Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  126


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚЫН ЖАНЫ – АҚША БҰЛТ

(Мағжан ақынның рухымен сырласу)
Ақын жаны – ақша бұлт, Жай тастаған от шабыт.
Арсыз оны күндейдi, – Бап шаппаған, бақ шауып.
Ақын жаны – ақ мақта, Кір шалмайды, батпақ та.
Қатты тиер киесi, Күйе жаққан ақымаққа.
Ақын – қыран самғаған, Көктiң жүзiн шарлаған.
Құзда алысып құзғынмен, Қанаттары талмаған.
Ақын орны – алтын тақ, Ақ сөйлейдi аңқылдап;
Өлексе жеп, жүз жасап, Қарғалар жүр қарқылдап.
Ақын жаны – жел ескен, Асқан гулеп белестен.
Қыза-қыза келгенде, Қызыл өртпен егескен.
Ақын жаны – ағын су, Қапталы орман, қалың ну.
Ол – тәңiрдiң тектi ұлы, Тән емес тек тәңiрсу.
Тартса азап тағдырдан, Татып өлер табылса у!
Ақын ол бiр пайғамбар, Атқан оны аюандар.
Айнымайды ол ақ жолдан, Арсыздан не қайран бар?
Ақын жаны – аққан сел, Алашым деп қатқан шер.
Ақыл-күшiн сарп еткен, Ақтық жолын тапқанша ел.
Бауырындай байтақ ел, Өмiрдi өтер шайқап ол.
Қайта туып, қайта өлер, – Хақтың сөзiн айтады ол!
Ақын жаны – ақ жаңбыр, Тамған тамшы маржан кiл.
Құйылады Мағжан-жыр, Құлпырады Тоғжан-қыр!..
 Бұлқынады бұғаудан, – Кенесары – жазған құл!..
(Азаттықтың жолында, – Арзымаған азбан-дүр).
Махамбет пен хан Жәңгiр!..
Садақа боп мал-жан бұл, Сарттан өлдi-ау Саржан құр?!.
Елеңдестiк, замана, Елдiң бағын ал жандыр!..
Ақын жаны – ақ боран, Арыны бар қатты одан;
Алашым деп аһ ұрса, – Айып, кiнә тақпа оған.
Ақын жаны – ақ қайың, Жұпар шашқан бақ-тайын;
Жапырағы жайқалып, Жақсылыққа жақ дайым.
Ақын жаны – ақ бота, Оған да арсыз атты оқ, ә?!.
Ойнақтаумен от басып, Ойнап кiмге жақты опа?
Ойлап кiмнен тапты опа?!
Ақын – айдын аққуы, Ақын – ардың ақ туы;
Ақ көкiрек аңқылдап, Адамға жоқ жаттығы.
Ақын жаны – жас бала, Жаралама, жасқама.
Жасып көзден жас тама, Жаны ашиды ол тасқа да!
Ақын деген ардағың, Артқан заман салмағын.
Қорлық көрсе қоғамнан, Шайнап өтер бармағын!
Ақын жаны – жасын да, Шапқанда iсiң насырға,
Қара бұлтты қақ жарған, Нажағай боп шашында!
Жарқыл қағып, жай тастап, Тас атады тасырға,
Дұға оқиды Расулға, Бақ тiлейдi асылға,
Жөн сiлтейдi жас ұлға, Жол ашады ғасырға!
Ақынды қос асылға, Имес жауға басын да,
Қасына ерткен қасын да;
Бұл бiр алып баһадүр, – Бiр-ақ туар ғасырда!
Ақын – саяқ өмiрде, Киелi көк бөрiм де;
Сарыарқаның төрiнде, Оқжетпестiң өрiнде,
Ие болған елiне, Кие қонған өңiрге!
Медеу болған көңiлге.
Әкiм өлсе – қойылар, Ақын өлсе – өлiм бе?!.
 Ақын – ызалы жолбарыс, Таласа иттер – зор намыс;
Қамыс, нуы қалса өртте, – Қайдан табар қорғаныш?!.
Ақын – асау көк-қара, Көнбес жүген, ноқтаға;
Түседi орға, опқа да, Оған серiк от қана;
Кiсен, шiдер тұрғанда, – Өмiрде оған жоқ пана!
Ақын – аппақ көбелек, Ақыл айтып не керек;
Ақымақ боп отқа кеп, – Ақырында ол өлед!
Ақын деген алдаспан, Арсыздықпен арбасқан;
Ақиқаттың алдында, Арамзаны дәл басқан.
Ақын – асқар дара шың, Шолған байтақ даласын;
Жалғастырып тұрады ол, – Аспан мен жер арасын!
Айтқан сөзi – атқан оқ, Жүректерге жаққан от;
Ант бұзбайды ол – анда боп,
Даңқ қумайды ол датқа боп!
Аққу құсқа теңелер, – Ақынды атқан немене ер?
Төнген қызыл сұңқарлар, Тиген қызыл жебелер!..
Ақын жаны – гүл нәзiк, Күннен алар күнде азық;
Күлiмдеген жыр жазып, Күңiренген мұң басып;
Күннiң жүзiн бұлт жапса, Күл болады бiрге азып.
Күңкiлдеген бiреулер, Күнде орын жүр қазып…
Күлдiр-күлдiр кiсiнеген, – Күлiктi жығар бiр қазық!?
Аңқылдаған тым қызба, Ақын – бiр шоқ, бiр мұз ба?
Ғашық болып бiр қызға, Шарықтайды арсыға,
Шарқ ұрады шың-құзға; Сол аспаннан сорғалап, –
Ақын – аққан жұлдыз ба, Абай болып тұрмыз ба?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу