Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  435


Автор: Тортай Сәдуақас

Ораз аталық, Әйтімбет аталық, Сәбике бегім, Абылай сұлтан және Күнбике ханым (жиынтық бейне)

Ораз аталық:
Өткендей басымыздан күн бұлағай,
Кез келді жауға оқтайтын «Күлдір-малай»;
Ортаңа алып келдім сұлтаныңды, –
Қараша, Кәдір, Даңқой, Қылды, Малай!..
Абылай, сұлтан болдың Момынға кеп,
Әлі де кездесер сын жолыңда көп;
Сұлтаным, келген сапар құтты болар, –
Есім мен Қасымға ұқсап жалындап өт!..
Әйтімбет аталық:
Шақ болды салтанатты бүгін бір тап,
Оралар байырғы бақ, бұрынғы тақ!
Абылай, ақ батасын ал еліңнің, –
Өркендеп өсіп-өнер үрім-бұтақ!..
Ел таптың, ендігі жөн жар табуың,
Момын ел ардақтайды дарқан ұлын:
Билері Атығай мен Қарауылдың,
Айттырып әпермекші алты аруын!..
Олжаны аталықтар салыпты мол,
Өзіңе пейіл берген халықты көр!
Ес тұтқан Есенаман ел-жер осы, –
Қылшақты, Ақсораң мен Балықтыкөл!..
Ордаңа ұлым – сақшы, қызым – қорған,
Осы ғой Қыдыр дарып, Қызыр қонған!
Мінекей, Күнбикемен отау құрып,
Көкшетау қойнауында тізілді Ордаң!..
Күн өтер, соғыс бітер, азат боп ел,
Жетерміз күндерге де ғажап, кемел!
Осынау қарбаласқан ұлы істердің, –
Күні ертең игілігін қазақ көрер!..
 Сәбике бегім:
Хан-ием, бағыңды ашсын бұл құтты күн,
Бүкіл ел Ақордаңа ынтық бүгін;
Мал-жаның қатар өніп, құтты болсын, –
Қойнауы Қызылағаш, Бүркіттінің!..
Ат беріп, отау сайлап, шапан жауып,
Жолыңда болмасын деп қатер-қауіп;
Ақсарбас атап бүгін, тілек тілеп,
Ақ жолға салып жатыр атам Дәуіт!..
Сыйластық сыры болды бұл бір терең,
Бақытын байсалды ердің кім бүркеген;
Мінекей ақ маңдайлы аруың бар, –
Бақтарың жана берсін Күнбикемен!..
Абылай сұлтан:
Ризамын, пана болдың, Ораз аға,
Жақсылар салып кеткен жол аза ма?!
Әйтімбет аға, сіз де ақыл қосып, –
Қол жиып аттанайық тез арада!..
Барамыз болашаққа тартып керуен,
Ақ отау құтты болар халқым берген:
Күптелген керегесі күміспенен,
Апталған шаңырағы алтынменен!..
Көкшетау, жас ордаға айбат берген,
Табыстым талай батыр, қайратты ермен;
Сәбике – емші жеңгем мың рахмет,
Құтты бұл отауымды сайлап берген!..
Күнбике ханым:
Сұлтаным, тағдыр қосты, міне бізді,
Үлкендер айтып жатыр тілек ізгі;
Алдымен жауды қуып, елді сақта, –
Сұм дұшпан қатырмасын сілемізді!..
Елім деп қалың ойға батқаным-ай,
Жерім деп жауға қарсы шапқаным-ай!
 Артыңа алаңдама, өсер ұрпақ,
Тіл-көзден сұлтанымды сақта, құдай!..
Абылай сұлтан:
Жол қанша, алдымызда жорық қанша,
Жеңістік бермес дұшпан зорыққанша?!
Сонша елден таңдап сүйген, Күнбикешім,
Күн жақсы бола берсін жолыққанша!..
Жау бітпей басымызға бақ орнар ма?
Айналар қалың елім қара орманға!
Аман бол, көріскенше, Күнбикешім, –
Жеңіспен оралармын Ақордаға!..
Әйтімбет аталық:
Ей, Алла, берем десең сондай кеңсің,
Сөзімді періштелер қолдай берсін!..
Алланың құлы, Алаштың ұлы болғай, –
Абылай, ел қолдамай толмайды еншің!..
Абылай, Қаракөкпен жүрші аңырап,
Құтқармай сұм дұшпанды құрсауыңа ап!
Атығай – Қарауылың құрып берген, –
Алаштың құты болсын бұл шаңырақ!..
Арсыға аттанарсың ел қамы үшін,
Халқыңның жоғары ұста ар-намысын!
Мерейің, ер сұлтаным, болсын үстем,
Жортқанда жолың болсын, жолбарысым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу