Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  301


Автор: Тортай Сәдуақас

ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ ЕКІНШІ ЕСТЕЛІГІ

Қызыләскер Дәулеттің «Астық жинау керуенінде» болып, Ресейдің аштық көрген аймақтарына астық жөнелтісуі.
Қаптаған қапас түнекті, –
Қақ жарып қызыл күн шыққан!
Шаттыққа бөлеп жүректі,
Шуақты өмір құлшынтқан.
Келмеске кетіп кер заман,
Кеңестің туы желбіреп;
Кемелге келіп ел жаңа,
Кемеңгер тұрды елжіреп:
«Кебінің дайын не керек, –
Кебеже қарын, кең құрсақ!
Кебек жеп, киген кебенек, –
Кембағал, серпіл сен бір сәт!
Ойлаған обыр құлқынды,
Қарақшы көзі қанталап;
Шабуға жаңа жұртымды,
Антанта тұр ғой анталап.
 Қаптады небір қашқын сұм,
Қылышын қайрап құлшынып;
Бесікте жатқан жас қыршын, –
Қалсын деп мәңгі тұншығып.
Шап бермек шалып түсуге,
Аяғын аттап басса деп;
Жинады қайрат-күшін де,
Жалындап өскен жас Совет!»
Ерлерді оққа байлаған, –
Болар деп қауіп түбінде;
Лепіріп ақтар жайлаған, –
Украина мен Сібірде!
«Еділдің бойы ен тоғай», –
Егілген елі Еділдің:
Ерлердің ойы – ел қамы-ай,
Еріккен, буржуй, не білдің?!
Сәбилер қанша ашыққан,
Қарайды бәрі үмітпен.
Сол үшін көсем асыққан, –
Нан іздеп азық-түлік пен!
Азаттық алып бауырға,
Арайлап атып таң келед.
Қамаудан шыққан қауымға,
Алдымен нан, нан, нан керек!..
Көне күн көмген шаңына,
Көтеру керек шығысты;
Нан керек, нан-нан тағы да,
Атқару үшін бұл істі!
Деникин, Колчак, Врангель:
Өрт қойса қалың егінге:
Астық бар – білсін күмәнді ел,
Тың жатқан қазақ жерінде!»
 Ойлайды көсем барлығын,
Кеңесіп, төнед картаға:
Қамы үшін қазір жарлының,
Нан болса – Сарыарқада!
Әрлі де берлі өткенде,
Тықсырып тағдыр Сібірге;
Қарайтын алыс бөктерге:
«Құтты жер осы түбінде!»
Табылды шұғыл шарасы, –
Темір жол тартпақ сол үшін.
Қазақтың жомарт даласы,
Ресейге берсін қол ұшын!
«Жақын тарт, жақта, түсіндір,
Үмітін ізгі жалға елдің.
Комиссар, жауапты ісің бұл,
Оң сапар, жолдас Жангелдин!..»
Таныстық ұлы іс сырымен,
Жиналып жаңа ел қосыны.
Сәкеннің сұңқар жыры мен,
Бастады бізді Досұлы!
Салмақ сап елден іздеттік,
Дән жидық қырдан, қамбадан.
Кіреші болып біз кеттік,
Маңдайдан сүйіп маң далам.
Абырой бұдан бар ма асқан, –
Ақтауға көсем үмітін;
Әйтеуір тыным алмастан,
Тасыдық астық күні-түн!
Сол көште жанын тербетіп,
Зорыққан мынау атаң бар.
Бесті аттан берік бел кетіп,
Ақиық болған атандар.
 Көрмейміз үйді сан айлап,
Жортамыз шалғай, жол да ауыр.
Астық та берді талай қап,
Аузынан жырып жарлы ауыл!
Комиссар айтса ел сенді,
Келді деп елге жарық күн:
Біреулер болды белсенді,
Біреулер – «жауы» халықтың.
Алғашқы ревком елдегі,
Жәкен мен Шонтай, Дайыр-ды.
Қараулық билеп пендені,
Туыс пен достан айырды.
Бай-манап босып төрдегі,
Төңкеріс болды әр үйде.
Комиссар болып өрледі, –
Тарақты Әбдуәли де!..
Жаңаға бетті бұрғанда,
Белсеніп шықты бәрі тең:
Сағындық, Айып, Құрман да,
Шаймерден, Садық, Қабыкен!..
Жігіттер жүрді арымай,
Қанарын қаптап күн ұзақ.
Сейсімбет, Есім, Сағынай,
Қоңырбай, Хасен, Жанұзақ!..
Ұмыт боп қажып-шаршаған,
Шыңдалар жігер-намысың:
Марқаяр және барша адам,
Шығынсыз жеткен дән үшін.
Көңілім бірге тасыған,
Жеткізген қыруар астыққа:
«Тойынар енді жас ұлан,
Қалған ел болса аштықта!»
 Ұрынбай қауіп-қатерге,
Керуенді бастау, рас, қиын.
Қорқу жоқ сонда қаперде, –
Жүреміз біз де тас-түйін.
Соңыңа салып бір сұмын,
Жағалап жардың астымен:
Жасайды түрлі қырсығын,
Жауыққан жандар қаскүнем.
Әйтеуір кірді берекем,
Сыр бермей қиын сынақта.
Ерлердің даңғыл жолы екен, –
Жеткізген бізді мұратқа!..
II. Қауышқан құшақтар
Жолдар, жолдар – сабылған алыс қырдан,
Байқаған бәйгеге сап, жарыстырған.
Жақсының жолы қандай жарқын еді,
Тәнті етіп тамам елді табыстырған...
Қарт еді қажымаған салса ауырға,
Қуаныш сыйлап еді қанша ауылға;
Вокзалға көп келіпті ел, жас ұландар,
Халықтың қалаулысын қарсы алуға.
Қарттардың жоралғы етіп ақ тілегін,
Көңілім көл-көсір боп жатты менің.
Жетті еркем мойныма артып ақ білегін:
«Шырыным, Шырынгүлім, тәттім едің!»
Шарпыған махаббаттың ізгі лебі,
Толқиды қыздың жаны, үздігеді:
Серт беріп сүйе тұра, күйе тұра
Тәкаппар, неткен нәзік қыз жүрегі.
– Сырымды енді қайтіп ұқтырамын,
Көңілдің бердім саған ықтиярын.
 – Ынтыққан іңкәрлікпен жүрек мынау,
Төріне қонса екен деп құтты ұяның!
Тап болдық әйтеуір бір нұрлы шаққа,
Қарт сарбаз тебіреніп тұрды сапта.
Күлкі мен қуанышын қанша адамның, –
Сиғызып бәрін үлкен бір құшаққа!
Үлкенге деген сақтап салтын ізгі,
Құрметтеп жатыр бәрі қартымызды.
Бізді де ертіп кетті серігім деп,
Бұзбастан қарт сыйласқан қалпымызды...
3-ші сұхбат
«Алыстан ат терлеткен қандай ұлан?
Кетпеген баламыздың таңдайынан,
Шырынгүл өзің бе едің, айналайын, –
Дейді қарт, – жарылқасын маңдайыңнан!
Жұп болып жүзсең жөн-ақ түу алысқа,
Дау да бар, дауыл да бар бұл ағыста;
Құрметтеп бір-біріңді сыйласыңдар,
Бірге боп қайғы менен қуанышта.
Еліңе ілтипат қыл ізетпенен,
Асылын алдырады күзетпеген;
Жеткізбес жол мұраты серік таппай,
Өмір сол, асу бар ма біз өтпеген!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу