Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  147


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖІБЕК ЖОЛЫ – ӨРКЕНИЕТ ӨРІСІ

Аман-сау өтіп дауыл, жасындардан,
Адамзат асты талай асулардан.
Осы жол – кең даңғыл боп келе жатыр,
Соқпағын салып көне ғасырлардан.
Өркендеп өркениет – шарқ ұрды құс,
Өнер мен білім іздеп талпынды ұлыс.
Салқар көш сар далада сағым кешкен,
Артып ап арпа-бидай, алтын-күміс...
Керуендер мата, ыдыс, астық артып,
Шаруасы қалалардың өсті шалқып.
Нығайды іргелері ұлыстардың,
Бір елдің бір елменен достығы артып.
Христиан, иудеи, будда, мұсылман да,
Бір бақыт болады деп түсінді алда.
Осы жол төрт тарапқа өріс ашып,
Талайға пана болған қысылғанда.
Бұл жолмен жоғын іздеп жүрмеген кім?
Қыздырған жәрмеңкені пұл менен құн:
Сықырлап дарбазалар, сырғыған көш,
Сатылған сәйгүліктер, құл менен күң!..
Болса да тағдыр келте, өмір қысқа,
Адамға сабақ берді ол небір нұсқа:
Бір шеті Қытай, Үнді, Рұмға жетіп,
Асатын Қап тауына, Еділ, Русьқа!..
Бұл жолда талай майдан, болған ұрыс,
Сайланған белде – қанжар, қолда – қылыш.
 Болса да қайырымсыз қатал заман,
Сол жолмен келген білім, толған ырыс.
Елшілер, саудагерлер, дінбасылар,
Сан мақсат көздеп бәрі қырға шығар:
Сорабы өшпеген сол соқпақтардың,
Өтсе де шаңға көміп мың ғасырлар.
Қаялық, Яссы, Сауран, Мерке, Құлан,
Өркендеп ел қоныпты ерте бұған.
Ен түзде еркін жүріп орда құрған,
Даланың ұландары еркебұлан.
Түркістан, Алтын орда, Сарайшығым,
Тарихтың ақтарады талай сырын.
Айтады ол ел тағдырын, тақ таласын,
Сайқалдық саясатын сарай ішінің!..
Жол тауып керуеншілер жанын салып,
Мұқтажы қалың жұрттың табылса құт:
Халыққа пайдалы боп керек-жарақ,
Түсіпті қазынаға алым-салық!..
Жүн-жұрқа, тері-терсек, асыл кенді,
Матаға айырбастап, бәсін берді:
Жабайы саудагерлік өркен жайып,
Біртіндеп парасатты ғасыр келді!..
Өркендеп сауда-саттық, қала, базар,
Беріпті сарайға сән, далаға ажар.
Қатыгез қанға бөккен қатал заман,
Білімді болған шығар данаға зар?!.
Бір елді бір ел жаулап отар еткен,
Алмасты заманалар қатал, өктем.
Жол салып Гетум, Рубрук, Ыдырыси,
Бұл жолмен әл-Фараби, Шоқан өткен...
Атаусыз ата жолы қалмасын деп,
Жаңадан бағыт берген әр ғасыр кеп.
 Осы жол тырбаныпты тыным алмай,
Арманын адамзаттың алға сүйреп.
Әрдайым ата жолы ардақталып,
Ортаға олжасын мол салды ақтарып.
Шарлаған сақараны Жібек жолы, –
Ертіс пен Есілге асқан тармақталып.
Даламның даналығын тоқып ойға,
Жол тартты ол Бозоқ, Есіл, Ботығайға...
Тәуелсіз жас ұрпаққа жалын берер,
Бабаның өшпейтін сол оты қайда?!
Осы жол – үлкен тарих, ұлы дастан,
Ұрпаққа ұлағатты сырын ашқан.
Жетісу, Сыр, Маңғыстау, Арқаға кеп,
Ақмола, Қарөткелмен Сібірге асқан!
Осы жол – кие деген, Қызыр деген,
Айшықты аталардың ізін көрем:
Іздеумен жерұйықты Асанқайғы, –
Соқпағы ізгіліктің үзілмеген!..
Құтайтқан кең даланы ғұн баласы,
Күлтегін, Қорқыт, Асан – бір данасы;
Бір кезде жасағынан жер қайысып,
Тербелген мұхит болып тың даласы!..
Арманы шынға айналып ер түріктің,
Түндігін ашты тарих, серпіліп күн!
Бүгінгі жақсылардың мәрт ісінен,
Кешегі қас батырлар сертін ұқтым!..
Алаштың ұлы арманы енді оңалып,
Жайғасты ел киесі төрге барып;
Аталар арманымен астасқандай,
«Күлтегін» Астанаға келді оралып!..
Естіртіп елдік жырын, ерлік үнін,
Ұзартқан сол емес пе ел ғұмырын;
 Бойында сол сүрлеудің бой көтерген,
Астана асқақтайды енді бүгін!..
Осы жол армандарды алып қашқан,
Елдіктің жолы енді бұл қалыптасқан.
Ақыры сан ғасырды шарлап келіп,
Армандай Байқоңырдан ғарышқа асқан!..
Күн нұры күміс шашып түндігіне,
Айналды ол кең құрлықтың кіндігіне:
Бозторғай қой үстіне ұя салған,
Көргендей Алаш сол бір күнді, міне!..
Осы жол – өнер-білім өркендеген,
Достықтың дәнекері өлкем де кең!
Айналып Атамекен гүлстанға,
Жетемін мақсатыма ертең де мен!..
Осы жол – ата-баба дастандары,
Осы жол – алашымның асқан бағы.
Елімді болашаққа бастай берер,
Осы жол – бақытымның баспалдағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу