Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  275


Автор: Тортай Сәдуақас

Адасып ақ түтекте ақын кетті...

Қиыр шет. Қалың Тайга. Қатты боран.
Жүрмейді жер түбінде аққұла адам;
Адасып ақ түтекте ақын кетті,
Жамылып сұр шинелін жатты қоғам...
Ақ боран ышқынады, ысқырады,
Сары аяз сақылдайды, қыстығады;
Сорлы ақын ақ боранмен арпалысып,
Үш аттап, үш құлады, үш тұрады...
Сорлы ақын дірдектейді, дірілдейді,
Сөйлейді, сыбырлайды, күбірлейді;
Бәрібір оған енді ақырзаман,
Аяз да, ақ түтек те білінбейді...
Алаштың қайыспайтын ерін қара,
Арса-арса, сүйрейді алға сенім ғана;
Алаштың ай мүйізді ақ серкесін, –
Әлдилеп, қымтайды тек кебін – дала!?.
Сорлы ақын не көрмеген, не кешпеген,
Шірітті түрмесінде кеңес деген;
 Аһ ұрып, әлі құрып барады ақын,
Не сурет көз алдында елестеген:
«...Анашым!., қайран Көкем!., Гражданым!..7
Бауырлар!., көрдіңдер ме жыр азбанын?!
Кешіңдер, кешіріңдер сендер мені,
Болашақ заман айтар кім азғанын?!.
Жаным-ау, мынау ару Гүлсім бе еді?!
Ұмытпай қайдан, сәулем, жүрсің мені?!
Естіші, ышқынған не, ысқырған не? –
Сені аңсап ол ақынның күрсінгені!..
...Бұл қай ер, Қорқыт.., Асан.., Абылай ма?!
Ақынын алашының танымай ма?
Дұшпанды жеңіп ек қой, бұл не тағы,
Азат күн біз жететін әлі қайда?
Мынау кім?
Дәл өзі ғой Баян-айым?!
Басайын бауырыма, аялайын.
Кіргенде қан майданға алаш үшін,
Мен неге тартынайын, аянайын?!.
Құдай-ау, мынау қай ер, Кене ме екен?!
Кенекең қасыма өзі келе ме екен?
Жат жұртқа тапталғанда көне мекен,
Кенекем бұл сұмдыққа көне ме екен?!.
Алаштың ардагері Кене ме екен!?
Деді ғой: «Қажыдың ба, о не көкем?!»
Ақ туын Абылайдың көтергенде,
Қасынан Кенекемнің неге кетем?!.
Алаштың ертеңі үшін мен садаға!
Өшпейтін арманым сол ой-санада;
Сол үшін шүберекке түйіп жанды,
Жыр құйғам кеудемдегі кең сабаға.
 
 Мынау кім? Ақан сері, Құлагер ме?!.
Құйғытып шықтым, аға, құба белге;
Заманның айбалтасы жарқылдайды,
Жүрмейін жазым болып, сірә мен де!?.
Бұлар кім? Жақаң.., Ахаң – Ахмет пе?!
Жолыққан осы екен-ау ақыретте!?.
Жұртым-ау, дұғаңды арна арыстарға, –
Сұмдарға еріп тағы қапы кетпе...
Тарланым... бұл – Әлихан, Шоқаев па?!.
Тағы да бұйырған ба сот айыпқа?..
Алламыз қуат берсін, амал тауып,
Алаштың арам шөбін отайық та...
Құдай-ау, кім тағы бұл, Сәкен бе еді?!
Бауырым.., қолыңды, дос, әкел бері!
Қыстығып, қызғыш құсын өртке салған, –
Қыстан да, заман қандай қатерлі еді?!
Бәтір-ау, осы ма еді Совстаның?!
Бай болып, кедей болып соғысқаның?!
Шыңғыртып өз перзентін отқа салған,
Оңбайды, олда-білдә, о мыстаның?!.
Анау кім? Аналар кім?.. Ғабит!.. Ол – жас?!.
Қыспақта қалған жанға налып болмас...
Жастарым.., ел ертеңі сізге аманат,
Жасыма!.. ерді ұмытқан халық та оңбас?!.»
Естімей жендеттердің балағатын...
Сезінбей алашының махаббатын;
Кеудесін ақ боранға – оққа төсеп,
Адасып ақ түтекте барады ақын!..
Айдала, айнала ну, ағаш, ағаш..,
Зұм заман... кет, пәлекет... алас-алас!..
Сорлы ақын сыбырлайды, күбірлейді:
«Абылай... Кенесары... Алаш, алаш!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу