21.03.2022
  799


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘКЕМНІҢ ЕКІ ӘҢГІМЕСІ

Ол жас жігіт кезінде «Халық жауы» атанып, Сібірге айдалады. Бірақ алланың жазуымен сол айдаудан мерзімінен бұрын оралып, ұзамай соғысқа кетіп, сол бетінде Курскі иіні бұзылған күндері тұтқынға түседі. Аты-жөні – «137231» (?) нөмірлі тұтқын талай қиындықтар көріп, ақыры Италиядан бір-ақ шығып, Болонья өңірі, Пиза қаласындағы лагерьде темір бөшке жасайтын зауытта жұмыс істейді. «Бір күні күзетші немістер аяқ астынан сап болып, зауыт қаңырап бос қалды. Сол уақытта сарала танктер де қаптап келді. Бұлар одақтастар әскері – американдықтар екен. Олар бізді түгендеп, өз лагерлеріне апарды. Жақсы тамақ, жаңа киім берді. Көтеріліп қалдық. Ішімізден командирлер сайлап, әскер тәртібімен топқа бөлді. «Сенің етің тірі ғой» деген жігіттердің қолқалауымен американдықтардың тізіміне қатардағы мен де «сержант» болып жазылып кетіп, ойда жоқта екі айдай «взвод» басқардым. Содан Кеңес өкілі – бір генерал келіп, бізді алып қайтпақшы болды. Тұтқындардың көбін Венаға жинап, әскери трибуналдың соты болды. Мұнда да еріксіз, күзеттеміз. Кейбіреулерді түн ішінде «үндемес» алып кетіп жатады. Мен де тексеруден өттім. Бір күні бәрімізді сапқа тұрғызып, ақ тон киген солдаттармен бізді бірнеше топқа бөліп шығарды, біздің топты Жапония жаққа апармақшы болып, эшолонға мінгізді. Бірақ жолшыбай, ол жақ тынышталған болуы керек, бізді батыс Украинаның Станислав (?) қаласына түсіріп, «Авторемзаводқа» жұмысқа салды».
Елде жүргенде тракторшылар курсында оқығаны бар ол бастықтың жүргізушісі болып істейді. Бірде мынадай оқыс оқиға болады. Таулы-қыратты жер, сайға түсіп келе жатқанда машинаның тежегіші істен шығып, шарасыздықтан жарқабақтағы жалғыз үйді жарып өтеді, құдай сақтағанда ішінде жан баласы жоқ екен. Қасындағы командирімен бұлар да аман қалады. Үйді бәрі жабылып, бірер күнде жөндеп береді. «Үшінші рет сотталудан, тағы бір ажалдан құдай сақтады. Содан ұзамай елге жеттік қой, бұған да мың да бір шүкірлік» дейтін Қазекең...


1-тарау
Еркелетпей аз әулеттің серкесін,
Ер басына түскен екен ерте сын.
Буындары қатпай жатып бұл әкем, –
Тағдырының тартыпты ауыр тертесін!
* * *
Аңыз қылып айтсадағы ел тегі,
Өмірі оның емес еді ертегі.
Кейінгіге сабақ болсын дегендей,
Әңгімесін әкем былай шертеді:
– Сор айдаған қайда барсаң – сол қазақ,
Түстім бе деп түсінген тұс жолға азат.
Арпалысқан ақ-қызылдың алдында,
Аталардың көргені ол да болды азап!
Балуан Шолақ, Айдапкелдей қажының,
Сыйласы боп, көрген тағдыр жазуын, –
Қуанышбай би де өтіпті күресіп,
Теңдік сұрап, түзден іздеп азығын.
Ұлықтары теңдік бермей орыстың,
Тартып алған көбін ата қоныстың.
Барымтаға шықтық біз де намыс қып, –
Байыбына барар болсаң сол істің...
Ол кәззаптар елге жау боп қатерлі,
Малын талап, көп машақат әкелді.
Қия басса қиянат қып, түрмеге, –
Тықпақ болған Сейсекең мен Сәкеңді!?.3


Жаңа заман көрінгенше сәулеті,
Ел қатарлы бар қоңырқай дәулеті,
Тезге көніп, тез мұратқа жетпепті, –
Қуанышбай, Жұбанышбай әулеті.
Топқа кірген қоңы жақсы қорынбай,
Өзі балуан, ақылға ұста, көңіл бай:
Қуанышбай орнын басар дейтін ел,
Қол бастардай болыпты атам – Қоңырбай!
Зарыңды да естімейтін тап керең,
Тағдыр деген қайың безі қатты екен:
Тұяқ қалмай... Сәду атам артынша, –
Қоңыр көкем... көшіпті ерте, әттеген!?
Жәкіш шешей – домбырашы, көрікті,
(Көріктіге көрсеқызар бөрікті);
Жесір қалған көзіне әлгі жақсының, –
Көз салып та ел, сөз салып та көріпті.
Көз тиді ме, көкеміз жоқ сонымен,
Салмақ артып тағдыр тағы сорымен:
Туысқандар қолқасымен жас ұлан, –
Жеңгені алған әмеңгерлік жолымен...
– Ол кезде де аз ба шолақ белсенді,
Белсендінің бөскеніне ел сенді.
Арманда боп кетті айдалып сан боздақ,
Көтертпейтін кез еді ғой еңсеңді.
Колхоз құру – басқа бақ боп қонбапты,
Қала салу – ала салу болмапты.
Ел басына түскен сын да бұл үйге
Талай рет тағдыр бұлтын торлапты.
Қасындағы ағайыннан қас шығып,
Қоймашы боп жүрген жаңа жас жігіт;
Жаламенен кете барған айдалып,
Адасқанға қайрат – қосшы, басшы – үміт...
 Елді аздыру шығады ез бен бұзықтан,
Сол тұстағы сұрқиялық біз ұққан:
Көре алмаған бірі, шенге жалбақтап,
Ал біреуі «жесіріне» қызыққан.
Қайран әкем кеткен солай айдалып,
Тағдыр жолы әкетпейді қайда алып?
Қор болыпты қолқанаты бір үйдің,
Қолға – бұғау, кеудеге шер байланып.
Байкал асып, Улан-Уде маңында,
Ертелі-кеш тыным болмай жанында;
Қар жастанып, мұз бастанып жүріпті ол,
Қорлық көріп қу тірліктің қамында.
Өткен күннің өкініші көп әттең,
Тордан жол сап тоқсан түрлі тораппен, –
Буряттармен тіл табысып, лагерьге, –
Нан да әкепті су тасыған Көкатпен!..
– Мұқышұлы Қасымбек топ басында,
Аю Тасан, Хасен болды қасымда!
Шолақ тоным сақтап қалды жанымды, –
Қар үстінде жаттық боран-шашында!?.
Ер басынан ерте неге тайды бақ,
Елі шалғай, ер көңілі шайлығад:
Дүкен ұстап, көріпті азап Зейнел де, –
Інісі ше Әтіш атам – Шаймұрат!
Жел өтінде жүргенде сын, дауылда,
Жаны ашып ол айтады екен бауырға:
– Жеңгең келед, пұл тығындап, сені де
Қази, бірге алып қайтам ауылға!..
Алдырмайтын апарсаң да қай дауға,
Әкем менің, түспейтұғын майда ауға:
Жас баладай жасып, көзге жас алып, –
Дейтін: «Зекең мерт болды сол айдауда!..»
 – Аққожа атаң Архангельге айдалды,
Арыстар-ай, табар қайдан қайранды?
Арып-ашып мерт болыпты? – деп сонда, –
Әкем бойын тағы да ауыр қайғы алды...
Қиыр Шығыс теміржолы салынған,
Сол құрылыста әкем тауы шағылған;
Жерден қазған тар қапасты лагерьден, –
Тез шығуға әрекет қып сарылған.
– Қайрат қылдым, басымнан күн ауғанда,
Жөнін тапсаң шешілмейтін дау бар ма?
Жақсы адамдар беріп жатты жәрдемін,
Жәкіштің де жақыны бар ауданда!..
Павел деген Шортанның бір орысын, –
Тауып алып, беріпті ол да қол ұшын;
Жастық жігер жігін тауып шаруаның, –
Жазған екен көруге ата қонысын!
«Халық жауы» – ар-ожданын әлемдеп,
Ақымаққа ақ екенін дәлелдеп;
Көп азапты көріп әкем лагерьден, –
Үш жылда елге оралыпты әрең деп!
– Қажкен бала, Қырға кеткен мал бағып,
Марқұм болған Жәкіш ол да жан ғаріп;
Үй жоқ, Бөжің ала сиыр – талшығы, –
Мектепте екен, үй сыпырған жан бағып.
Өз үйіңсіз өмірде бұл құт бар ма,
Дау боп басым, дауыл ұрып жыққанда;
Сатыпты үйді кіші әкеміз Әпикөн, –
Қысылғанда пұл болар деп ұққан да?
Өз үйімді сатып алдым Хасеннен,
Бес қыз да жас... басы Балкен, Әсеммен...
Қошы болмай Қошкен атаң сыртта жүр,
Артымдағы бауырым да жас ерген.
 Тескентаудың дәмін солай татып ек,
Басымызға туды сол күн ақырет;
Жақын тартты жолдас болып, жора боп,
Аталарың Бекболат пен Ахмет!
Жәкен марқұм айтады екен: «Бауырым,
Өзің деймін жігіттің бір тәуірін:
Жарап-ақ тұр жасағаның тіршілік,
Екі сиыр – бір жаздағы сауының!»
Ел қатарлы енді үмітім ақталып,
Құрбыға сыр айтам ба деп ақтарып,
Жүргенімде... Қызған кезі соғыстың, –
Қан майданға кете бардым аттанып!...
2-тарау
– Майданға ендім Курскінің түбінде,
Көз алдымда сол оқиға бүгін де:
Аяп мені аруақ аян берді ме,
Жебеді ме әлде қолдап пірім де!?
Сыз окопта сарқылған шақ күшім де,
Қас қағым сәт көз ілініп, түсімде:
«Ауылдағы Қара бие астымда, –
Қияға өрлеп келем таудың ішінде!..
Тастар құлап, тас қып ұстап сақтанып, –
Жануар-ай, әрең келе жатты алып;
Шың басына әупірім деп шықтым-ау,
Шыңырауға құлағалы шақ қалып!?.»
Қас қағымда көргенім сол... Отты лаң
Өрши берді... қылар айла жоқ бұған;
Оқ бұршақтап, қызыл өрттің ішінде, –
Ажалменен арпалысты көп қыран!
Екіленіп мылтық үнін тыймады,
Екі жақ та төгіп бомба, минаны;
 Екі сағат зілзала боп майданда,
Екі жүздей келген танк қирады.
Атылмаған мылтық та бір – таяқ та,
Таяқ емес, тұсау болды аяққа.
Шебін бұзып, шегінтсек те жау қолын,
Қайта шауып, келді бізге таяп та?!.
Курскіде бекінісі дұшпанның,
Талқан болып, басынан бақ ұшқан күн:
Андыздап жау сол атыстың артынша, –
Мен өзім де тұтқын болып ұсталдым...
Еркін дәурен басымызда тұрды аз-ақ,
Айдап кетті... айдалада бір қазақ...
Аяғынан айырылған байғұсқа, –
Айнала алмай кеттім әттең – бұл да азап...
Азап, аштық – көрген басым бәрін де,
«Иә, аруақ!» деп, жалбарынып тәңірге;
Тағы келдім түрме деген зәлімге,
Тұтқын болып түстім концлагерьге!..
Украина, Белорусия жерінде,
Келе жатсақ тұтқындардың легінде;
Картоп алып кей әйелдер шықты алдан, –
Ит пен оқтан қаймықпайды-ау, тегінде!..
Алыс жолда ар-ожданын сынайды ер,
Тарықтырған тағдырына жылайды ер:
Аты-жөнсіз – қарғы тақтық мойынға, –
«Ақтеркеде», бастық – соқыр Шнайдер.
Азабыңнан кеше ғана азат ем,
«Үйдегі таз – Бұқарда да таз» екен:
Сабақ болып Тескентауда көргенім, –
Көндігіп те кеттім! – дейді Қазекең.
– Тауқыметпен көріп жүрген таршылық,
Қазақтың да шал-шабаны баршылық:
 Ортасында еті тірі, жасы – мен,
Оларға да қарасамын сарсылып.
Бір үзім нан – азығы боп бәрінің,
Талшық еттік картоптың да қабығын.
Ол аз болса, дүре соғып, беріш боп, –
Көтертпейді оң жауырын әлі күн...
Қапаста сол қатып-семдік, басылып,
Күнім үшін мен де айламды асырып:
Апта сайын үш-төрт шелек картопты, –
Күл астына көміп кетем жасырып.
Тар қамауда жүрген жандар қысылып,
Сол картопты отқа қақтап пісіріп;
Бір тойынып қалушы еді, жүргенде
Аштықтан да, таяқтан да ісініп.
Ортасына түсіп елдің олжам бар,
Нәр болатын аш өзекті ол жалғар;
«Картобыңыз таусылатын күн бар ма, –
Қазеке?!» – деп, мәз болатын сол жандар.
Есіл көңіл ертелі-кеш елге алаң,
Естен кетпес шетте шіркін шерлі анаң;
«Бұл еңбегің ақталар!» – деп жүрді олар, –
Желдей есіп жетсек дейді елге аман!
Тірлік үшін талай сынмен таласып,
Сан тағдырлар тіл табысып, жарасып;
Елге аман жетеміз деп болдық мәз, –
Өзімізше құмалақ сап, бал ашып...
Жаяу шарлап Еуропа елдерін,
Италия болды ендігі келгенім:
Верона мен Болонья – Миланда,
Жұмыс істеп, күнін көрдім пенденің.
«Жарлы көзі – жалыншақ» боп күнің бұл,
Тұмандатып тұрды заман бұлыңғыр:
 Сонадайдан тасбақа еті аңқыса, –
«Сорпа ішетін болдық, – дейміз, – бүгін бір!»
Тауып алып орыстың бір кемпірін,
«Жезде» үйін де көрдік кезіп жер түбін:
«Он алтыншы» жылдан қалған медбике, –
Шай-суанын берді апамыз – ер құнын!..
Одақтастар азат еткен біздерді,
Бір жақсылық ойда жоқта жүз берді;
Соғыс бітті, қайтамыз деп енді үйге, –
Сарғаямыз, сағынамыз түзде елді.
Елеңдейміз, енді уайым жеңілдер,
Көтеріліп еңсесі де көңілді ел:
Араласып кетті бізбен тіл тауып, –
Алпамсадай Әмірқандық негрлер!..
Екі айдан соң өкіл келді Кеңестен, –
«Азаматын шығарады ел неге естен?!» –
деп қуандық, қауіп айтты біреулер, –
Ит жеккенге айдайды деп егеспен!?.
Түстік тағы тағдырдың бұл тезіне,
Туған жерің елестейді көзіңе;
Есіл көңіл елеңдейді ел жаққа, –
Генералдың ұйып айтқан сөзіне!..
Тар қапаста қалған соң ба тарығып,
Елді аңсаған біз байғұстар зарығып;
Біреуге ерсі, көзімізге жас та алдық, –
Өзге түгіл, орыс тілін сағынып!..
Бейбақтардың бұл үмітін жалғай ма,
Жайыңды ұғар заман қайсы, заң қайда?
Тұтқынсың деп тұқыртар деп күйзеліп,
Кей боздақтар қалып кетті шалғайда...
Жат қолында жадап-жүдеп шаршаған,
Әуре-сарсаң болды тағы қанша адам;
 Қылмысым жоқ, арым таза, әйтеуір, –
Өлсем дедім елге жетіп аңсаған!?.
Венаға әкеп – қаралаған, ақтаған,
Тексеруден өттік тағы қаптаған;
Біреулерді іздеп түнде «үндемес», –
Қайырылмай кетіп жатты қақпадан?..
Ақырында бізді топтап Шығысқа, –
Алып тартты Жапонменен ұрысқа...
Басылған соң ол өрт те тез, жолшыбай, –
Карпатқа әкеп салды тағы жұмысқа!..
Демалыс ап келдім содан елге мен,
Мауқымды бір бастым жүрек кернеген;
Тілеуқорлар болды, бірі – «Тұрекең», –
Жақын тартып, ортамызға кел деген!
...Үйдің ішін үрей билеп үріккен,
Тірі өлтіріп, тілеуқорды түңілткен:
«Қазидың оқ басын жұлып кеткен!?» – деп,
Ез де бопты елдің ішін іріткен.
Аман өтіп асу-асу асқардан,
Жаңа күнім жайлап солай басталған;
Бірде алдырып, бірде қапы қалдырып, –
Тағдыр түлкі бұлаң қағып қашты алдан.
Қи шығардым, қияға да самғадым,
Қиялға алып ата сөзін жарладым;
Қияметтік дос боп қалдым ізгіге,
Қиянаттың тарттым қанша зардабын.
Жасы үлкенге жарқын күліп жанастым,
Жақсыларға жаным ұйып жарастым,
Озбырменен тура сөйлеп таластым,
Жетім-жесір көрсем аяп қарастым,
Тауқыметтің тар есігін сан аштым.
 Ат мініп, ас беріп көрдім дуды да,
Жалақор мен көрдім жанжал, шуды да;
Тағдыр айдап таттым кермек, уды да,
Ашынғанда жұттым ащы суды да!..
Дәулет қуып кеткенім жоқ дәуірлеп,
Ашық айттым, ащы да айттым бауыр деп;
Аяғымнан шалды кейбір шалдуар,
Балағымнан алды кейбір шәуілдек!?.
Ешкімге тек жасағам жоқ қысымды,
Батырмын деп батырғам жоқ тісімді;
Біреулері жанымды адал түсінді,
Кейбіреуі баспақ болып мысымды,
Қыңыр деді, қисық деді ісімді.
Жаман да өтті, жақсы да өтті басымнан,
Қиындықты көрдім неше жасымнан;
Жайым да жоқ жалған сөйлеп жасырған,
Жан емеспін басымнан сөз асырған,
Жалынышпен жерім де жоқ бас ұрған,
Жаман да өтті, жақсы да өтті басымнан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу