Өлеңдер ✍️

  20.03.2022
  300


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан мен аталық Құлсары батыр

Құлсары батыр:
Хан-ием, қондың биік тұғырыңа,
Патшаның қарайлайсың ұлығына;
Арасын батыс-шығыс талмай шарлап,
Осындай рзамысың ғұмырыңа?
 Ел бетін терістікке түзегенде,
Өнер мен білімі бар жүзеді өрге:
Пана жоқ бұдан басқа, тілімді алсаң, –
Ресейден күдеріңді үзе көрме!..
Ақсарбас айтқан, қолын қанға малып,
Ертеңге елдің рухын барған алып;
Қиында ақыл қосып, демеу болған, –
Батырсыз, бағлансыз – хан да ғарып?
Болғанда халық таудай, хан тарыдай,
Абылай, ел деп туған дарқаным-ай!
Бөгенбай, Қабанбай мен Жәнібексіз,
Жәпексіз, Құлсарысыз – жарты Абылай?!.
Өзіңмен сан асудан асып едім,
Әрдайым оң тізеңді басып едім.
Қанша жыл айнымастай серік болдық,
Рза ғой еңбегіңе асыл елің.
Қазақтың кие болып алабы бай,
Бақ-құтын берген еді дана құдай.
Батырлар тірек болып, халық қолдап,
Мерейің үстем болды, хан Абылай!
Абылай хан:
Құлсары, қанды көйлек досым едің,
Сен білмес сырым бар ма осы менің?
Қан кешкен кезімізге куә емес пе, –
Кең дала ұялаған төсіне күн!
Не өтпеді басымыздан бұл ғұмырда,
Көрдік қой сырын да оның, сұмдығын да;
Жол салып батыс-шығыс арасында,
Ел болып қалыптастық шындығында!
Аға хан, Әбілмәмбет, Әбіл ағам,
Азаттық жолында ол да арымаған.
Сырласып, сыйластықпен өтті күндер,
Үмітін артып жүрді тағы маған.
 Тартқан жоқ тарлан ағам тізгінімді,
Дүние көз алдымда жүз құбылды;
Халықтың болашағы, ертеңі үшін
Аға ұрпақ жауаптымыз біз бүгінгі!
Санасты Әбілқайыр, Жолбарыс та,
Өр кеудем толы болды толғанысқа.
Жарасып жақсылармен кеңес құрдым,
Ежелден ел ісіне болған ұста!
Үлгі боп бабалардың ісі бізге,
Көп жұртты тарта білдік ішімізге.
Ханы боп алты алаштың айбаттандым,
Қош көріп ұлы жүз де, кіші жүз де!..
Қарсы алды қошеметтеп елім мені,
Көтерді көпшіліктің сенімдері;
Тілеулес бола білді Бөрі сұлтан, –
Күйеу ғой Қарақалпақ жеріндегі!
Ел құты – Қалқаш, Игі, Есенаман:
Пана боп, енші берген кеше маған;
Хан болсын, қара болсын, қадірі артып,
Халықтың құрметімен өседі адам.
Бөгенбай мінгізді де Нарқызылын,
Елдіктің сахарада салдым ізін.
Азаттық күресіне бастап елді,
Бөлісіп келем оның бар қызығын.
Дәулетбай ағам берді Шалқұйрығын,
Тараған тұлпар еді жал-құйрығын;
Жеткізді мұратыма сол тұлпарлар, –
Қолыма алдым елдің бар билігін!
Елімді салайын деп құтты жолға,
Көкшетау, Бурабайға тіктім орда!
Аттандым алты алаштың басын қосып,
Билігі болса екен деп мықты қолда.
 Ол рас, күш бердіңдер маған дайым,
Біріксек болдық берік қамалдайын:
Бұқар мен Төле, Әйтеке, Қазыбегім,
Жәнібек, Бөгенбай мен Қабанбайым!
Жалғыз мен қайтер едім, ел болмаса,
Құлсары, дәл өзіңдей ер болмаса:
Зейнетін көрер ұрпақ бұл еңбектің, –
Ен жайлап байтақ жерін ең болмаса.
Ел үшін күш-жігерін қосқан дайым,
Бөкенбай, Әбілқайыр, Қошқарбайым,
Шақантай, ер Жәнібек, Құдайберді, –
Ерлігі Жәпек, Барақ, – дастандайын!
Маңғазы маң даланың Малайсары,
Дәулетбай, Жәпек, Қайып, Қанай, Сары,
Жарылғап, Андықожа, Рысқұлдан, –
Дұшпанның сынбап па еді талай сағы!
Сұлтанбет, Қожаберген, Оразымбет,
Есенбай, Қыдыр, Серкеш, ер Әжімбет,
Ералы, Наурызбай, Мәмбет, Төлек, –
Өтемен өрге құлаш созамын кеп!..
Жолдыбай, Байғозылар ел қорғаған,
Жортпаған тұлпарлары жер қалмаған:
Жолымбет, Жабай, Тайлақ, Құдайназар,
Құттымбет, Иман, Өтеп, ер Қалдаман!..
Серігім бірі – Әлімбет, бірі – Өтеген,
Парызын ерлер қанша шын өтеген:
Тұрсынбай, Дербісәлі, Ақшора, Рай,
Олжабай, Саурық, Мамай, Құлекемен!
Елшібек, Жауғаш жаудан өш алады:
Қареке, Нияз, Өмір, Досан, Әлі..,
Баймұрат, Ақан, Қазы, Шотан, Есет,
Байжігіт, Райымбек пен Қосағалы!..
 Сардары сахараның Сары, Баян,
Бақтыбай, Ақтанберді бәріңе аян.
Сырымбет, Қожамберді, Тілеулідей, –
Ерлер көп ұрпаққа үлгі, кәрі баян...
Өзімше дүниені кең өлшедім,
Ханға да халық рухы берер сенім.
Жайылған төрт қиырға төрт түлігі, –
Емізсем дедім елге жер емшегін!..
Шалғайым Түркістан мен Созақ қала,
Кеңейген өрісіміз о жақта да;
Күні ертең кең тыныстап жатары анық, –
Алты алаш басын қосқан азат дала!
Ел үшін ата жаумен қырқысқанда,
Жер үшін қаскөйлермен жұлқысқанда;
Ағамыз Әбілмәмбет ол да жүрді,
Жолатпай жаудың қолын Түркістанға!
Түркістан ұлы хандар қонған орда,
Ауысқан билік құты қолдан қолға.
Арулап қойып ұлы аруақтарды, –
«Арғынның ақ сарайы» болған ол да!..
Ханы мен қайрат қылған халқы бірге,
Түркістан, Көкшетаумен алтын ірге.
Құрылтай шақырғанда суыт жүріп, –
Жетуші ек аттан түспей алты күнде!
Даламның талмай шарлап төрт қиырын,
Талпындым шешуге оның көп түйінін.
Арбасып айдаһармен, самұрықпен,
Басымнан талай сындар өтті қиын.
Сұңқардай сахарада шырқап ұштым,
Дұшпанмен бірде алыстым, бір табыстым.
Шығыста Қытайменен мәміле ғып,
Батыста патшаменен тіл табыстым.
 Күшпенен жуасыттым манаптарды,
Санасып сарт пен естек сабақ та алды,
Киесі-ау азаттықтың рухтандырған, –
Қабанбай, Бердіқожа, Барақтарды!
Билігін жасап тұр ғой патша қатын,
Жазыпты алқаға да, ақшаға атын.
Қамалып қалың жаудың ортасында,
Шақ боп тұр бап шаппайтын, бақ шабатын.
Салғанмен өнері асып қала, шаһар,
Озбырда болмайды екен парасат, ар;
Өлтірді-ау сан боздақты қазық қағып, –
Зорға деп қашты емес пе Қарасақал?!.
Патшаның көне бермей дегеніне,
Өмірдің бойлау керек тереңіне.
Сақина тілегендей сау басына,
Жат жұртқа құлдық ұрып керегі не?!.
Құлдырап құл болып ед қазақ кімге,
Көрсе де бірде сынақ, азап бірде;
Бодандық ноқтасына басты сұқпай,
Ұрпағым жете берсін азат күнге!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу