Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  186


Автор: Тортай Сәдуақас

Сәт сапар

Жақсының жарқын жолын таңдап едім,
Бағым да, бақытым да алда менің:
Сәт сапар, ақ батасын арнап бізге,
Қоштасып қала берді ардагерім!..
Сүйген жар жанарынан назын бағам,
Сырым да, жырым да сол жазылмаған.
Өмір жоқ бұдан мәнді, бұдан нұрлы,
Бақыт жоқ бұдан артық қазір маған!
Болашақ енжарлыққа төзе алар ма?
Жол ашық ісі құнтты, сөзі адалға:
Жасампаз ерлікпенен, махаббатпен,
Зымырап жастық дәурен озады алға!..
Жолаушы – адам мінген бір кемеге,
Бөлеміз, ала ауыз боп, ірге неге?
Ақ жолды таңдай білсек пайымменен, –
Ұрпаққа болар анық үлгі-өнеге!
Жол таппай адасса адам, ол жақсы ма?
Бәрінен елді алдаған оңбас, сірә.
Жеткізу бүкіл елді мұратына,
Алдымен байланысты жолбасшыға!..
Жаңғыртып Жібек жолын, елдің атын,
Күн туар ерлік іске бел буатын:
Дәуірді дүбірлетіп келер ұрпақ, –
Көздеген жол мұратын, ел мұратын!..
Талаурап тартқанда алға жол, сағалар,
Отанға өрелі ұрпақ олжа салар.
Аталар жолы бізді адастырмас,
Адамзат мұратына болсақ адал!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу