Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  95


Автор: Нұрлан Оразалин

МАХАББАТ ТҮНI

 Сенiң әнiң жазғандай құрысымды,
сенiң әнiң ашқандай тынысымды,
бейуақытта жеттi де мазасыздау,
сенiң әнiң бiр тәттi мұң ұсынды.
Шыңырау ма? Шыңғырған мұзарттар ма?
Ұшырар ма?
Белгiсiз, тұзақтар ма?!.
Аязымен ақпанның келдiң қайдан,
наурыз туа келетiн, ұзақ қарға?!
Желiктiрдiң, жебедiң, мүйiздедiң,
жүрегiмдi жұлмалап күй iздедiң.
Аясаңшы, апыр-ай, тоқтасаңшы,
менiң жаным илейтiн киiз бе едi?!.
Өре тұрып, түндерде ойды кескен,
бiр шықпай-ақ қойдың-ау, қойдың естен.
Бағым, сорым болсаң да, шыныңды айтшы,
қай бағыттан келдiң сен?..
Қай күнестен?..
Батыстан ба?
Төркiнiң – Шығыстан ба?..
(Қас пен көзден не жетсiн ұғысқанға).
Ғашықтардың елiнде есеңгiреп,
жүргендеймiн бiр ғажап «Мұңыстанда»…
10 қаңтар, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу