Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  274


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан және Еженханның елшісі

Еженханның елшісі:
Береміз, міне Сізге «Ван» атағын,
Алтынға толады енді алақаның;
Ішінде алтын шатыр билік құрып,
Рахатпен атырасыз дала таңын!
Қалмақтар келген болса қапа қылып,
Береміз қалауыңша мата, мүлік;
Айтқанын екі етпейсің әміршінің, –
Міндетпен жүреді ғой қатар үміт!..
Талайлар телміретін бұл күнді аңсап,
Аласың Еженханнан тізгін – мансап;
Тыныштық бермей қойған сендерге де, –
Қалмақтың көзін құрту біздің мақсат!..
Сүйсіндік көзіңнен бір отты көріп,
Ұстарсың жау өтпестей шепті берік!
Шығасың айтқан күні шабуылға,
Қалмақтың ту сыртынан соққы беріп!..
 Қызып тұр тақ таласы, Қалдан өліп, –
Қалмақтың тағдыры тұр жарға төніп;
Қамалап екі жақтан қыспаққа алсақ, –
Еженхан алар Сізді хан көтеріп!..
Шақырсаң ынтымаққа ел арасын,
Аймақтың бекітеміз шекарасын;
Қалмақтың көзін құртсақ, жайылымға, –
Сендағы ұлан-ғайыр жер аласың!..
Сенбеңдер біреу айтқан қауесетке,
Мал-жаның алынады бәрі есепке;
Малыңмен үйір-үйір, отар-отар,
Келесің емін-еркін Шәуешекке!..
Саудамен не керекті алып келіп,
Пайдасын қуанады халық көріп;
Осылай Еженханға бой ұсынсаң, –
Жатасың дүниеге қарық болып!..
Абылай хан:
Біздағы ағайын ел іздеген ек,
Ол рас сауда-саттық бізге керек;
Мата мен мүлік, дәрі, қару келіп,
Түрленіп түлер еді түз керемет!..
Болдырмас ел мен елдің ерегісін,
Тілектес, қамқоршы жұрт керегі шын;
Патшалар пайымдасын ақыл қосып,
Халықтың кең пішуге кемел ісін!
Далаға толып кетті-ау құзғын, қарсақ,
Халқым ғой беретұғын тізгін – мансап;
Асауды астамсынған жуасыту, –
Қалмақтың құрту емес біздің мақсат!..
Қалмақ жау болғанымен, әріптесім,
Даланың тең жайлаған алып төсін;
Киізден туырлығы тамырлас жұрт,
Бастаған көне ғұннан халық көшін!..
 Қалмақ жау болғанымен, қоңсыласым,
Адасқан түзде одан жол сұрасын;
Қалмақ жау болғанымен, қоныстасым,
Тізгінін табиғаттың сол ұстасын!..
Олар да біз сияқты түздің елі,
Түз десе, елігеді, үздігеді;
Қырылып кетсе олар, үзілмей ме, –
Даланың, табиғаттың ізгі лебі?!.
Дүние емес менің іздегенім,
Жұртымның жалғау арман ізгі өнерін;
Тату боп Еженханмен сыйласамыз,
Түтіні түзу шығып түздегі елім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу