Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  188


Автор: Тортай Сәдуақас

ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ ЖЕТІНШІ ЕСТЕЛІГІ

Ардагердің БАМ-да инженер болып істейтін немересі Көшаманның хаты.
Ізденіп жатса талпынып,
Ізіңді басқан ізгі ұлан;
Шыңдарға шықса шарқ ұрып,
Шаттанбай қайттік біз бұған?!
Батырға елі теңеген,
БАМ-дағы жастар сапында;
Жолымды қуған немерем, –
Жазыпты былай хатында:
«Жорықта жүрміз жол салып,
Кеудесін үңгіп таулардың!
Сібірдің қатқан соншалық, –
Сілкінтіп тоңын аудардым!
Үйреткен өзің ұсталық,
Тигізіп талай пайдасын;
 Талабым күнде ұшталып,
Меңгердім машық-айласын.
Ерте кеп, кейде соң қалып,
Етемін еңбек төзіммен.
Жолымды жүр ғой оңғарып,
Үйренген әдет өзіңнен!
Сен айтқан адал сыйластық,
Кең ашты маған өрісін.
Былай қап көңіл қимастық,
Шын достар берді қол ұшын!
Табысып сан ұлт ұланы,
Тапқандай бағын Тайшеттен.
Жатсынбай сұхбат құрады,
Келсең де мейлі қай шеттен.
Табиғат қатал демесең,
Өткендей заман қатыгез:
Тайгада жоқ деп келешек,
Тантыды-ау талай пақыр, ез.
Осында патша айдаған,
Отанның озат ойларын;
Ерлердің еркін байлаған,
Көк темір құрсап бойларын.
Таба алмай Тайга өз бағын,
Аң безіп, құсы ұшты үркіп:
Халықтың қанша боздағын,
Қор қылды мұнда
«Істік мұрт»!?.
Бас ием мәңгі рухына,
Жандардың сол бір пәк таза;
Биліктің көнбей ырқына,
Азаттық үшін тартты аза!
 Сары аяз сорып түздерде,
Жер сібір болған қанша адам.
Жылуын берді ол біздерге,
Шуақты таңды аңсаған!
Байлығы БАМ-дай қайда өлкең,
Демесең елден алыс тым.
Арынды істер жайды өркен, –
Арманы болған арыстың!
Бүгінде сол бір ой-арман,
Қақты ғой еркін қанатты;
Сібірлеп Сібір оянған,
Тамылжып Тайга таңы атты.
Жатыр ғой қанша сыр тұнып,
Жұмбақ боп елге сырттағы;
Оянар енді сілкініп,
Сібірдің көне ұлттары!..
Әкеліп бақыт азат таң,
Жүзінде жарқын нұр ойнап;
Құтылып қайғы, азаптан,
Құлпыра түсті бұл аймақ!
Қазына, құтын ақтарды,
Қаншама кеніш қордасы;
Ақтарған сансыз ақпарды, –
Бүгін ол ғылым ордасы!
Шарқ ұрған бұл бір жас ұлан, –
Шыдатпай алау жалыны:
Бойында қаны тасыған, –
Ғасырдың күре тамыры!..
Миллион аттың күшімен,
Отанның жүгін тартты өрге:
Ел-жұртын ерлік ісімен, –
Шығарар түбі нақ төрге!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу