Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  324


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚИЯДАҒЫ ҚАРАҒАЙЛАР

Қорғанбекке
Түлеген Зерен-таудың ұясында,
Сұңқарлар шыңдалады, сiрә шыңда:
 Қайыспас қайсар мiнез Қарағайлар, –
Өрлеген тасты жарып қия шыңға!
Кез болса дауылға да, жауынға да,
Пiр тұтқан сол бiр зерен тауын ғана;
Желпiнтіп желегiмен бар алапты,
Жұтады жұпарынан ауыл, дала!..
Желден де, жемiрден де қорғаламай,
Өрлейдi биiк шыңға сол қарағай;
Марқайып тұлғасына дос-жарандар,
Маңына шуақ тұнып, толған арай!..
Тамыры қанып iшсе мың қайнардан,
Жас өркен оны көрiп қылмай ма арман:
Шабытын шайқап самал, шанағын – жел,
Кеудеде күмбiрлеп күй жырға айналған!..
Жасымай жай отынан жарқыл қаққан,
Сабаз-ай, сал-серiнiң салтын баққан;
Өрлейді өршеленіп құз басына,
Төрелік сұрап көкте алтын тақтан!..
Өзі де көкке, көпке үйiр едi,
Қаумалап, құмар болған дүйiм елi;
Самырсын, емендермен еңсе тiктеп,
Қасқиып тұрғанына ел сүйiнеді!
Жатса да дауыл ұрып, тұман көмiп,
Мыңқ етпес – құстар ұшып, қыран қонып;
Қайыспас қиядағы қарағайлар, –
Халқыңа тарала бер жыр-ән болып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу