқалып өс, көк шыбығым,
Жанға тыным бермейтұғын,
Көңiлдегi көп армандай,
Жұмыр жердi тербейтұғын,
Жаңғырып өс көк ормандай…
Сезiмдейiн бал-бұл атқан,
Кеудеме жыр екшi бүгiн,
Су құяйын бал бұлақтан,
Жайқалып өс, көк шыбығым…
Ән әулеп барып үзiледi. Жаралы Аққұс көрiнедi.
 
Аққұс (ауырсынып).
Дала перизаты…
Меңсұлу. Дала қыран, сенбiсiң?
Түсiмде көп көретiн Аққұсым…
Аққұс. Әнiң әсем екен…
Бойыма оралғанда Сең-күшiм…
Меңсұлу Аққұстың аузына су тамызады. Бiр сәт күн
көзi шырайланып, гүлдер мен тал-шыбық сiлкiнiп, еңсе
көтергендей болады. Ақсақал шығады. Бәрi үнсiз, бақылап
тұрады.
Рахмет…
Аққұс қалқып, көкке көтерiледi.
Аққұс. Сау бол, жер үстi перизаты,
Саған… Саған… Мың алғыс.
Меңсұлу. Неге? Не үшiн?
Көктi кезген, қыран құс?
Аққұс (алыстап).
Әнiң үшiн ем болған,
Мың алғыс…
Меңсұлу (таңданып).
Әнiң үшiн?
 
Аққұс. Иә. Арың үшiн дем болған,
Мың алғыс!..
Әнiңдi мұң шалмасын,
Арыңды кiр шалмасын.
Са-ау-у- бол, қарындасым! (ұшып кетедi).
Ақсақал (толқып).
Тауып айттың, шырағым!
Армысың, қызым…
Меңсұлу (жалт қарап).
Армысыз, ата… Сiз кiмсiз?
Ақсақал. Керуеншiмiн… Жолшымын…
Меңсұлу. Жан азығы жолшының –
шөлдегенде шөл басатын торсығы.
Мекенiмiз… (Иегiмен нұсқап)
Етектегi құба тал мен қос емен…
Ақсақал. Е-е-е-…
Әкең менен анаң марқұм
ордасы едi молшының…
Аман шығар
Алтын орда босағаң?
Рахмет, ата аманбыз…
Ақсақал (қолын көлегейлеп).
Жолаушылап кеткен бе?
Қайда?
Көрiнбейдi қос ағаң?
 
Меңсұлу. Қабырғалы тауыстай
бәрiн қайдан бiлiп тұрсыз осының?
Ақсақал. Төрiн жайып қосының,
Әкең марқұм айтатын:
«Өз қолыммен қададым,
Құба талым – Меңсұлу,
Қос еменiм – қос ұлым», – деп.
Меңсұлу (қуана толқып).
Қадiрлi, ата, жүрiңiз,
Қонағымыз болыңыз,
Алтын бесiк – ордамызға қоныңыз.
Ақсақал. Жо-жоқ, қызым, қона алман,
Төрiңде де бола алман.
Уақыт тар. Амал жоқ.
Күтiп жатыр жол алдан.
Меңсұлу. Әттең, ата…
Ақсақал. Жол-қайғы,
Кешiккенге – жол қайғы,
Өмiр атты керуендi
Қаңтаруға болмайды.
Меңсұлу. Қос ағам да келе жатыр, әнеки…
Тоқтасын мен Тоқтамыс шығады. Тоқтамыс ашулы.
Тоқтасын. Бұл қыз ба?.. Бұл қыз оңбайды,
Айтқан сөзiң қонбайды…
 
Меңсұлу. Ағажан-ай!..
Не жаздым?..
Тоқтасын. Не жаздым?!
Ел аман, жұрт тынышта,
Басқа шықты құрт-құмырсқа…
Мазақ еттiң елге сен,
Сұра жұрттан, сенбесең…
Ақсақал. Сабыр! Сабыр ет, шырағым!..
Тоқтасын. Сiз кiмсiз? (Тоқтамысқа)
Жұл шыбықты!
Таптатпаймын намысты!..
Шулатпаймын
Өлi аруақтың құлағын…
Тоқтамыс. М-мен бе?
Тоқтасын. Иә, сен… Қалқанқұлағым!..
Меңсұлу. Ағажан!.. (Тоқтамыстың жолын кеседi).
Тоқтасын. Намыс!.. Намыс!..
Меңсұлу (шыбықты қорғаштап).
Жұлдырмаймын. Жалғызбын.
Тоқтасын. Шығар… Шығар бұл қыздан…
(Тоқтамысқа).
Әй, қалқанқұлақ, не дедiм?!
 
Меңсұлу. Керек, ата, көмегiң…
Тоқташы, аға, тоқтағын.
(Ақсақалға).
Ұлы өмiрдiң көрген талай соқпағын,
Айтыңызшы,
Мына даудың тоқтамын.
Тоқтамыс. Қап!
Өлтiрдiң-ау табадан.
Бейтанысқа сөз салып,
Алмақпысың жағадан…
А-а?..
Жоқ!..
Арашаға тұра алмайды
ендi ешкiм…
Абыз түгiл, аллаңа да көнбеспiн.
(Ұмтылып).
Жұлғызамын! Жұламын!
Сенiң маған ұнамайды бұл әнiң.
Меңсұлу. Ағажан!
Неге? Не үшiн?
Тоқтасын. Өсек кеулеп келе жатыр ел iшiн.
Күлмес жерде – күлесiң,
Жүрмес жерде – жүресiң,
Есi ауысқан жандайын,
Жалғыз жүрiп ән саласың,
Қыр кезесiң әр дайым.
Күнменен тiлдесесiң,
Түнменен тiлдесесiң,
Әуейiдей шаттанасың,
Бiресе мұң кешесiң.
 
Меңсұлу. Әнiм – шаттығым емес пе,
Мұңым – пәктiгiм емес пе,
Көк шыбық – көңiл, сезiмiм,
Жерге деген ақтығым емес пе,
Ағажан?!.
Ақсақал. Сабыр, қызым,
Сабаңа түс, аптықпа,
Сен де, ұлым, шаптықпа.
«Ашу – дұшпан» бiлгенге,
Ағайынды алыстатар бiр демде.
Тоқтасын (аңтарылып барып).
Ақсақал, килiкпеңiз.
Зәру болып тұрған жоқпыз…
Билiкке бiз…
(Меңсұлуға) Жүр үйге!
Меңсұлу. Айыбым – арманым ба?
(Ақсақалға)
Айтыңызшы, қателiк бар ма мұнда?
Тоқтасын. Жә, доғар!
Аттатпай қарға адымға,
Үйде сенi ұстамаса болмайды.
Тоқтасын Меңсұлуды қолынан ұстап, сүйрейдi.
Меңсұлу. Ағажан!..
Тоқтасын. Аға сөзiн аттаған қыз оңбайды.
Аттар болса, өзi түбi сорлайды.
Осы әлгiнде бiр қарт ана кездестi:
«Әуейiлiк болар, – дедi, – сор-қайғы».
 
Ақсақал (елеңдеп).
Кемпiр?
Қай арадан жолықтың?..
Тоқтамыс. О-осы… Ж-жаңа ғана…
Дәл аузынан қорықтың.
А-атажан, сөзi жаман… Қорықтым…
Тоқтасын (Тоқтамысқа).
Кеще неме, намыссыз…
Қорқар болсаң, әулие емес, әуелi,
(Меңсұлуды нұсқап)
Мына тұрған әуейiден қорыққын.
Жұл шыбықты! Лақтыр!
Просцениуммен көзге көрiнбес Мыстан бейнесi өтедi. «Сiфу-сiфу» деген үрейлi жаңғырық. Ақсақал ширыға
қозғалып, Меңсұлуды арашалайды.
Ақсақал (қатқыл үнмен).
Тоқта, ұлым!
Көкейiмде сұрақ тұр:
Сөз анасы – мұрат деген,
Дау анасы – сұрақ деген,
Көне-көне күндердiң нақылы бар,
Кейiнгiге қалдырған ақылы бар.
Айтшы, анаң кiм?
Тоқтасын. Өлген.
Ақсақал. Әкең ше?
Тоқтасын. Көмгем…
 
Ақсақал. Қайда?
Тоқтасын. Екеуiн де
Қасиеттi қара жерге бергем…
(тағатсыздана). Болдыңыз ба?
Ақсақал. Жөн менен жолды бұзба,
Сақалымның ағын сыйла,
Тыңдағын.
(Қолымен етектi нұсқап).
Ұлым! Ана көрiнген немене?
Тоқтамыс (қолын көлегейлеп).
Төбе ме?!
Ақсақал. Жоқ. Сол төбенiң етегiнде
Бұйдалы жiп бар жетегiнде,
Жалғыз үмiт, қос арман…
Тоқтасын. Көрсем – көзiм ақсын.
Тоқтамыс. Мен де… – А-атажан…
Меңсұлу. Бұйдалы жiбi – жол болар
Көрер күнi мол болар.
Жалғыз үмiт – Меңсұлу,
Қос арман – қос аға,
Әкеден қалған босаға,
Анадан қалған босаға…
Ақсақал (толқып).
Көрдiң, қызым, дәл көрдiң,
Қуат бердiң,
Сенiмiме әл бердiң.
 
Тоқтамыс пен Тоқтасын бiр-бiрiне қарасады.
(Тоқтасынға)
Анаң еккен құба тал,
Әкең еккен қос емен.
Ұлым! Мықты болсаң,
құлат ал,
Көгерер ме көсегең?..
Тоқтамыс пен Тоқтасын үнсiз.
Бүрiн жарып аршылып,
Мынау өскiн, тал-шыбық –
Жалғыз үмiт, қос арманның жалғасы,
Қалай қолың барады?
Қайтiп қана жасамақсың таршылық?..
Үнсiздiк.
Мына шексiз ғаламда,
Заманда… Заман… Заманда…
Жерiң, суың аманда,
Нелер сұрақ жауапсыз
Жұмыр басты адамға..
Жауапсыз тұрасың ба,
Шыбықты жұласың ба,
Ар жағын, ендi, бiл өзiң?!
Тоқтасын Тоқтамысқа ымдайды.
Тоқтамыс. Жо-жоқ…
Б-батыр болсаң, жұл өзiң.
 
Тоқтасын. Кеще неме!..
(Меңсұлуға).
Бұл қыз ба?.. Бұл қыз оңбайды,
Айтқан сөзiң қонбайды… (Кетедi).
Әрi-сәрi боп сәл тұрады да, соңынан Тоқтамыс та
кетедi.
Меңсұлу (толқып, қуанышты).
Рахмет!
Рахмет сiзге, атажан.
Қос ағаны қайырдыңыз қатадан.
(Күнге қол созып).
Беу, Дөңгелек Күн, шебер Күн,
Арманымнан көз жасты да төгермiн.
Өтiнерiм – жылуыңды сөндiрме,
Нұр сәулеңдi жотасына төк өрдiң.
Өзенге төк, көлге төк,
Шуағыңды елге төк,
Шуағыңды жерге төк… (Ақсақалға иiлiп
тағзым етедi).
Ақсақал қалтасынан балақбаулы бойтұмарды суырып,
Меңсұлудың мойнына iледi.
Ақсақал. Қыздың жолы – жiңiшке,
Қилы-қилы күн туар,
Күн туғанда басына,
Қабағына мұң тұнар,
Көмек сұрап бұлқынар,
Кызым!..
Кезiккенде мұнар күн,
 
Қалтасында тұмардың,
Оймақтайын құлып бар,
Бармақ бас та жұлып қал.
Қас қағым сәт уақытта,
Кенелерсiң бақытқа.
(Маңдайынан сүйедi).
Бiрақ… Бiрақ… Абайла!
Асықпағын қалайда.
Жүрек тербеп, бойлағын,
Баспас бұрын құлыпты,
Елдiң қамын ойлағын,
Баудың қамын ойлағын,
Бала қамын ойлағын,
Ана қамын ойлағын,
Дана қамын ойлағын,
Дала қамын ойлағын,
Орманыңды ұмытпай,
Арманыңды ұмытпай,
Көлдерiңдi ойлағын,
Шөлдерiңдi ойлағын,
Белдерiңдi ойлағын…
Аз қайғыға алданбай,
Көп ырысқа малданбай,
Ғұмырыңды кеш, қызым,
Жiгерсiзге жалғанбай,
жетесiзге жалданбай…
Ойыңа адал бола алсаң –
Өзiңе адал болғаның,
Өзгеге адал болғаның,
Салтыңа адал болғаның,
Халқыңа адал болғаның,
Ойлап-ойлап, толғағын,
 
Тек адалды қолдағын,
Тек адалды қорғағын,
Сақтайтұғын ел бағын
Ақ тұмарың қолдағы…
Сол үшiн де ойлағын,
Жүрек тербеп, бойлағын,
Баспас бұрын құлыпты,
Ашпас бұрын тұмарды,
Халық қамын ойлағын.
Сұраушысы тұмардың –
Елге түсер мұнар күн,
Жерге түсер мұнар күн,
Мұнар күндi дәл тауып,
Үдесiнен шық ардың…
Кездескенде мұнар күн,
Ұмытпасаң тұмарды,
Ұмытпассың атаңды…
Бердiм, қызым, батамды.
Әумин!
Ақсақал ұзай бередi. Меңсұлу толқулы. Қолын бұлғайды. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу