Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  251


Автор: Тортай Сәдуақас

Нарт Бөгенбай батыр, Қабанбай, Жәнібек, Жәпек, Құлсары, Малайсары, Баян, Жабай, Өте батырлар және Абылай төре


Нарт (Бас қолбасшы) Бөгенбай батыр:
Ортаймас, ормандай көп қалың елім,
Қабанбай, Малайсары, Жәнібегім,
Құлсары, Жәпек, Қанай, Олжабайым,
Жанымнан табылдыңдар тағы менің!
 Туған жер тапталғанда жат табанға,
Майданда мерт болам ба, бақ табам ба?
Береке-бірлік болмай ел ішінде, –
Ұшырап жүрміз тағы «Ақтабанға...»
Мінекей, жауды жеңіп салмақтандың,
Шолғыншы қолы шығар қалмақтардың.
Қан майдан, қырғын соғыс бәрі де алда,
Жортуыл, жорықта бұл жан баққан кім?
Ерлігін аталардың жалғап тұрған,
Айналдық атқа қонған аруақты ұлдан:
Манағы жас батыр кім, шақыр маған, –
Шорастың бас батырын шаң қаптырған?!
Өте (Өтеген) батыр:
Бітпей тұр қалмақ-қазақ ерегесі,
Қозып тұр батырлардың делебесі;
Жас төре – ұлы еді ғой Уәлиханның, –
Баяғы Абылай сұлтан немересі!..
Нарт Бөгенбай батыр:
Жарайсың, «Абылайым», жас батырым,
Қадамың құтты болсын, тасқа тілім.
Дұшпанның қаптап келген көзін құртпай,
Азаттық жолында жоқ басқа тыным!
Жақсының көзі екенсің өзің де бір,
Бар екен бойда намыс, көзіңде – нұр.
Халқыңа қызмет қыл жанды салып,
Тасыған күш-жігерің кезіңде бұл!
Шықпайды жеке жортып жалғыз үнің,
Жебейтін халық деген бар қызырың!
Момынның жақсылары бата берер, –
Менің де серік болсын Нарқызылым!..
Шақшақ Жәнібек батыр:
Ел едік қызығы әсте тарқамаған,
Бел едік алаш жүгін арқалаған;
 Өркенің өсе берсін, Абылай төрем,
Қолдайды қайда жүрсең дарқан ағаң!..
Жәпек батыр:
«Ақжолдап» ағайын ек атқа қонған,
Әкеңмен ел едік қой сапта болған.
Абылай, төс тақасып дос болайық,
Бермеспіз ел намысын жатқа қолдан!..
Құлсары батыр:
Абылай, төрімізді ұсынамыз,
Жау шапса – ақ найзаңның ұшы да біз!
Өзіңді сұлтан сайлап, хан көтеріп, –
Төбеңнен дәулетқұсын ұшырамыз!..
Сардар Қабанбай батыр:
Абылай, қолым да әзір, халқым да айбын,
Салсаң да не қиынға тартынбаймын!
Қалмаққа кеткен елдің кегін алып,
Жасындай ел көгінде жарқылдаймын!..
Малайсары батыр:
Қалмақтың білемін ғой сырын көптен,
Сұм соғыс бәрімізді жырынды еткен;
Абылай, аға болып қолдаймыз біз,
Сыралғы болған досым Сырымбетпен!..
Баян батыр:
Болармыз енді біз де ерікті Орда,
Тұтылар дұшпан неме келіп торға;
Жер үшін, елім үшін жаным пида,
Ұстармын туыңды да берік қолда!..
Жабай батыр:
Ақ найзам аман болса қолға ұстаған,
Түйрермін сан қалмақты сор қыстаған;
Қол бастап Қожаберген ол да келді,
Бізге де ортақ өзің жол нұсқаған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу