Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  341


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай сұлтан және Нұралы, Сұлтанбет, Әбілпейіз сұлтандар

Нұралы сұлтан:
Қазақтың ынтымақпен өскен елі,
Бірлігі мықтыдан жау сескенеді.
Әкеміз Әбілқайыр пейіл берген, –
Абылай, ісіңді алаш қош көреді!..
Жақсы ісің кеңейтеді өрісіңді,
Көп шаруаң құтайтады қонысыңды;
Аянып қалған жоқсың алаш десе, –
Әр жерде беріп жүрсің қол ұшыңды!..
Сұлтанбет сұлтан:
Бауырым, танылды ерек дара тұлғаң,
Қалмаспын ел бастаған санатыңнан.
Тағың да, талабың да құтты болсын,
Сүйермін серігің боп қанатыңнан.
Ел бағу міндетің де, борышың да,
Алдыңда асу жатыр толы сынға;
Қазақты ел қылам деп басың тіксең, –
Қасыңда Қасым, Шаншар, Орысым да!..
Әбілпейіз сұлтан:
Хан аға, үмітіңді ел бәрі ақтасын,
Бабалар жүрген үлкен санаттасың!
Қасымда қалың Найман қайрат қылған, –
Болармын қатар қонып қанаттасың!..
Абылай сұлтан:
Бауырлас сұлтандарым, серік болған,
Болайық туған елге берік қорған;
 Біздерге ел сенімін ақтау парыз,
Бақ шығар басымызға келіп қонған!
Ел едік тарихтың сан асқан белін,
Ақ жолмен асады өрге жас керуенім.
Есімнің ескі жолын есте сақтап,
Қасымның қасқа жолын қастерледім!
Тұрғанда мың құбылып бұл заманаң,
Пайда жоқ бәсеке мен құр жаладан.
Бір жеңнен қол шығару керек бізге,
Бірлікпен бас шығарып бір жағадан!
Нұралы, Әбіл, Бөкей, Орыс, Дайыр,
Қазаққа қатын патша өріс қайбір?
Алаштың азаттығын сақтап қалу, –
Бабамыз артқан бізге борыштай біл!
Арайлап атар әлі нұр таңдарың,
Шығарар шыңдап халық шын тарланын.
Елдікті сақтау – міндет, Жолбарысым,
Ералы, Әбілпейіз – сұлтандарым!..
Шыңғысым, Қасым, Шаншар, Орысыммен,
Берейін шыңға өрлесең қол ұшын мен;
Бірге бол, батырларым, сұлтандарым,
Әрдайым өздеріңмен өрісім кең!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу