Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  114


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАЙСАҢ ЖАН

Ақмола аз уақытта ел астанасына айналды. Оған осы өлкенің елі мен жерінің қадір-қасиеті арқау болумен
бірге, Президенттің тарихи шешімін жан-жақты қолдап, жергілікті жерде тірек бола білген Ә. Шабатов, Қ. Кәрібаев, Ы. Жақсыбеков, Ұ. Мәмин, Қ. Тәукенов, А. Бөлекбаев, С. Есілов, Ә. Нәбиев, Н. Оразов, Р. Қасымов секілді
Ақмоланың тұлғалы азаматтары да атсалысты. Сол ардагерлердің бірі – Жаңбыршы Нүркенов.
Арқаның сырлы беліндей, – Қорғалжын, Есіл, Қараөткел!
Ел қамын жеген ерінбей, Туған ғой талай талапты ер!..
Бөгенбай батыр бас болған, Иесіз емес сонша алап;
Бұл күнде Есіл – басты ордам, – Басына елдің қонса бақ!..
Жақсылық іске жұмылған, – Жаңарып Отан, жаңғырса ел:
Парызын адал ұғынған, Жайсаңның бірі – Жаңбыршы ер!..
 Шаруасын бағып қаланың, Жақсыны айтып жар салған;
Ұлы еді ол дарқан даланың, Ұлы бір көшті қарсы алған!..
Әділдік жолдан таймаған, Елінің басын құраған;
Есілдің бойын жайлаған, Ерлердің көзі бұл ағам!..
Елім деп туған түлектей, Елге – рух, берген жасқа – ақыл;
Алақандары күректей, Тұлғасы бейне қас батыр!..
Шарқ ұрған ар мен намыс деп, Жігіттей сергек, байыпты;
Арқада туған арыс деп, Айтуға өзін лайықты!
Есілге орда қонғанда, Еселеп елдің дәулетін;
Жүрекке сәуле толғанда, – Жаңғыртты ол қала сәулетін!..
Кеудесі сырға толығып, Арнасын судың ағытқан;
Тарихын, ділін мол ұғып, Елдіктің рухын танытқан!..
Туған ел сенім артады, Осындай іскер жандарға;
Жол бастап олар тартады, Болашақ жарқын таңдарға!..
Өнеге – жолы ізгінің, Асудан талай асқанда!
Келелі істің тізгінін, Тапсырар ойлы жастарға!..
Қияға қанат сермеген, Қанаты елдің талмайды!
Өрендер алға өрлеген, Ерлердің жолын жалғайды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу