Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  212


Автор: Тортай Сәдуақас

Ақын монологі

Шығатұғын төрім бе еді бұл түрме?
Жығатұғын көрім бе еді бұл түрме?
Шырмауықтай шырматылдым шіркінге,
Шырағымды өшірді ғой бір түнде...
Туған ел деп лаулайды тек жүрегім,
Жүрек отын өшірем деу мүмкін бе?!
Ішетұғын асым ба еді ботқасы?
Киетұғын басым ба еді ноқтасын?
Көрмейтұғын жасым ба еді отбасын?
Бұғаулаған елін сүйген ерлерін,
Дүниеде бір әділет жоқ па шын?!
Кірсем деген кеңсем бе еді абақты?
Бүрсеңдеген көрсең мені, барақты:
 Ырылдаған өңшең бөрі бәрі әккі;
Тар қапаста торға түскен қыран құс, –
Қашан кеңге сермеп еді қанатты?!
Сен дейтұғын теңім бе еді жендетің?
Көрмейтұғын жерім бе еді ел бетін?
Шөлдейтұғын шерім бе еді – шербетім?!
Сермейтұғын кезім еді қанатты,
Шарлайтұғын шағым еді жер бетін!
Ащы таяқ, ашынған жан – өлді етім?!
Кием деген жібек пе еді шоқпытың,
Сүйем деген жүрек пе еді – жоқ күтім,
Жұпар ма еді түнектегі көк түтін,
Арсыздарға тұсалып мен қор болдым,
Тар қапаста құсалықпен өтті күн.
Ісім бе еді үзім нанға таласу?
Тұсым ба еді бұзылғанға жанасу?
Түсім бе еді – қызыл қанға боясу?
Қара жүрек қатыгездер не деген,
Татырмайтын жығылғанға қара су?!
Сақтайтұғын дұғам ба еді нұсқауың?
Жаттайтұғын құран ба еді уставың?
Жақтайтұғын құдам ба еді мыстаның?
Амалдайтын пенде емеспін жан бағып,
Жамандайтын алаш па еді дұшпаным?!
Қан майданға шақырады алашым,
Қайғы жұтып аһ ұрады анашым,
Алаяқтар ағайынды ала ғып,
Жас ұрпақтың сапырады санасын,
Қашан олар батырады қарасын?!
Би болды деп беземін бе бабамнан?
Бай болды деп айнимын ба анамнан?
Май болды деп жеримін бе сабамнан?
 Жыртқыштарға өз елінде таланған,
Өкініш көп өзегімде таралған.
Жек көретін дұшпан ба еді Абылай?!
Жаудың кейпін құшқан ба еді Ағыбай?
Зәр-иманым ұшқан ба еді а, құдай?
Аяғыма жығыл дейді тағы да-ай,
Кіжінеді күш атасын танымай.
Сұм дүние салды мені сынаққа,
Кісен салып, алды мені сұраққа?
Өр рухымды мұқата алмас бірақта,
Құрбандық боп мен кетермін ел үшін,
Келер ұрпақ, халқым жетер мұратқа!..
* * *
«Абақтыда ай мен күннен жаңылдым»,
Тар қапаста торға еріксіз таңылдым.
Өліп-өшіп сүйіп едім елімді,
Бұғаулайтын, халқыма мен нағылдым?!
Темір торда телміреді тотықұс, –
Гүлдің исін, күн сәулесін сағындым!?.
Сағындым мен жапырақтың сусылын,
Сағындым мен тамшылардың тырсылын,
Сағындым мен қара түннің тылсымын,
Шыға алмаған сондай қара түнектен,
Шырылдайды кеудемде бір шымшығым.
Сағындым мен әжімді әже жүздерін,
Сағындым мен аққулардың жүзгенін,
Сағындым мен тырналардың тізбегін,
Аппақ қарға түскен аң-құс іздерін,
Тарпаң жортқан дарқан дала түздерін!
Сағындым мен Сарыарқаның саздарын,
Сағындым мен Саумалкөлдің қаздарын;
Сұхбат құрған, сүйген жаным өртеніп,
Сағындым мен сұлулардың наздарын.
 Сағындым мен Сексен көлдің самалын,
Сағындым мен жусан исін даланың,
Сағындым мен Айнакөлдің алабын,
Сағындым мен Абылайдың алаңын!
Сағындым мен бабалардың қорымын,
Сағындым мен Бурабайдың қорығын;
Азаттықтың туын сонда көтерген,
Сағындым мен Кенесары жорығын!
Сағындым мен Оқжетпестің биігін,
Сағындым мен даланың өр құйынын.
Сол құйындай дүниені үйірмей,
Менің де көп меңдеп алған күйігім.
Шабандарды шаңға бөгіп шарқ ұрған,
Сағындым мен қаракөктің үйірін!
Сағындым мен Құлагердің шабысын!
Сағындым мен даналардың дабысын.
Жанталастым болашақтың қамы үшін,
Жоқтадым мен алты алаштың намысын.
Жүз құбылып, жарамсақтап, жан сақтап,
Терген жоқпын төңкерістің тарысын!..
Сағындым мен ақша бұлтты аспанды,
Алатау мен Алтай, Көкше – асқарды;
Сағындым мен азаттығын алаштың,
Асқақ рухты, жалын жүрек жастарды?!.
Тәуелсіздік туын биік көтеріп,
Жалғастырар солар ерлік дастанды!..
* * *
Күлімдеп сәби дүние пәк санамда,
Дос болдым ақ жарылып жақсы адамға;
Қарадым қайырыммен жендетке де,
Парасат, пайым күттім патшадан да!
Үлкенге, кішіге де сенім арттым,
Демеді ел жырдың жүгін жеңіл арттың;
 Серідей сертке берік, сенімге ие,
Ері де ерек туар елі мәрттің!
Еліме еркін сөйлеп, еркеледім,
Теңізде желбіреген желкені едім;
Қасыған кесірді емес желкелерін,
Ел шіркін таңдайды өзі серкелерін.
Өмірдің ащы-тұщы таттым дәмін,
Мансапқор, жарамсақты жақтырмадың;
Самарқау жүріппін тек, сайтан алғыр,
Сұм бар деп сапта бірақ сақ тұрмадым.
Бәйгеге білем түскен аттың бабын,
Байқадым басымда көп бақ тұрмауын;
Бір сәтке берсе маған хақтың кәрін,
Етер ем табылдырық тақтың бәрін!
Ащы айттым арсыздарға ашынғаннан,
Тіл тартпан хан болса да басымды алған;
Тура айтып туғанына жақпайтұғын,
Әдет пе, келе жатқан ғасырлардан?
Бабамның жалғастырып ізгі өнерін,
Қанағат қылған жұртпыз біз дегенің;
Жұпарын жұтпасам да жұмақ төрдің,
Жусанды өтті өмірім түзде менің.
Бас ұрып басылмадым мансапқорға,
Жасырып атақ, мансап іздемедім.
Еріксіз мұқалғанды ерше демеп,
Пірге де пікір айттым мен шегелеп.
Қызылға қызықпа деп Қызыр шалым, –
Қызылжар қызулы отын берсе керек!
Жалықтым жағаласып жаманатпен,
Таластым тайғақтарда тағалы атпен;
Залымды жек көргенім, жала деп пе ең,
Зарымды тыңдамады заман әттең?!
 Ер Қорқыт, Асан, Абай, Балқы Базар,
Олар да жарлап өткен жалпыға зар;
Өз басым өтсе-дағы тартып азар,
Бола гөр, о жаратқан халқыма жар!
Сұм өмір, шырын емес, сор ма жұтқан?
Опасыз жалған екен орға жыққан;
Қу тірлік, құлын көңіл, қунаған жер, –
Айналып шыға алмадым сол қазықтан.
Тең көрген тұлпары мен шоқырағын,
Тексізді тергеп тартар сотына кім?
Озбадым деп несіне опынамын,
Алаштың қимаған соң топырағын?!
Демедім үйірі басқа, үйі бөтен,
Күншілдің күні қараң күйік екен;
Туған ел туым тіккен алтын тұғыр, –
Өзегім өртенгенше сүйіп өтем!
Табылар тар ойлаған іші мерез,
Аһ ұрған ақын жанын түсіне ме ез?
Көкірек көзіменен көре алмаған,
Дүниеде түйсігі жоқ кісіден без.
Сұм заман зарықтырған, зорықтырған, –
Жыр үшін кетсем мейлі болып құрбан.
Жарқылдап жалын атқан жырым қалар, –
Жүрегім сонда менің соғып тұрған!
Бергендей асқақ рухты дала ғажап,
Тынбадым қамын ойлап қара қазақ.
Торығып қала бермес торда жырым,
Табылар бағымды ашар нар азамат!
Терең ой сұлу жырды мүсіндесе,
Жетесіз қайтем оған түсінбесе;
Шарла деп қазағымның кең аспанын,
Ұшырдым қиялымның құсын неше.
 Алатау, Алтай, Атырау аясында, –
Шарқ ұрып ұшып жүрем түсімде ше!..
Ер Қорқыт, Асан, Абай, Балқы Базар,
Олар да жарлап өткен жалпыға зар;
Өз басым өтсе-дағы тартып азар,
Бола гөр, о жаратқан халқыма жар!
* * *
Оттан тудым!
Өрт боп өтем лапылдап,
Жасық туған келе алмайды жақындап,
От алады өжет жандар мақұлдап.
Қауға тиген – жауға тиген сатырлап,
Лапылдаған өшіре алмай отымды,
Өңшең жаман жатқан жоқ па жапырлап.
Оттан тудым! Өрт боп өтем лапылдап!
Судан тудым!
Су боп ағам арқырап,
Тауды бұзып, тасты жарып сарқырап.
Шайып өтем көң-қоқысын қоғамның,
Пәк дүние жарқ-жұрқ етсіп жалтырап!
Мөлдірімді келем туған халқыма ап,
Қайнарымнан қанып ішіп жүрсін ел,
Шалқып-толқып жатайын мен жарқырап.
Судан тудым! Су боп ағам арқырап!
Желден тудым!
Жел боп гулеп есемін,
Дауыл болып көк мұхитты кешемін.
Қатыгездің қос өкпесін тесемін.
Қайырсыздан қайтпасын деп меселім,
Алдын орап сұмның жолын кесемін.
Желден тудым! Жел боп гулеп есемін!
Күннен тудым!
Шұғыла боп тараймын,
 Күннің ұлы күнде елжіреп қараймын.
Қараңғы түн қатар тұрмас араймын,
Туған халқым алдында тек малаймын.
Жерге сепкен менің сәл-пәл сәулемнен,
Дән өнсе деп, гүл өссе деп қалаймын.
Күннен тудым! Шұғыла боп тараймын!
Нұрдан тудым!
Сәуле шашып тұрамын,
Кесір емес, қасиетті дуамын.
Жамандықты аластаймын, қуамын.
Арамзаның аяқ-қолын буамын,
Шайып өтер шіріп жатқан шылықты,
Жердің жүзін жаңбыр болып жуамын!
Нұрдан тудым!
Сәуле шашып тұрамын!
Жерден тудым!
Жақсыларға жерлеспін,
Топырақта аунап-қунап мен де өстім.
Жер көтерді, жедім таяқ, белдестім.
Кең далада сылаң қақты кербестім.
Туған жердің перзентіне күш беріп,
Сом алтындай сол топырақ, кенде өстім.
Жерден тудым!
Жақсыларға жерлеспін!
Ғұннан тудым!
Жауды қуған батырмын,
Айбаттанып ата аруағын шақырдым,
Жетесізге жебе болып атылдым.
Жалпағынан басып мына жалғанды,
Қас дұшпанның қанын судай сапырдым.
Ғұннан тудым! Жауды қуған батырмын!
Ерден тудым!
Даңқым елге таралған,
 Анашымның ақ сүтінен нәр алғам.
Пендемін ғой ет-сүйектен жаралған.
Сол жүректі оққа тостым паршалап,
Қалың елдің қамын ойлап қаналған.
Қанат қағып туады әлі сан арман.
Ерден тудым! Даңқым елге таралған!
Ардан тудым!
Айнымаймын антымнан,
Айрылмаймын ақ тілеулі халқымнан.
Туған жерді таптар болса антұрған,
Жанталасып, жағаласып солармен,
Тозаққа да түсіп жаным шарпылған.
Түбінде бір қарасы өшіп жоқ болар,
Тәңірінің сотына олар тартылған.
Ардан тудым! Айнымаймын антымнан!
Сырдан тудым!
Ағытам сыр тиегін,
Махаббаттың періштесі киелім,
Сүйген жанның алдында бас иемін.
Енжарлықты, жалтақтықты жек көріп,
Сұлулықты өліп-өшіп сүйемін.
Сырдан тудым!
Ағытам сыр тиегін!
Жырдан тудым!
Жырым барда өлмеспін,
Жырым жетер, елдің бетін көрмеспін.
Сұрқияға семсер сілтеп, сел кештім,
Намысымды таптай алмас енді ешкім.
Шапағатпен шашқан елге сәулесін,
Бұқар, Блок, Пушкин, Абай – сөнбес күн!
Жырдан тудым!
Жырым барда өлмеспін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу