Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  533


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан мен Әмірсана ноян

Абылай хан:
Қалмақтың қадірлісі Қалдан-Серен,
(Сол кезде кеудемізге толған шемен),
Жақсының көзін көрем қалған сенен.
Жан еді атышулы, айласы мол,
Көріп ем құрметін де, жалғаншы емен.
Ел болдық бір – қабылан, бір – арыстан,
Жер үшін, жемтік үшін мың алысқан;
Басқаға ақыр түбі жем болармыз,
Мерт болмай бекіспейді, сірә дұшпан?!.
 Жұлысып екі жыртқыш, тең бола ма,
Сүзісіп екі қошқар, ел бола ма?
Сиыспай сахараға сорлы ақыры, –
Айдаһар, самұрыққа жем бола ма?!.
Дұшпанның ісінен жан түршігеді,
Қайғыдан қара жер де күрсінеді:
Көп елді қойдай қырды-ау Ұлытауда,
Жайлауға келген кезде Үйсін елі...
Тұтқынға түсті батыр Көптуған да...
Қол ұшын бермек болдық көп туғанға.
Намысын жырттың сен де бұл қазақтың,
Батырлар атқа қонып кек қуғанда!
Бар қалмақ Әмірсана бола алмайды,
Мерт қылдың Ошыр, Қараш.., Боралдайды;
Опат боп Ордасымен Лама-Доржы,
Оқыстан тапты солай олар қайғы!
Шақшақтан шыққан батыр Байқұлағым,
Тағдырын ойлап қатты қайғырамын...
Қазақтың басын қосып, бақыт тауып, –
Мен қашан ат шаптырып той қыламын?!.
Жарқыным, жалаң қылыш, Әмірсана,
Алдымен керек ерге ар мен сана.
Ержүрек мінезіңді місе тұттым,
Мендағы қуанар ем табылса аға.
Бірбеткей бар еді ғой өжеттігің,
Жан ғой деп діні басқа сөз етті кім?
Мәміле, ымырамен ертеңді ойлау, –
Қалмаққа, қазаққа да қажет бүгін!
Өр тұлғаң от пен өртке қарылса да,
Майданға кірдің талай жаның сала.
Қалмақтың басын қоссаң жарар еді, –
Қойыттың бас нояны – Әмірсана!..
 Әмірсана:
Басқадан қазір менің жайым бөлек,
Сұм тағдыр бізді екіге айырды кеп;
Доржының қолшоқпары болып тұр ғой, –
Барғаттың бас батыры Сайын-Бөлек.
Дұшпанын қиратуға жау асығар,
Билікті қолына алды Лауашылар;
Қырқысты, қырық пышақ болды қалмақ, –
Білмеймін, мұның қандай дауасы бар?
Жақынын жемге бола бауыздаған,
Білмеймін жыртқыш па,
әлде жауыз ба адам?
Бауырлар басын алған бір-бірінің,
Білмеймін, біз бе екенбіз нағыз надан?
Білмеймін бағымыз ба, сорымыз ба,
Жүрміз ғой қан уыстап қолымызға.
Өкшелеп өмір-бақи келе жатқан,
Бір қырсық түсіп алды соңымызға?
Көміліп көкірегі шер-налаға,
Тығырық көрген біздің ел ғана ма?
Мал баққан елміз киіз туырлықты,
Неліктен симаймыз сол кең далаға?
Ішімнен булығамын, қорынамын,
Білмеймін, не пәлеге жолығамын?
Жем болып жүреміз бе қарақұсқа,
Күйіміз не болады соңыра күн?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу