Өлеңдер ✍️

  22.03.2022
  114


Автор: Абдрахман Асылбек

Қарға

Күлкі болып қалмау үшін еліңе,
Алдыменен қараған жөн тегіңе.
Атышулы мықтылармен жанаспа;
Қортық тусаң тегі де,
Ұзындармен таласпа,
Өз бойыңа қарап ал.
Құйрығына тауыс мамық қадап ап,
Тауыстарға ерді Қарға паңдана:
«Таптым туыстарымды,
Таныстарым кәдімгі
Қарайды енді таңдана.
Тауыстарға сіңлімін,
Күнім туды шын бүгін
Көтеретін алтын сарай түндігін».
Сол тәкаппар мінезінен не шықты?
Әр Тауыс кеп бір шұқып, жүні әбден түтілді,
Ақырында әрең қашып құтылды,
Атама өзге бітімді,
Аз-ақ қалды өз жүнінен меншікті.
Өз жұртына жетті қайта шіркін бұл.
Бірақ, оны танымады Қарғалар,
Түртіп, әлек салды олар,
Бітті ақыры сүргін бұл:
Елі қабыл алмады,
Тауыстарға бармады.
* * *
Бұл мысалдың құлақ қойғын мәніне:
Саудагердің қызы күйеу таңдады,
Атақтыдан, әрине.
Қалыңына жарты миллион пұл алып,
Қызын байға берді әкесі қуанып.
Жаңа жұрты қызға опа қылған жоқ,
Түрткі қылды ақсаусақ боп туған деп,
Қартайғанда тек байлықты қуған деп.
Не болды сол Матрена қыз барға әуес:
Тауыс та емес, Қарға емес.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу