Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  222


Автор: Тортай Сәдуақас

«ҚАРАТОРҒАЙ»

Ерлан Күзекбайға
Қараторғай, ұштың зорға-ай,
Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай?!.
Ақан сері


  Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыстар адамзат баласына зор қасірет әкелді. Билеушілердің ойыншығына айналған адам тағдырлары қилы сындарда қалыптасты. Одан қазақ даласы да шет қалған жоқ. Тарихтан білетініміздей, югославтық жас жігіт Броз Тито бірінші жаһан соғысында тұтқынға түсіп, одан әрі Омбы маңында болып, қазақ мырзасы – Атығай Иса байдың да көп жақсылығын көреді. Ол еліне оралып, тағы да соғыста болып, өсіп-өніп, ұзақ жыл сол Югославия елін басқарып тұрды. Өзінің айтуынша ол қазақ тілін де еркін білген көрінеді. Ел басқарып тұрғанда ол Иса еліне баруды, оларға өз ризашылығын білдіруді ойлаған. Бірақ Кеңес Одағы басшыларымен арадағы салқындық сызы бұл арманның орындалуына мұрша бермеген. Ол елге сәлем жолдап, Иса әулетіне темір тұлпар арнаған...


  Осыған ұқсас тағы бір оқиға мынадай. Қарағанды облысының Қаражал кентінде тұрған қарт майдангер Жабық Баянов соғыста тұтқынға түсіп қалып, концлагерьде жүргенде сол жерде комендант болған неміс офицерінің қазақтар мен басқа да азаматтарға қамқорлық жасағанын еске алады. Ол офицер де бірінші жаһан соғысында тұтқынға түсіп, Омбы маңында қазақ ауылында біраз жыл өмір сүрген екен... Әңгімені үлкендерден естіп, айтып берген қаламгер Ерлан Күзекбай. Иә, зұлымдық заты құриды, ізгілік ізі өшпейді... 


 


Қаражал деген қала бар, –
Арқаның байтақ төсінде.
Туыпты небір даналар, –
Бәрі де ұрпақ есінде.
Кейіпкер біздің қарт адам, –
Сол жердің ол да түлегі:
 Аттанып туған Арқадан,
Альпіден асқан ұл еді!
Бақ ұшқан бастан бір күнде-ақ,
Соғысы бірақ құрысын;
Соғыстан соң да қуғындап,
Басына түскен ұлы сын.
Тер төгіп тынбай ол-дағы,
Еңбегі сіңген бұл елге!
Бетіне салық болғаны, –
Соғыста түскен «пленге»?!.
Күндерін еске ап қиналған, –
Ыңылдап әнмен толғайды:
Радио, теледидардан, –
Іздейді ол «Қараторғайды»!?.
Домбыра кейде қолға алып, –
Шертеді «Қараторғайды»!
Айтылса сол ән толғанып,
Қанатын қыран қомдайды:
«Келеді Қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Бірге өскен кішкентайдан, беу қарағым,
Айрылып қапияда қалдым нағып?..»
Сезімнің селі саулаған,
Сыры бар қандай бұл әннің;
Осы өлең жанын баураған, –
Шері бар қандай қыранның?!
Сыйлы еді Қартың елге де,
Абырой тапқан, бақ дарып:
Тіс жармай келген пендеге, –
Айтады сырын ақтарып:
Майдангер қарттың әңгімесі:
Концлагерь... Герман жерінде,
Қапаста қанша ел қамыққан:
 Көндіккен ауру, өлімге, –
Шыға алмай қапас тамұқтан!?
Лагердің барлық тұрғыны,
Сарғайған мұңнан сарыла;
Тексеру келді бір күні, –
Жоғары жақтан тағы да.
Тұрғызды сапқа шетінен,
Зекіріп, нұқып, табалап;
Қайтпайды алған бетінен,
Қабаған иттер абалап...
Қандай бұл тағы жаманат,
Неліктен лагерь дүрлікті?
Жоғары жақтан аралап, –
Келіп тұр, міне бір мықты!
Көрсетсе нұсқап біреуді,
Шығады саптан бір аттап;
Бере ме құдай тілеуді,
Алады оны кім ақтап?!
Көздер мен көздер арбасып,
Сезім мен сезім шарпысқан;
Бұйрықпен саптың алдына,
Он шақты ер шықты әр тұстан.
Шыққандар топтан, шамасы,
Өңкей бір қара-торылар;
Байғұстар болмай шарасы, –
Өмірден мүлде торығар.
Қиырда жүрген қаңғырып, –
Тағдырға қарғыс айтады:
Өлімші болған әл құрып, –
Мазағы мынау қай тағы?
Қиналып азап, аштықта, –
Кейіпкер біздің еті өлген;
 Кеп қалды, міне бастық та,
Сақырлап төрт-бес нөкермен!
Қолымен мұны нұсқаған,
Білетін жандай бұрын нақ;
Жақын кеп әлгі сұсты адам:
– Қазақсың ба? – деді нығырлап!
Изеген болды басын бұл,
Сөйлеуге шама жоқ тағы.
Тыя алмай көздің жасын бір,
Екі аттап барып тоқтады!
Билеген бойды қапалық,
Жас дейтін, бірақ жас қайда?
«Аса ма дарға апарып?
Апырмай, атып тастай ма?!»
Естіді ме әлде жаңылыс?
Қазақша айтқан сөзі не?
Соңғы дем... елге сағыныш?..
Әлде естен танған өзі ме?!
Ойлауға оны мұрша жоқ,
Дүрсілдеп жүрек барады.
Әуреге салған мұнша көп, –
Осымен жиын тарады.
Шағын топ басы қосылған, –
Қараса, көбі қазақтар!
Жүректер бірақ шошынған, –
Тағы не? Қандай азап бар?..
Тамұқта болып соншама,
Көрмеген нені қу жан, ә?
Түсіріп бәрін моншаға,
Кигізді киім су жаңа!?.
Басқаша қарап дәл бүгін,
Ашқандай жылы қабағын.
 Күтімге алып барлығын,
Жеңілдеп берді тамағын!
Оқиға болды бір қызық,
Бермейтін тіпті ел сене:
Бұларды сапқа тұрғызып,
Әкелді үлкен кеңсеге.
Берді орын жарық бөлмеден,
Отырды еркін жайғасып.
Байғұстар мұны көрмеген,
Тұнжырды ауыр ой басып.
Түсінбей тұрды алғаш түк,
Байғұстар көзі жаудырап:
Сау етіп кірді дәу бастық,
Сарала шені саудырап!
Ойлаған емес тегі ешкім,
Көз көріп, құлақ сенбеді:
Мырзасы әлгі немістің, –
Қазақша сайрап бергені!
Сөзін де қысқа қайырды,
Бұлардың жайын аңғарып.
Айтайын деді жайымды,
Тұрсаңдар маған таң қалып?!
Жырақта қалған жылдарым,
Күндерім есте ол қайран!?
Осындай менің сырларым, –
Басталған «Қараторғайдан»!..
Неміс офицерінің бірінші әңгімесі:
Бірінші жаһан соғысы, –
Маған да сор боп жабысты.
Оранып өртке қонысы, –
Басынан елдің бағы ұшты.
Қиямет барын алдымда,
Сын барын қиын ұқтым ба?
 Қоршауда бірде қалдым да,
Түстім мен солай тұтқынға…
Қосылған жаңа қатарға,
Ол кезде жап-жас жігітпін.
Соғыстың заңы қатал да, –
Елімді туған ұмыттым.
Тұтқынның жайы белгілі,
Сұрайсың нені сорлыдан;
Мекенім болған ендігі, –
Шықтым ғой бір-ақ Омбыдан!..
Сөйледі шенді ол неміс,
Қазақша судай ағып бір;
Сияқты бейне өң мен түс,
Тұтқындар аң-таң қалып тұр?!
– Болғанмын қазақ жерінде,
Көргенмін дарқан пейілін.
Басымнан сипап менің де,
Баураған ізгі мейірім!
Еркіммен емес, егіліп,
Тұтқында болған мұңдықпын.
Жұмысқа ауыр жегіліп,
Көргенмін бәрін сұмдықтың!
Кең дала болған қонысым,
Кезімде қаңғып сорлаған;
Аталар беріп қол ұшын,
Әжелер менің болды анам!
Дос көрдім қатар-құрбыны,
Қамқорлық көрдім қартынан!
Әуелеп шыққан сырлы үні,
Ән-күйі қандай шалқыған!
Менің де бұл бір борышым,
Тілеуі шығар текті ұлдың:
 Сеніңдер, достар, сол үшін, –
Сендерге, – деді, – кеп тұрмын!
Бастық кеп, басқа немістер,
Қайтқандай бір сәт кәрінен.
Осылай аға офицер, –
Танысып шықты бәрімен.
Ағытты сырдың тиегін:
– Ауылың, елің қай маңда?
Сұрады тіпті сүйегін, –
Алшын ба, үйсін, найман ба?!
– Ел менен жерден безініп,
Дәм жазды, міне қиырдан.
Егілме сонша езіліп,
Тағдыр ғой бұл да бұйырған.
Заң бізге, не айтса қолбасы,
Солдаты мен де Фюьрердің!
Өнер мен білім ордасы,
Отанымды мен де сүйгенмін!
Көрдім ғой мен де қорлықты,
Не өтпеді сонда басымнан?
Қылды ғой небір зорлықты,
Жабырқап жаным ашынған.
Құтқарған мені бір адам,
Ішінен осы азаптың;
Құнымды төлеп сұраған, –
Мырзасы болды қазақтың!
Қожаммен солай келіскен,
Ап кетті ол мені ауылға;
Қолында барын бөліскен, –
Рзамын осы қауымға!
Далада жылқы айдаған,
Бар шығар бағым менің де:
 Омбының маңын жайлаған,
Атығай, керей жерінде!
Зар айттым жүріп алыста,
Ата-ана, туған бауырға:
Дос таптым, жақын, таныс та,
Үйреніп осы ауылға!
Ел екен жайсаң бір қызық,
Қол ұшын берді жұрт дайым.
Астыма атын мінгізіп,
Аузыма тосты құрт-майын!
Кең жерде еркін көсіліп,
Қой бақтым, қозы жайдым да.
Ән-жырын естіп, қосылып,
Тарқаған болды қайғым да!?
Шер қайтіп бірақ тарқайды,
Шет жерде шеккен азапты?
Біртіндеп көңіл марқайды,
Білісіп жайсаң қазақты!
Тарқай ма оңай шер деген?
Үн қосып жүрек назына;
Жабырқау жанды емдеген,
Даланың дарқан сазы ма?!
Өнердің сауық кешінде,
Көп көрдік балет… маршты…
Осы әуен бірақ есімде, –
Шарлаған көкті, ғарышты!
Сол әнмен көзге елестер,
Қазақтың дарқан даласы;
Ну орман, шексіз белестер,
Шалқыған көлдер шарасы!
Елімнен кеттім тым қашық,
Жететін бірақ жол қайда?!
 Сол кезде мен де мұң басып,
Сырласқам «Қараторғайға»!
Қапаста қайғы сезінген, –
Көңілге бұл ән болмай ма ем?
Бұл әнмен мен де көз ілгем,
Оянғам «Қараторғаймен»!
Кеңейді енді өрісім, –
Ұлындай болдым сол байдың!
Мәні бар сондай мен үшін, –
Жігіттер, «Қараторғайдың»!..
Неміс офицерінің екінші әңгімесі:
Тағдырға көндім кез келген,
Ішіме жүрдім сыр бүгіп, –
Төңкеріс болған, өзгерген, –
Дүние жатты дүрлігіп!..
Бірімен-бірі күресіп,
Халыққа түсті қатты зіл;
Аяусыз сонда тіресіп,
Айқасып жатты ақ-қызыл!
Қатыгез Кеңес заңында,
Болмады ымыра, келісім.
Айналып өмір сағымға,
Жайлады аштық ел ішін...
Кәмпеске келіп жалмады, –
Ел іші болды дүрбелең.
Ағайын азды, алдады, –
Жау шықты сөйтіп іргеден.
Ел іші екі жарылып,
Аһ ұрды байлар, қайғы алып.
Ер қалды естен жаңылып,
Мырзамыз кетті айдалып!?.
 Заманның желі өрге айдап,
Қозғады қайта шерімді.
Аңырып қалған мен бейбақ, –
Аттандым іздеп елімді!..
Осылай, достар, мән-жайым,
Еліме жеттім зорға деп!..
Оралып «Қараторғайым», –
Қыраным қонды қолға кеп!!!
Жақсылық көрген халқынан,
Қоштастым қырмен қырмызы;
Есімде дала шалқыған,
Еркіндік сүйген ұл-қызы!
Қыздары қандай – назерке,
Қымызы қандай – нағыз бал;
Есімде – жомарт әз өлке,
Есімде – жырлар, аңыздар!
Өсиетті ұйып тыңдаған,
Жүрегі неткен пәк жандар;
Даналық сөзін жырлаған,
Абай мен Ақан, Мағжандар!..
– Бол дедім, – дала, – қош-аман,
Ұш еркін «Қараторғайым»!
Бұғаудан, тордан босаған, –
Еркіндік құсы ол дайым!
Өнердің биік өресі,
Болса да әуен сондай көп;
Ойлаймын әннің төресі –
Дәл осы «Қараторғай» деп!
Намысын ердің қамшылар,
Сағыныш сазын толғайды, –
Әу дейтін біреу бар шығар, –
Айтсаңшы «Қарторғайды»!
 Тұрсыңдар неге тосылып,
Серпілсең бір сәт болмай ма?
Бәріміз, кәне қосылып –
Салайық «Қараторғайға»!..
Ән деген дауа әу бастан,
Жеңілдер сонда зор қайғы;
Жігіттер, кәне, ал баста,
Шырқайық «Қараторғайды»!
«Қараторғай, ұштың зорға-ай,
Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай...»
Еңіреп шетте жүрміз, елде болмай,
Қапыда айырылып қайран елден,
Қапаста ғазиз жүрек шерге толды-ай?!.
Осылай концлагерьде,
Шырқалды әні қазақтың.
Оянған үміт бәрінде, –
Келеді қашан азат күн?..
Офицер айтты: – Сендерге,
Қолымнан келер жақсылық, –
Жұмысқа, топқа бөлгенде, –
Қоямын деді тапсырып!
Жақсылық жайды қанатын,
Қол ұшын беріп жайсаң бұл.
Қазақтың да әнін салатын,
Құрылды жаңа Ансамбль!..
Жеңілдеп тұрмыс соншалық,
Тіршілік көзін ашқандай.
Өнерпаз жандар ән салып,
Бір мезет мауқын басқандай!..
Жақсы бір күнге шақырған,
Жылт етті солай бір үміт.
Тырнағын ажал батырған, –
Әл жиды жандар тынығып!
 Бойында бар ма тектілік?
Жүрген соң ба әлде жарлығы?
Бәленше-екең деп тұрып, –
Тік тұрды оған барлығы!
Бір жасап оның кезінде, –
Кеңейе берді тағы ірге;
Сабазың тұрды сөзінде,
Әйгілеп түгел лагерьге.
Офицер байғұс жар сала, –
Халықтық рухқа бас ұрып;
Былай деп айтты баршаға, –
Мерейін елдің асырып:
«Өнердің кені дала шын,
Өтті ғой сонда жас күнім.
Көрсеңдер салт пен санасын,
Білсеңдер ізгі дәстүрін!
Мырзалар, достар, бәріңе,
Мұны айту менің борышым:
Ақ ниет, адал дәміне, –
Басымды иемін сол үшін!
Серіге серік болғандай,
Тұлпар мен тазы, қыран құс;
Кіршіксіз көңіл ол қандай,
Мейірбан елге мың алғыс!
Бауырмал, адал досыңдай,
Күн сүйген күліп маңдайын;
Халықты, міне осындай,
Құрметтеу керек әрдайым!»
Бұл да бір тағдыр белесі,
Жылжыды солай біраз күн...
Айтады уақыт төреші, –
Кім әділ, кім ақ, кім азғын?!:
 Соғыстың соңы... шалт басқан,
Жау кетті... лагерь болды азат;
Соры мен бағы баттасқан, –
Оралды елге сол қазақ!..
Жар болсын оған Жасаған,
Ұш еркін «Қараторғайым»!..
Бұғаудан, тордан босаған, –
Еркіндік құсы ол дайым!
Өтті ғой солай жасын боп,
Басынан елдің бұл бір сын;
Атылды салют, шашылды от...
Офицер қайда, кім білсін?!.
Өтті ғой күндер қаншама, Боялды нұрға дала тың;
Әлемге сол ән жар сала, – Қағады талмай қанатын!
Еркіндік келді далаға, Дауысын еркін соза алар.
Саз құйған азат санаға, – Бибігүл, Ермек, Розалар!..
Ел ұқты елдік, парыз не? Өтті ғой ол кез, ол қайғы;
Берлинде, Лондон, Парижде, –
Шырқайды «Қараторғайды»!..
Қырандар – елдік белгісі, Қияда қанат қомдайды!
Еркіндік құсы, ел құсы, – Азаттық жырын толғайды!
Болмасын соғыс... сор қайнар... Қырандар торда қалмасын!
Қалықтап «Қараторғайлар», Еркіндік құсы самғасын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу