Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  117


Автор: Тортай Сәдуақас

Анкета ақиқаттары

АЛАШТЫҢ АЙ МҮЙІЗДІ АҚ СЕРКЕСІ
(Мағжан мақамдары)
Анкета ақиқаттары
1. Алашордада
– Атың кім? – Мағжан Жұмабай!
– Затың кім? – Ақын.., ұлы Абай!..
– Жұратың? – Түрік, қазақпын,
– Мұратың? – Теңдік, азат күн!..
– Қонысың? – «Сасық...» арасан,
– Болысың? – Бағыс-Бабасан...
– Байрағың? – Берік қолымда,
– Байларың? – Елдік жолында...
– Асылың? – Асан, Қорқыттан...
– Рәсімің? – Елді зор тұтқан!..
– Арысың? – Ахмет, Міржақып!..
– Дәрісің? – Сомдау жыр-жақұт!..
– Ардағың? – Жанша, Әлихан!..
– Арманың? – Атар әлі таң!..
– Алашың? – Бірлік бағында!..
– Анашың? – Тірлік қамында...
– Тұрағың? – Арқа-Алтайдан!..
– Құнарың? – Отан марқайған!..
– Жыр-әнің? – Кене, Абылай,
– Сұрағың? – Кедей әрі бай!..
– Ұраның? – Алаш. Тұран ел!..
– Пырағың? – Ақан.., Құлагер...
– Қыраның? – Жәпек, ер Баян!..
– Ұланың? – Жастар елге аян...
– Бұланың? – Көшім.., ер Нияз...
– Сыңарың? – Сәкен, Бернияз...
– «Шырағың»? – Сәбит.., Мұхтарлар...
– Құрағың? – Қаулап шыққандар!..
– Тұманың? – Ел боп қырқысқан?!.
– Күмәнің? – Жаға жыртысқан?!.
 – «Шұнағың»? – Ездер кіл азған?..
– Тұяғың? – Аты – Граждан!..
– Бұлағың? – Кәусар... даламда...
– Құраның? – Ойда, санамда...
– Шырағың? – Шындық, білсін де ел,
– Шынарың? – Шолпан, Гүлсімдер!..
– Тұмарың? – Қыран, Көкбөрі,
– Құмарың? – Ару... от демі...
Балқиды бойым от демге,
Шалқиды ойым өпкенде!..
Әлдиле, өмір әлдиле,
Көксеген көңіл, көкке өрле!..
2. Абақтыда
– Атың кім? – Мағжан... сотталған...
– Затың кім? – Тұтқын.., жоқ-бардан...
(Запымын кісен, «шоқпардан»...)
– Ұраның? – «Ұлы Сталин...»,
– Құраның? – Жаттау уставын?..
– Сұрағың? – «Жауы халықтың»,
– Тұрағың? – Төрі тамұқтың...
– Жыр-әнің қайда? – Жыртылған...
– Құнарың қайда? – Құртылған...
– Қыраның? – Қанат қырқылған...
– Сыңарың? – Бір – мерт, бір – тұлғаң!..
– Тұмарың қайда? – Жоқ есте...
– Ұланың қайда? – Кеңесте?!.
(Ел қамын ер боп жемес пе!..
Алмайды ел ерін неге еске?!.)
– Бұлағың қайда? – Лайланған,
– Пырағың? – Торға байланған...
– Шырағың? – Өшті жалп етіп,
– Шынарың? – Өтті жарқ етіп!..
– «Шырағың»? – Сында байқалар...
– Құрағың? – Бақ боп жайқалар!..
– Тұманың? – Салды ойранды?!.
– Күмәнің? – Шынға айналды...
 «Шұнағым» сұмға айналды?!.
– Тұяғың? – Шейіт... қайғы алды!?.
– Құлагер қайда? – Құлаған...
– Бұлан ер қайда? – Сұлаған...
– Тұран ел қайда? – Жылаған...
(Болса екен ұрпақ дін аман!..)
– Арысың қайда? – Атылған...
– Намысың қайда? – Сатылған...
– Алашың қайда? – Жапырған...
– Анашың қайда? – Аһ ұрған!..
– Ел-жерің? – Зарда, ашынған...
– Ерлерің? – Дарға асылған!..
– Байрағың? – Қалды байлауда,
– Байларың? – Өлді айдауда!..
– Отаның? – Отар, талауда,
– Қотаның? – «Талпақ танауда»...
– «Шендерің»? – Шолақ белсенді,
– Шер-кебің? – Езге ел сенді...
– «Шешенің» қайда? Жүр өріп...
– «Көсемің» қайда – Тірі өлік...
– Пірлерің қайда? Түңілген...
– Тіл-кенің қайда? Тілінген...
– Құмарың қайда? – Басылған...
(Тұманым кәне ашылған?!.
Жағымпаз өңкей бас ұрған...
Не шығар ондай тасырдан?!.)
– «От демің» қайда? – Жылауда...
– Көкбөрің қайда? – Бұғауда...
Бұғауда жыр да, ән-күй де,
«Әлдиле, өлім әлдиле!?.»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу