Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  310


Автор: Тортай Сәдуақас

БАЛУАН ШОЛАҚ, АЙДАПКЕЛ ҚАЖЫ, ҚУАНЫШБАЙ БИ

Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) Баймырзаұлы – қазақтың қаһарман ұлдарының бірі. Бір сырлы, сегіз қырлы өнерпазға арналған іс-шаралар кейінгі жылдары Ақмола облысының Бұланды ауданынан бастап, Жамбыл облысында, республикамыздың басқа өңірлерінде де жүйелі өткізіліп келеді. Балуан туралы бұрын да бірталай шығармалар жазылған болатын. Соның ішінде, С. Мұқановтың, Е. Мырзахметовтың, Ж. Бектұровтың және т.б. сүбелі еңбектері халыққа кең тарады. Дегенмен бұлардың арасында да заман ыңғайына қарай жығылу, тарихи деректерді дәл көрсетпеу кездесіп отырады. Әсіресе, Балуан Шолақ аталарының Арқаға келу ыңғайы, сіңіскен елі, араласқан жұрты, өскен ортасы дұрыс берілмейді. Әрине, тарихи шындық әлдеқайда тереңде жатыр. Үйсін ауылына қатысты екі пікірге ден қоюға болады. Біріншісі, олардың қалмақ шапқыншылығына ұшырап, Абылай жасақтарының, Атығай-Қарауыл қолының құтқарып қалуы, сөйтіп аласапыран заманда Көкше елін паналап сіңісуі. Екіншісі, Қоқан басқыншыларының Ұлы жүздегі зорлық-зомбылығы да орын алған, ағайын арасындағы «құн» дауына байланысты елден ауа көшкен бір әулеттің Атығай елінен пана тауып, тамыр тартуы. 1907 жылдардағы жер-суды хатқа түсірген құжатта Балуан Шолақ ауылы (аталары) сол кездің өзінде аталған төңіректе 150 жылдан бері қоныстанған деп көрсетеді. Бұл деректерді 1830 жылдардың шамасынан бері қарай ұшырасатын мұрағат құжаттары да растайды. Сол құжаттардан Балуан Шолақтың өзінің ғана емес, әкесі Баймырзаның, атасы Жарықшақтың да Көкшетау өңірінде ержеткенін байқауға болады. Екі елдің байланысының мынадай жағдайдан да тамыр тартатын тұсы бар. Ертеректе Көкшедегі Атығай-Қарауыл елі Ұлытауға дейін жайлауға шығып, ол көш кей жылдары Шуға дейін де шұбырып кетеді екен. Оның үстіне, патша өкіметі тұсында да, осы күнгі төлқұжаттық тексеру сияқты, үш жыл сайын түтін салығы жиналып, келген-кеткендер тіркеліп, түгендеу жүргізіліп отырған.
Осы ретте Көкшедегі Сәмбеттердің ағайын болып сіңіскен елі, өсіп-өнген ортасы, қыс қыстауы, жаз жайлауы бірге болған, тіршіліктің ащы-тұщысын бірге татқан ел-жұрты, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» пана болған елағалары туралы әңгіме туындайды. Бұл ретте Балуан Шолақтың аталары да, өзі де қоныс тепкенде, жерсуға ие болғанда алдымен Атығай-Қарауыл еліне бауыр басқаны байқалады. Олардың негізгі сіңіскен жері, араласқұралас болған елі – Майлыбалтаның Кәдір Көкі, Елтоқ, Бағыстың Даңқой, Әйтімбет аталары, Қарауылдың Қараша, Қанай бұтағы және Қырғыз ауылдары. Жанбота болысқа наз айтқан Біржан бабамыздай, Балуан Шолаққа да өнеге көрсетіп, өнер үйреткен, қамқор болып, қанат бітірген, бата беріп, баптаған, жол бастап, жөн көрсеткен ел дегдарлары аз болмаған. Мұнда да елді аузына қаратқан билер мен шешендер, өнерімен өрге жүзген шеберлер, жауырыны жер иіскемес палуандар өткен ғой. Балуанның нағашы жұрты да осы төңіректегі Қарауыл Қанай би шыққан қадірлі әулет. Кеңес өкіметінің тұсындағы келеңсіздіктермен кедейдің күйін күйттегендер ғана сорпаның бетіне шыққан кезеңде, әлгіндей тарландардың талайы қасақана да, заманның қасіретінен де қаға берісте қала бергені рас... Содан әріде бұл ауылдың кереймен керегесі кеңейіп, қыпшақпен құты молайып, қалың жұртқа қанат жаяды. Аталардың ізгілікті жолы жалғасын тауып, әкімшілік бөліністе, көші-қонда бірге жүргендіктен Балуан Шолақ ауылы Бурабай өңіріне қарасты Терісқыстаудағы, Мапыраштағы Атығай (Кіндікқарағай ауылы) елімен қатар қонып, тығыз қарым-қатынаста болған. Жанғал батыр, Қарабай, Наурызбай (Даңқой), Жұмық, Бекбау сынды елағалары Сәмбеттің Сатыбалды, Жарықшақ сияқты сыйлы азаматтарын бауырына тартып, қамқорлық жасаса, кейінгі Айдапкел би, Қуанышбай, Ахмет, Жылқыбай, Шорым, Файзолла, Сейсімбет секілді ел жақсылары Балуан Шолақ, Қапез қатарлы өнерпаздармен жақын араластықта болған. Сол ізгі дәстүр, құда-жекжаттық сыйластық әсте үзілген емес...
 Атақты әулеттің бүгінгі ұрпақтары да елге сыйлы азаматтар. Соның ішінде Шайдолла Шолақов бірнеше жыл
мектеп директоры, аудандық білім беру бөлімінің бастығы,
Бұланды қаласының әкімі болды.
Жақсы – елге ортақ. Олай болса, Ақмола аймағында да,
Тараз бен Шу өңірінде де, қазақстанның барлық жерінде
тарлан тұлғаның атақ-даңқы асқақтап, жақсы адамның үлгіөнегесі жас ұрпаққа жұғысты бола берері сөзсіз.
Шалқыған ән базарын, шіркін, қызып,
Шырайын кетірген не, шырқын бұзып?
Шайқалтып шаңырағын тойлы ауылдың, –
Балуанды басынғандай бұл кім бұзық?!
Ұлықтар сан қыдыңдап, сан шіреніп,
Қорлықпен берген кезде қамшыға ерік;
Батыр ғой, қолын қаққан зорлықшының,
Қаскөйді қан қақсатқан қарсы келіп.
Пәтшағар пәле іздейді қысылмай-ақ,
Тұрса да қылмайды елең күшің қайнап.
Соңына түсіп алды момын елдің,
Өшіккен өңшең ұлық тісін қайрап.
Шығарған неше түрлі сұмдықты ұлық,
Балуан ба барар оған құлдық қылып?
Тағы да таңды, міне бір өсегін,
Өңірін «Қотыр-Шортан» дүрліктіріп!
Парақор, ардан безген, сатқын неме,
Ұлыққа неге жала жаптың деме;
Арсыздар айғақ таппай, ел ардағын, –
Алты күн қамап та алды «Ақ түрмеге»!
Шаңдатып, ел қотанын бұрқыратып,
Малды айдап, балаларды шырқыратып;
Ауылға кеше де кеп, ойран салды,
Топ жендет тінту салып, мылтық атып!
 Талайын лақтырса да аттан алып,
Басына iс түскен бұл шақта налып,
Тұнжырап үйiнде отыр ел еркесi,
Жайсыздау «ұры» деген атқа қалып.
«Әй» деген ер жiгiтке ол да салмақ,
Қастандық ендi одан да зор жасалмақ...
Соңына түскен сұмдар, ел ардағын
Аңысын аңдып жүрiп торға салмақ?
Осылай «сексен өгiз» жаласы ауып,
Балуанның аспаны тұр аласарып.
Ағайын, досжар ара түспесе егер,
Ұшпаққа жетер емес дара шауып?
Басына пәле үйiрiп, мұң торлаған,
Батырдың қызығын деп кiм тонаған?
Жапсарлас Ораз-Жарқын ауылынан, –
Келiптi бүгiн тағы бiр топ адам.
Атаның жолын бәрі ырым қылар,
Топ жарған мұнда да көп жырындылар:
Ауыл бұл – қонған Кіндік-Қарағайға...
Атаған Мапыраш деп бұрынғылар!
Мапыраш – Қайрақтының саласында,
Ел еді бауыр басқан жарасымда;
Айдапкел, Қуанышбай – елағасы,
Сейсімбет, Байзолла бар арасында.
Тастыөзек, Балуан жұрты – Басқарағай,
Елінде жүріп кімнен жасқанады-ай?
Қадірлі меймандарын күтіп алып,
Қуанып есі шықты жас баладай!
Сырласып, сұхбат құрып, артты құмар,
Не істейміз деген де ертең сақтығы бар.
Кең толғап келешекті кешіп-пішіп,
Әр жайтты ақылдасып жатты бұлар.
 Айдапкел қажы:
Ұлықтар қамшы үйіріп, айыпты сап,
Ел жүр ғой дауыл ұрған қайық құсап;
Бірге боп басымызға іс түскенде,
Жақсыға тұрған елміз жайып құшақ!
Қуанышбай би:
Ағайын, қатар қонып, қауымдасқан,
Не жәйттер өтіп жатыр ауыр бастан.
Жазылмас құшағымыз, жайсаңдарым,
Атығай – Үйсін болып бауыр басқан!
Балуан Шолақ:
Билер-ау, кім шаппаған дала шебін?
Кіріптар болған шығар шамасы елің.
Патшаның құзырына ерте көнген, –
Атығай-Қарауылдың баласы едің.
Билер-ау, бұзықтарды құрықтар кім?
Айтсаңшы жөнін ата ғұрыптардың.
Бодан боп не таптық біз, пайдаң қайсы?
Қорлығы өтті ғой бұл ұлықтардың?
Қуанышбай би:
Уа, Шөке! Алдамшы ма алғашқы үміт?
Жер-суды алды патша заңдастырып.
Қонақжай болу бізге керек болды,
Тұрған соң ел мен елді жалғастырып.
Боларын сезсе де ерлер арты қыспақ,
Патшаға қарап – алдық сәл тыныстап;
Жан-жақтан жау қысқанда, жақын тұттық,
Қазақтың меймандостық салтын ұстап.
Жер-суды келімсектер тартып алып,
Атаның аза берді салты қалып.
Болмаса шынжыр балақ, шұбар төстер,
Жақсылық көре алмапты жалпы халық.
 Осылай дінімді алып, тілімді алып,
Ақ патша аярлығы білінді анық.
Желегі желмен ұшқан жырымдалып,
Не қалды Бәйтеректен бұрынғы алып?!
Рас ол – ата рухы аласарып,
Келгендей өнер-білім, қала салып;
Тек езгі ел жанына жара салып,
Аздырды аз ғана елді пара, салық...
Қала жөн, қайдан бірақ түрме келді?
Іріткі салып елге, ірге бөлді.
Бұғаулап тар есіктен сығалатты,
Ен түзде емін-еркін жүрген ерді.
Айдапкел қажы:
Татумыз қарапайым халықпенен,
Тамыр боп, табиғатын танып келем.
Азабын ауыр тұрмыс бірге тартып,
Арбаға жегілдік бір қамытпенен.
Нан берді, идіріп ол жер емшегін,
Достықтың танып білдік кең өлшемін.
Жай халық жақсылығын аямады,
Ұялап жүректерге терең сенім.
Балуан Шолақ:
Аталар сөзі ұрпаққа мұра десек,
Керауыз келтіргендей Құдаға шек:
Патшаға бодан болған «Төрт момынды», –
«Шоқынды» деп кейбіреу қылады өсек?
Қуанышбай би:
«Шоқынды» деген елге, ол не қисын?
Көргенсіз дозақы отқа көрде күйсін!
Қанық қой мәрттігіне «Төрт момынның», –
Сыр, Қуаң, ойдағы Алшын, өрдегі Үйсін!
Тастаған ақ патшаға тақырға айдап,
Кеудеде ыза мен кек жатыр қайнап!
 Тарығып тар қапаста келеді әлі, –
Таба алмай қара халық ақыл, қайрат?
Сұм патша не құйтырқы тапты амалды,
Алдырды ауыл-аймақ жатқа малды.
Туған жер тұрақ болмай, кейін сырғып,
Қайырсыз қанша қоныс артта қалды.
Сан боздақ мерт болса да оқ қадалып,
Зорлыққа шықтық қарсы шоқпар алып.
Шеніне келтірмеді шенеуніктер,
Әділдік таба алмадық сотқа барып.
Жендеттер жерге таптап намысымды,
У қосып ұлықтары бал ұсынды.
Көнбеген талабына талай ерлер,
Айдалып итжеккенге сағы сынды.
Елдегі ойыны – ойран, ісі – бүлік,
Кісі деп елемеді қысып ұлық.
Тоз-тоз боп кете барды тозған ауыл,
Қамымен бала-шаға мысы құрып.
Түсінсін қайдан менің шерімді ұлық,
Сан боздақ қалған жоқ па жерінде ұлып?
Саумалкөл – Шарықтас та адыра қап, –
Тықсырып келед әлі шегіндіріп?
Сорасы көзден ағып сорлы ауылдың,
Кетпестей кеудесіне қонды ауыр мұң.
Көндігіп азабына, мазағына,
Өтінде тұрдық қанша сол дауылдың?!
Айдапкел қажы:
Қайран ел қарап жатып жан бақты ма?
Қажытып жирен сақал, қалмақ құба?
Ерлерім,
ел басына қамшы ойнатқан
Жайратып салған жоқ па ед Жармақты да!
 Болсын деп анам да аман, балам да аман,
Адам көп амал таппай алаңдаған.
Қайран ел қапа болған, жалаң төсін
Қылышқа тосып тұрып жалаңдаған?
Аяққа аярлықпен басылған ар,
Осы жәйт талай ердің басында бар!
Азаттық ала алмайды, азап көріп,
Азамат басын қоспай ашынған әр!
Бұл сөзім аян болар зейінді ерге,
Аждаһа аузында – мұң сейілген бе?!
Патшаның бізге ойраны қатты тиіп,
Әлсіреп жетіп жатты кейінгі елге...
Бұл ойдың айта берсек толғағы көп,
Алса да даласын сел, орманын – өрт,
Атығай-Қарауыл мен Керей-Уақ, –
Бір шетте жатты қазақ қорғаны боп!
Балуан Шолақ:
Туған жер қуат беріп, қайрат қылам,
Пейілің, беу, ағайын, айғақ бұған:
Дем бердің, демеу болдың көтермелеп,
Жер бердің Тастыөзек пен Қайрақтыдан!
Атығай-Қарауылым, панасың-ақ!
Ауылыңа жиі келем нағашылап:
Адал дәм, ақ пейілің алабөтен, –
Алдымнан шығатұғын таласып-ақ!
Табылар қайдандағы ерге мекен,
Сіңісіп жортуылда жерге бөтен:
Сонау кез аталарым Көкшетауға,
Жетісу, Шудан бері келген екен!
Қоқаңдап мұнда – патша, онда – Қоқан,
Сол кезде Көкше бізге болған Отан!
Атығай қоныс беріп, қамқор болып,
Көгеріп-көктеп өстік оң батадан!
 Өмірдің мәні – жақын сыйластықта,
Таныстық айналды енді қимастыққа.
Көбейді жақын-жегжат, жанашыр дос,
Мал беріп, қамбамызға құйды астық та!
Достарым, көрініп тұр көмейің ақ,
Бұл Көкше бар қазақтың мерейі нақ!
Абылай басын қосқан Үйсін, Алшын,
Арғын мен Қыпшақ, Найман,.. Керей-Уақ!
Күн бұлай болады деп бал аштық па?
Табылар тірі болсақ мал, астық та;
Ешкімді алаламас ақ көкірек, –
Не жетсін, міне осындай жарастыққа?!
Кешегі Пірәлі, Әзбай, Жанғал, Меңді,
Наурызбай – жаудан ығар жандар ма еді?
Қараман, Қазанғаптай – аталарым, –
Солармен бірге ақ жолға салған елді!
Төнгенде басымызға талай сынақ,
Беріп ең, нағашылар, арай-шуақ:
Қараша Балғожа би, Қасым ерлер,
Даңқойда Алтай палуан, ер Айшуақ!
Дәл осы жақсылардан қалған текті-ау,
Батасын беріп еді балуан Бекбау!
Аюды алып соққан қайсар еді, –
Мерт болып, ішінде көп арман кетті-ау?!.
Бас қосқан қалың Арғын, Керей, Қыпшақ,
Бар еді ел ішінде мерейлі шақ.
Сыйласып, серік болып сал Біржанға,
Жігіт боп сынға түсер көбейді сәт.
Үлгі алып, ұстаз тұттым сері Ақанды,
Сыйласым Иманжүсіп ер атанды.
Бауырым Қапез жүрсе езді сынап,
Өлеңге қостым өзім ел, отанды.
 Жанбота, Нығметжандар топқа кірген,
Тоқсанбай, Сатыбайлар атқа мінген;
Жанбатыр, Шәймердендер өнер іздеп,
Дәулетбай, Балташтарды жақтадым мен.
Ерлерін елесе елі – бұл да құрмет,
Сонда ұрпақ жамандыққа бұрмаған бет;
Жақсылар дәмдес болған: Жанбота, Иса,
Шорым би, Мәжіке, паң Нұрмағанбет!
Ахмет, Қуанышбай, Айдапкелім,
Қатарым, қадірлесім, қайраткерім;
Соңыңда Мәткен, Қалқыш жігіттер бар,
Демей жүр қанатыңмен Қайрақты елін.
Ер жігіт маңғаз жекжат, досыменен,
Ержеттік өркендеп ел, өсіп өрен.
Менің де аруақты атам жауды қуған, –
Сәмбетте ер болыпты Қосы деген!..
Өмірдің қайғысы мен думанында,
Бір жүрген аз ба жекжат, туғаным да;
Сиректеу болсадағы барыс-келіс,
Бар дейді көп ағайын Шу маңында!..
Бағалап батырыңды, жыршыңды елеп,
Жас ұрпақ ел дәстүрін білсін, демек;
Елім деп өткен сол бір аталардың,
Аруағы бәрімізді жүрсін демеп!..
Қасымда қалың елім, қарындасым,
Қайрат-күш басымдағы бағым ба шын;
Дұшпанның өнеріммен мысын басып,
«Сындырдым Корень палуан қабырғасын!»
Тұра ма ердің басын дауыл ұрмай,
Заманның болып тұр ғой дауы мұндай.
Әлемді алты айналып кетсем бе еді,
Қайрат қып Қажымұқан бауырымдай!?.
 Аралап мен де елімнің сан қиырын,
Көкшемнің жырлап келем әр биігін;
Атойлап Ақбозатпен, «Ғалия» деп,
Әйтеуір әнмен бастым жан күйігін.
Қатарым Қожахмет Кәдірдегі,
Жаурыны жер искемес қадырлы еді;
Исажар, Хайдар, Қожкен – жас перілер,
Сындырмас сынға түсіп сағымды енді!..
Айдапкел қажы:
Аруақты ер еді деп заты неткен,
Батырлар көп қой елге аты кеткен;
Мапыраш мекеніміз болса біздің, –
Қазақтың Қарасайдай батыры өткен!
Таппаған тұл бойынан жаты да мін,
Атығай Жанғал батыр аты мәлім:
Тұяғы тұлпарының тимеген жер
Қалмапты, шарлап байтақ атырабын!
Әрі би, әрі шешен білгені көп,
Халқының өткен екен діңгегі боп;
Жағалап Жайықты да, жақсы өмірді
Көксеумен Көкшеде өткен күндері көп!..
Көргенде шапқыншыдан зорлық Отан,
Батырдың бәріне осы болды ма тән?
Жомарт боп, жөн сілтепті ағайынға, –
Менің де Қосым атты сол бір атам!..
Сіз айтқан Бекбау балуан – бұл да ағамыз,
Қалың ел қайрат-күшін қылған аңыз.
Мерт болып кетседағы мезгілсіз ол, –
Батасын берген екен ұлға нағыз!
Апамыз Қалампырдың бағы ашылып,
Мерейін Баймырза аға тағы асырып;
Қоныпты Қанай бидің құты мұнда, –
Батырым, топты жардың дара шығып!..
 Балуан Шолақ:
Ел қамы ер жігітке міндет деген,
Қадірі сол ерлердің кімге өтпеген?
Білеміз Жанғал жайын, аңыз ғып ел,
Қонақ боп хан Кене де құрметтеген!
Кенедей ер парызын кім ақтаған!
Қан кешіп, туған жерден жырақтаған.
Азаттық аламын деп арпалысып,
Ақ туын Абылайдың құлатпаған!
Елміз бе ежелден-ақ дауымыз бай,
Жақсыға жала жаптық жауымыздай;
Ақ патша айласымен мерт болды ғой, –
Қиянда Кенесары-Наурызбай?!.
Айдапкел қажы:
Туғандай ел басына ғарасат күн,
Болды ғой дала сонда ала шапқын.
Бұл зұлмат басымызға түсер талай,
Заманы келмей ақыл-парасаттың.
Қуанышбай би:
Аяр жау алауыздық тудыруға,
Жақсыңды елден жырақ қудыруға;
Қазақтың жанды жерін тапқан түрі-ау,
Айдап сап атыстырған руды руға!?
Өмірі талай ердің өтті азапта,
Бұйырар күн бар ма екен бақ қазаққа;
Өр рухы күрескердің күйремесін,
Сындарда сүрінбесін Ақбозат та!..
Жүрген ер жетегінде тәтті үміттің,
Ырқына түспесе екен жат құрықтың;
Тақырға айналмасын Тастыөзектер,
Мөлдірі лайланбасын Аққұдықтың!
 Балуан Шолақ:
Әр судың басында отыр казак-орыс,
Барады қалмай елге таза қоныс:
Жырымдап жайылымды бөле-бөле,
Апшыңды қуырғандай аз-ақ өріс.
Япырмай, сиқыр бар ед қандай мұнда,
Тағдыр-ай, тар болғаны-ау маңдайдың да;
Ояздар аяз болып қысқанда елді,
Обырдың ойып көзін алмаймын ба?
Достар-ау, белгілі топ жарғаның да,
Жоқ еді жалтағың да, жалғаның да;
Нығырлап айсаң етті сол оязға,
Дуанға билік айта барғаныңда!
Шеріңе құлақ асар қайда шебер?
Мұратқа жетуге сөз байласады ер.
Жүретін бір жағадан бас шығарып,
Жігіт пе, тимесе елге пайдасы егер?
Қуанышбай би:
Тілеулес болған елміз қайратты ерге,
Мал жапқан Ұзынкөлге, Маймақкөлге;
Аяйтын дәулет жоқ деп аяулы ерден,
Ақ сөзін айтып тұр ғой Айдапкел де!
Құтырған қара таппай ұрынарға,
Ұлықтың лаң салмайтын күні бар ма?
Би деген болмаса атым жағаласқан, –
Біздерге теңдік берер түрі бар ма?
«Ақысын момын елдің жеме, сен» деп;
Өзімше зорлықшымен егесем кеп.
Айтысып арсыздармен күндер өтер,
Ел сергек болса жатпен теңесер ме ек?!.
Бұйырған бірде – нәрі, бірде – зәрі,
Болмайды ойлағандай күнде бәрі;
 Біреуге есе әперсем пайда, әйтпесе,
Билігім меніңдағы кімге дәрі?
Айдапкел қажы:
Шалқыған шен-шекпеннің арқасында,
Заман сол, заң да ұлық қалтасында.
Ұялас қасқырлар ғой, тап-тап берсе,
Зардабын ақыры өзің тартасың да!
Жарлының жатқанда аз-маз малын талап,
Паралап, жеңе алмайсың, барымталап.
Біреуі кетсе ұлықтың, бірі келер, –
Кім бізді, құдайым-ау, жарылқамақ?!
Балуан Шолақ:
Есерлер ел тұмсығын қанатты ұрып,
Момынды қоямыз ба талаттырып?
Сонда не, өлеміз бе қарап тұрып,
Қу дүниені кетпейміз бе талақ қылып?
Тартатын болсақ біздер ақыры айып,
Аттанып, ата аруағын шақырайық!
Қараның қанын сорған ұлық болса,
Тізені біз де сұмға батырайық!
Қырандай ұшқан байыз таппай құзда,
Ордасын обырлардың шаппаймыз ба?
Қорқақтап жата берсек бұқпантайлап,
Жігіттер, ана сүтін ақтаймыз ба?
Тілеуқор аз емес қой маңайымда,
Ісіміз үлгі болар талай ұлға.
Дегенмен Жетісуға барсам деймін,
Қол созып алыстағы ағайынға?!
Айдапкел қажы:
Елім деп ерлер аз ба көз ілмеген,
Сол жайлы көп толғанам өзім де мен.
Кенеден кейінгі бұл күніміз не,
Келеміз тірлік қылып төзімменен.
 Жөн болар осы ойды әзір мақұл деген,
Басқадай, батыр, не деп ақыл берем?
Қызынып қызыл өртте қап жүрмейік,
Бір оқтық болып тұрмыз батыр деген?!
Қуанышбай би:
Ей, Шөке, талай жәйтті тудың көріп,
Кіжінбе күшпен жауды қырғың келіп.
Байзолла нөкер болған, – Иманжүсіп,
Мәди де жүрген жоқ па қуғын көріп?!
Айырмай алтын мен жез, қалайыңды,
Сұм өмір қор етті ғой талай ұлды.
Алды-артын баққан дұрыс ақылдасып,
Аралап алыс-жақын ағайынды.
Барып қайт... Алатауға аунап-қунап,
Байыптар бағланын баурап Дулат!
Онда да – ата жұртың құрақ ұшқан,
Басыңнан елің барда аумапты бақ!
Барып қайт... бой тасалап ұлықтан да,
Ұлықтар зұлымдығын ұмытқан ба?
Абай бол опасыздан, батырдың да
Құны не қара пұлға құныққанға?
Барып қайт... Жетісуға,Ұлы жүзге!
Жақсының жалғап кеткен жібін үзбе.
Біріміз сеп болмасақ бірімізге,
Болады барақатсыз күніміз не!
Жерлетпей жетесізге елдің атын,
Кез шығар бас бірігіп, бел буатын.
Қаймағы бұзылмаған қазақ еді,
Аңдап бақ ел тілегін, ер мұратын?!
Білмеймін, артың жайлау, алдың жар ма?
Құсамен мерт болды ғой сал Біржан да?!.
Сайлайық ат-көлікті, сапар оң боп,
Тілеулес болар ерге барлық жан да!
 Жігіттер шығып жатқан талай кемел,
Қалқан боп қайын жұртың Қанай келер!..
Дәулетбай, Қожахмет, Балташың бар, –
Бәрі де өзіңе жақ маңайдағы ел!..
* * *
Қалғанда ел мұңайып, батыр – жасып,
Дем берді тілеуқорлар ақылдасып;
Сері де серпіліп бір, жоспар құрды, –
Келгендей пәтуаға мақұлдасып...
Болса да жақсы сөзге елі құмар,
Оңаша сырласқандай тегі бұлар:
Төрдегі екі би мен, қасына ерген, –
Сейсімбет, Байзолла атты серігі бар...
Жақсылық шықпаса да күнде алдыңнан,
Жақсы сөз жан сарайын нұрландырған:
Қол жайып, тізе бүкті, бата сұрап, –
Ас ішіп болған кезде бір балдырған!..
Ірілік танытқандай пошымы ана:
Дейтұғын Құдайберген осы бала.
– «Би-еке! Пейіл білдір жеткіншекке,
Адам боп, түбі үйірге қосыла ма?
Балуандай шарлайтұғын атағы елді!» –
деп Қажы, сөзін Биге тақады енді:
Би-дағы бір серпіліп, толғанып ап,
Балаға пейілдене бата берді!
Қуанышбай бидің батасы:
Көнелердің көзі еді, Көп әулие сөзі еді;
Бісміллә деп сөз бастар, Бізге келген кезегі.
Балам, балам, бақты бол,
Досқа жұмсақ, дұшпанға қатты бол.
Жиреншедей жезтаңдай,
Қаусырма жақты бол!
 Абылайдай көсем бол, Әйтімбеттей шешен бол.
Қанай бидей қадірлі, Ер бол, аман-есен бол!
Жәпек сынды батыр бол, Құлсарыдай батыл бол,
Дәулет ердей дәуірлеп, – Дұшпан итке батыр қол!
Қазыбектей дана бол, Салып кеткен сара жол,
Төле бидей төрдегі, Ел-жұртыңа пана бол!
Әйтекедей алшында, Киең болсын қамшыңда.
Арысы боп алаштың, Алқа топта аршында!
Бөгенбайдай айбатты, Қабанбайдай қайратты,
Ауызыңа қарат сен, Алыс-жақын аймақты.
Өр бол Көкжал Барақтай, Жауды бетке қаратпа-ай,
Ұланы бол үш жүздің, – Құйрық пенен қанаттай.
Уақтағы Баян бол, Алты алашқа аян бол,
Баурыңа тарт жұртыңды, Бәйтеректей саяң мол.
Жәнібектей жол баста, Жанатайдай қол баста.
Тоқтамыстай топ жарып, Кенеле бер мал-басқа!
Шал ақындай терең бол, Саулап тұрған өлең бол,
Абайділдадай кемел бол, Едігедей ерен бол!
Жылғарадай зілді бол, Қайтпас қара тілді бол.
Дәулеткелдідей дәулетті, Аққошқардай пұлды бол.
Пірәлідей сырбаз бол, Маңдай сынды маңғаз бол.
Монтай ердей майталман, Сұлтанқазыдай шахбаз бол!
Кенесарыдай ту ұста, Кең бол, кекті қуыспа.
Мейманыңа қонақжай, Мейрімді бол туысқа!
Наурызбайдай өжет бол, Қарындасқа қажет бол.
Арыстандай шешен боп, Тоқжандай тіл безеп көр!
Айтып өткен нақылды, Аплотандай ақылды,
Шыңғыс төре ұлындай, – Алашқа жай атыңды!
 Орынбайдай ойлы бол, Иманжүсіп бойлы бол,
Қосымбайдай қойлы бол, Қоңырқұлжадай тойлы бол!
Ақандайын сері бол, Ақыл-ойдың кені бол,
Атығайдың ері бол, Қарауылдың Кері бол!
Атығай мен Қырғызда, Қолың жетпес жұлдыз да,
Шөжедейін тіл безеп, Тура атқанда тұрғызба!
Біржандай бол Керейде, Көмбе алтыны көмейде,
Ұтыс берсін жұғыс боп, Алтын сақа кенейге.
Шолақтай бол үйсінде, Көпке пайдам тисін де,
Иіп беріп нәріңді, Иіле біл, исінбе.
Тілмашы емес болыстың, Өнерін бақ орыстың,
Мәмбетәлі мырзадай, – Өсуіне өрістің!
Ұлық емес, кішік бол,
Ынжық емес, пысық бол.
Дүние бір итжығыс,
Додасына түсіп көр!
Жанғалдай-ақ батыр бол,
Тезекбайдай ақын бол.
Қажымұқандай қайратты,
Бір өзің онға татыр бол!
Жәдігердей мырза бол,
Түлеп ұшып құзда бол.
Періштелер көтеріп,
Тілегіме рза бол!
Өзімдей-ақ қазы бол,
Туралықтың тәжі бол;
Ағайынға қолы ашық,
Айдапкелдей қажы бол.
Атан тартпас алып бол,
Адам таппас жарық бол,
 Қағанағың қарқ бол,
Сағанағың сарқ бол.
Қызың – қияға, ұлың ұяға қонып,
Қызығына қарық бол!..
* * *
Егесіп өтсе де ерлер жаманатпен,
Мұратқа жеткізбеді заман, әттең?
Солардың батасын ап, үлгі көрген, –
Елім деп ер жетті сан бала әдеппен!
Сейсімбет, Құдайберген, Байзолла ерлер , –
Заманға жетті өздері талап еткен.
Сейсекең сексенде де сергек самғап,
Сүрінбей сүріпті өмір қанағатпен.
Сарқытын сіміріп ек сырлы аяқтың, –
Сырды сол жыр ғып айтқан манағы өткен!
Хаттарын шежіренің, шер-наланың, –
Қарт уақыт ұшырмапты желге бәрін;
Жалғасқан баба сыры, ұрпақ жыры,
Оқиға одан әрі елге мәлім...
Жас ұрпақ, көне соқпақ ізі деп біл, –
Келелі ісің болса келген әлің!
Талайдың қаны тамып, тері сіңген,
Жасаған деме ерлікті «мен ғанамын».
Біздің бұл жеткен биік, жақсы өмірге, –
Еңбегі сіңген небір ер, дананың!
Солардың рухын сыйлап, атын еске ап,
Ұл-қызын ұлықтайық кең даланың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу