Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  228


Автор: Тортай Сәдуақас

Мағжан мен Сәкен

Екеуің де текті едің, Екеуің де талантты!
Ортақ өткен мектебің, Қойған бірдей талапты.
Кеудеңде жыр бұлбұлы, Елге атқан бір таңсың!
Бірің – дала дүлдүлі, Бірің – асау тұлпарсың!
 Бәйге алатын топ жарып, – Екеуің де нақ жорға:
Жұлдыз болып жап-жарық, – Жүріп едің ақ жолда!..
Екеуің де ғашық боп, Сүйіп едің аруды!
Махаббатқа асық боп, Іздедіңдер дәруді!
Бауыр болып табысып, Адал дәмді іштіңдер.
Өнер қуып жарысып, Бәсекеге түстіңдер!..
Тарландарым, мәрт ерім, Талғап ішкен тұнықтан:
Жарыстыңдар, қайтейін, – Жеңілген кім, кім ұтқан?!.
Екеуіңде жыр-ән көп, Сегіз қырлы серісің.
Екеуің де қыран боп, Шарқ ұрдыңдар ел үшін!
Өрге қарсы жүзді өлең, Есіркеуді білмеген.
Бақыт жолын іздеген, Басталды бір дүрбелең!..
Байлар менен ғаріпті, Топқа ысырып екі ұдай:
Онсыз да аз халықты, Екі бөлдің, е құдай?!.
Сорлап тағы соғыстан, Қазақ жері қырқысқан:
Бірің сүйдің – Совстан, Бірің сүйдің – Түркістан!
Бірің жақтап Ленинді, Сендің ЦК, қызылға.
Бірің мақтап еліңді, Сендің Алла, Қызырға!..
Қызыл туды біреуің, Тұғыр еттің жырлауға.
Қызыл туды біреуің, Айналдырдың шұлғауға!?.
Бірің сүйдің өртеніп, Кенесары, Қасымды.
Бірің оны жек көріп, Тасырға аттың тасыңды!
Таққа мініп біреуің, Дәуірледің кезінде.
Сотқа кіріп біреуің, Түстің тағдыр тезіне!?.
Тағдыр сыны көп пе еді, Тұрды алдыңда шырқау шың:
Бірің – қайсар көк бөрі, Бірің – қызыл сұңқарсың!
Бірің елге жыр арнап, Қондың әсем бақтарға.
Шынжырлаған бұғаулап, Бірің түстің қақпанға!?.
Тарландарым, мәрт ерім, Ата жолын ұмытқан:
Өкініш көп, қайтейін, Жеңілген кім, кім ұтқан?!.
 Қызыл туы желбіреп, Уақыт солай тұрмады.
Талайлардың енді кеп, Бақыттарын ұрлады?..
«Бақыт жолы» бұлтарды, Түсті ерлердің соңына:
Ұстап қызыл сұңқарды, Тықты темір торына!..
Темір тордан шығармай, Салды қиын азапқа.
Құны да оның сұралмай, Айналдырды мазаққа.
Өзі құрған өкімет, Өзін салды түрмеге:
Қызыл ерлер өкінед: «Қалай болды, бұл неге?!.»
Лагерге айдап құлдарын, Аяныш жоқ аярда:
Шейіт болды ұлдарың: Граждан да, Аян да!?.
Торға түсті – туғаның, Қалды аңырап жесірің!?
Айтылмады жырларың, Аталмады есімің?!.
Кім айныған антынан? Не сұрайсың қауымнан:
Айнып ата салтынан, Безген жоқ па бауырдан?!.
Тарландарым, мәрт ерім, Қайыр бар ма ұлықтан:
Өкініш көп, қайтейін, – Жеңілген кім, кім ұтқан?!.
Қызыл өрт бұл шарпыған, Даламызға дерт қонды;
Қаймақтарым қалқыған, Қанша боздақ мерт болды!?:
Қызыл жебе самсаған, Ұрындырды қатерге.
Қырғын көріп қанша адам, Ауды көбі жат елге!?.
Жетеледі бір үміт, Жапа шеккен жандарды.
Қателігін ұғынып, Дәуір енді аңғарды.
Жатса-дағы кеш қалып, Қылымсыған замана;
Аруақтарды еске алып, – Салмақ болды санаға.
Тозбайды ғой ар-сана, Қоғам барда зиялы.
Айта берсек, қаншама, – Пайдасы мен зияны...
Адамзаттың жолында, Келер-кетер кеңесің;
Шындық қалар соңында, Асқанда өмір белесін.
 Түсіп түрлі сынаққа, Қазақ та бір ел болды.
Қызғанғаны бірақта, Қызыл итке жем болды.
Тың көтердік ғажайып!.. Көрді де сан қаздырды?..
Ұлттың саны азайып, Ана тілін аздырды...
Өнер-білім өркендеп, Ұштық рас ғарышқа!..
Өкінеміз ертең кеп, Тырысамыз намысқа...
Тарландарым, мәрт ерім, Сұра ата ғұрыптан:
Өкініш көп, қайтейін, – Жеңілген кім, кім ұтқан?!.
Өртке беріп даласын, Көрген тағдыр азабын:
Жеңілген сол алашың, Ұтылған сол қазағың!..
Рза болсын ізгілер, Еңбегі елдің өтелді.
Азаттық ап біздің ел, Жасыл байрақ көтерді!..
Тарландарым, мәрт ерім, Тарихтан біз сыр ұққан:
Өздерің жоқ, қайтейін, – Жеңілген кім, кім ұтқан?!.
Сынға енді тұтылмай, Туған елім түлесін!
Халқым ешбір ұтылмай, Ала берсін үлесін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу