Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  98


Автор: Нұрлан Оразалин

МАХАББАТ ИДИЛЛИЯСЫ

Трамвайдың дүрсiлi қарсы аққанда,
шулы қала тiрлiгi шаршатқанда –
кетiп қалғың келедi Алатауға,
кiсi аяғы бармайтын тар шатқалға.
Көк сағымы көшетiн аласа қыр,
көз алдыңа елестеп алаша, құр,
көк шыршалы аңғарға жасырынып,
ғұмыр кешкiң келедi далаша бiр.
Шарап iшiп, қыздырмай босқа қанды,
хрустальдың орнына тостағанды
ернеулетiп, толтырып қымызбенен,
жантайғың бiр келедi бастап әндi.
Ал сонан соң…
Сонан соң жағып арша,
ырым жасап, ыс салып, «тағыларша»,
ақ боз түндi «аластап» бұзық ойдан,
қоңырауын көңiлдiң қағып алсақ…
Ақ шатырды қондырып ықтасынға,
түтiн иiскеп, қақалып от басында,
Адам-ата, Хауа-ана… Отырар ма ек,
сенен өзге ешкiм де жоқ қасымда.
Сақинаны қолдағы алмастырып,
ләззәтi мол сәттердi жалғастырып,
 
Алатауды куә қып жалғыз ғана,
төрiмiзде отырған малдас құрып.
Көз алдыңа елестеп алаша, құр,
қараша үйлi қол бұлғап аласа қыр,
Жиренше мен Қарашаш болып кейде,
ғұмыр кешкiң келедi далаша бiр.
Трамвайдың дүрсiлi қарсы аққанда,
шулы қала тiрлiгi шаршатқанда –
ұшып кеткiң келедi қос аққудай
қанаттасып,
Махаббат аңсатқанда…
наурыз, 1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу