Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  443


Автор: Тортай Сәдуақас

Уәли хан, Ораз аталық (ортаншы Ораз), жас Әбілмансұр


Ораз аталық:
Жау шапты!..
Жайратты бұл халқыңды ұрыс,
 Тоналып жатыр мүлік, алтын-күміс;
Қамалға таяп қалды қарақшылар,
Хан-ием, енді қайттік, сарқылды күш?!.
Әбілмансұр:
Жан әке, тұрар сәт пе хал сұрасып,
Мінейін тұлпарыңа қамшы басып;
Мүшелге толмасам да, жау шапқанда,
Қайтадан шықпаймын ба қарсыласып?!
Уәли хан:
Абылым, Абылһайым, Абалағым!
Кiм бiлген жаудың бұлай табаларын?
Дұшпан ит тұтқиылдан қарсы шауып,
Қаға алмай қанатымды сабаладым.
Абылым, Абылһайым, Абалағым!
Әттең кеш тұлпарымды тағаладым;
Аяр жау абайсызда қанжар сiлтеп,
Таяныш, тiрек қайдан таба аламын?!
Қарашы дұшпан иттiң талағанын,
Халқымды қайтiп тыныш баға аламын?
Есте ұста аталардың аманатын,
Абылһай, Абыл-Мансұр, Абалағым!
Жарадан сарқылды күш, әлім менің,
Мен саған соңғы амалды мәлімдедім;
Тезірек бой тасалап, жөніңді тап,
Төлеңгіт Ораз батыр – тәлімгерің!
Қайтейін, қапы кетіп қапалымын,
Абылай – қандай еді атаң, ұлым!..
Ал енді жолың болсын, аман болғай, –
Жол бастап жөнеледі Аталығың!..
Сатқындар ел алдында айыпталар,
Досың кім, дұшпаның кім, байыптап ал;
Мерт болмай қапияда, құтыл жылдам,
Паналап, нағашы деп Қайыпқа бар!..
 Осылай болса тағдыр, қолқамыз не?
Ес жинап, түсер алаш ортақ ізге...
Үш жүздің ақылменен басын қосып, –
Ордаңды сайларсыңдар Орта жүзге!..
Болып па көкiрек шерсiз, көңiл бейғам,
Талассыз өтiп пе едi өмiр майдан?
Жарасып жөнін тапсаң, жанталаста, –
Жайылар қанатың боп Момын, Мейрам!..
Сұраған сұлтандыққа – Момынға бар,
Ойға алған ісің сонда орындалар;
Аман бол алла оңғарып, аруақ қолдап,
Тар соқпақ, тайғақ кешу жолыңда бар...
Құбылып тұр ғой мына заман бүгін,
Сақтай біл ел мүддесін санаңда, ұлым!
Жетуге сол мұратқа еліңменен, –
Алдымен керек сенің амандығың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу