Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  343


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚЫЗЫР ҚОНҒАН ҚОРҒАЛЖЫН

Смағұлға
Қойыны толған әнге, толған жырға,
Қиқулап құс базары болған жылда,
Елдік пен ерліктің құт мекеніндей,
Ежелден қызыр қонған Қорғалжынға!
 Халқына сыр арнаған, жыр арнаған,
Сан талант түлеп ұшқан бұл арнадан:
Қақ жарған қара қылды билер өтіп,
Тұлпарын талай батыр тұмарлаған!
Орда сап мұнда Тәуке, Көшім хан да,
Ұзатқан Абылай хан көшімді алға!
Өнердің өлмес рухын сыйлаған ел –
Рәбиға, Дәулет, Кенже, Қосымжанға!..
Мекені асыл ана, дана шалдың,
Арқауы керемет күй, тамаша әннің,
Өнердің қоры үзілмес Қорғалжынның –
Бір тұсы Жантеке мен Қарашалғын!..
Шыңдаса өмір атты ұлы майдан,
Ұрпақтың үзіледі жыры қайдан?
Жалғасқан ізгі дәстүр бабалардан,
Жантелі, Құлтума мен Бұғыбайдан...
Сырлы ақын қанып ішкен бұл қайнардан,
Туған жер құшақ жайып тұрмай ма алдан?
Туған соң Қорғалжынның қойнауында,
Кеудесі талантты ұлдың жырға айналған.
Шалқыған ақын жаны Теңіз кейде,
Толқындай сапырылысқан сезім бейне.
Түлегі құс қанатты өрге самғап,
Күмбірлеп күй төгеді қобыз-кеуде!..
Кеудесін шалқар шабыт кернегенде,
Төгілер жыр-аңыздар пернеден не...
Сырларын ұғып елдің сырбаз ұлы,
Алтынмен аптап қайта берген елге!
Сырбаз жан туған елдің шын айбыны,
Тәңірден ел тілеуін сұрайды ұлы:
  Толқыны толастамай Қорғалжынның,
Тынымсыз шарқ ұрады жыр айдыны!..
* * *
Құлагер туған Көкшеден, –
Мен де бір елдің Торысы ем;
Жеттім бе өрге көксеген, –
Тағдырдан сұра оны сен...
«Халықтың жауы» – болды әкем,
Елгезек елге болды анам:
Солар ғой салған жолға кең,
Бергендей «сабақ» ол маған...
Ертегі сөзге ұйып тек,
Қозысын жайған балаша:
Бетегеден сәл биік боп,
Жусаннан болдым аласа...
Жегілдім шаруа қамына,
Елпілдеп ерте, кешке де;
Талпындым талмай бағыма, –
Келмеді оңай ештеңе...
Кескем жоқ жолын ешкімнің,
Қызғанбай бағын басқаның;
Жыр болып қана естілдім,
Ұмытып кейде бас қамын...
Талқыға жалғыз көнсем де,
Қамқоршым аз боп басқадан;
Қиянат кейде көрсем де,
Қол созды небір жақсы адам...
Өтеусіз талай еңбегім, –
Өзеуреп кеуде қаққам жоқ;
Бабалар сырын зерледім,
Асылым осы тапқан көп!...
 Халқымның жоғын іздедім,
Еліме мен де олжа сап;
Шиырлап баба іздерін,
Ұрпаққа өшпес жол жасап!..
Мен емес тарпаң ғасырда, –
Айламен алдын болжаған...
Тап болдым талай тасырға,
Құр қалып несібе, олжадан?!.
Шығандап асар шақта өрден,
Жүргенде шыңды нысанға ап:
Тасбауыр жандар тап келген, –
Тізгіндеп бақты, тұсаулап?!.
Барғам жоқ топқа шақырмай,
Жерім жоқ жөнсіз төрге озған;
Таңымды бірі атырмай,
Табылды бірі ор қазған...
Өлеңсіз өмір – кенеусіз,
Ақынның жыры халқы үшін!..
Елуім өтті – елеусіз,
Алқынып жетті алпысым!..
Әйтеуір, жұртым дін аман,
Алаңдап келсе алпысым;
Мен емес бәйге сұраған,
Көрерміз тағдыр талқысын...
Жарыста болар кім үстем,
Жүлдеге қолын созады ел;
Жаңылмай, Торым, жүрістен,
Құлагер тағдыр, оза бер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу