Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  242


Автор: Тортай Сәдуақас

Тайгадағы теперіш

Тарыққан жандар жүздеген, Тайгада жүрміз жер қазып:
Алтын да тас қой іздеген, Тасбауыр болған пенде азып.
Салған соң басқа көнем де, Тоң аршып тоңған сорым не:
Жазылып жатқан өлең бе, Қазылып жатқан көрім бе?
Талғажу еткен қорегім, Бір тілім нан мен қара су.
Ішімде тынған өнерім, Запыран ыза, зар, ашу.
Қанатын соққан сабалап, Айнала түтек бораған.
Тегін бе, қымтап, қамалап, Кебін бе бізді ораған?!
Меңіреу тайга ішінде. Білмеймін қай маң, қай тарап?
Тірімен менің ісім не, Оқимын дұға қайталап.
Төбеден ұйтқып төнеді, Жаназа оқып жел деген.
Аруақтар елес береді, Шақырып, бері кел деген?
Ұйтқиды желі қатты одан, Қойынға қары құйылып.
Азынап мынау ақ боран, Иманымды тұр ма үйіріп?!.
Ақша қар деп бұл тұрғаным,
Дәптер ғой жатқан сыр тұнып:
Ұмыт боп талай жырларым, –
Жатыр ғой ұшып, жыртылып...
Айнала бейіт бұл анық, Төңірек түгел тірі өлік.
Қапастан мынау шығарып, Береді бізге кім ерік?!.
Мелшиіп жатқан маңайды, Тұмшалап түгел қар басқан.
Жыртқыш боп ажал қарайды, Өмір мен өлім арбасқан.
Сары аяз тәнді шымшылап, Үміттің оты ол да өшкен.
Қояды үріп, қыңсылап, Күшіктер кеше қолда өскен!?.
Қырандар қайда шарқ ұрған? Кісімсір, кімде тізгін бар.
Өлексе құмар антұрған, Өріп жүр өңшең құзғындар.
Ақ ұлпа саулап тұр құйып, Ізіңді дереу жасырған.
Қар басып, зорға ілмиіп, Бұталар жерге бас ұрған.
 Қарағай қапты мелшиіп, Қонақтап соған тұр Ай да!
Қайтемін өмір мен сүріп, Мінажат етем құдайға!?.
Барады тағы күн батып, Бұйрығы хақтың жоқ па еді?..
Алыстан бірақ үн қатып, Ұлиды неге көкбөрі?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу