Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  298


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай сұлтан (үлкен Абылай) мен аталық

Ораз1 батыр (үлкен Ораз)
Аталық Ораз батыр:
Армысың, Абылай сұлтан, алтын ордам!
Сүйінші! Айың туды шалқып оңнан:
Немерең келді өмірге торсық маңдай,
Мерейің үстем болсын қарқын алған!
Іңгалап атұстарың келді өмірге!
Шаттықтан толқып тұрмын мен де бірге:
Талпынған немереңіз жөргегінде,
Самғайтын сұңқар болсын ел көгінде!
Болып тұр елдің іші дүрбелеңде,
Қайыспай қан майданға кірген ер де;


Елінің азаттығын мұрат тұтып, –
Жігіттер ат ойнатқан қыр-белеңде!..
Жерұйық Жиделібайсын жерім еді,
Жау шапса, ел іргесі сөгіледі:
Түбінде осы жерден қайыр болмай, –
Сарыарқа кең өріс боп көрінеді!..
Абылай сұлтан:
Әндіжан, Әму мен Сыр, Қандағарға,
Шашырап қала бердік әр қамалда.
Алты алаш бауыр болып басын қосып,
Атаның жарқын жолы жалғанар ма?!
Тәуекел, Есім, Тұрсын, Баба, Көшім,
Дүлдүлдер дүбірлеткен дала төсін;
Ынтымақ болмады әттең, амал қайссы, –
Арқаға бұрамыз ба баба көшін?!.
Алаш жүр алауыз боп, оралмай құт?
Түрікпен, Қырғыз, Өзбек, Ноғай, Маңғыт,
Қазақ пен Башқұрт, Қалмақ көз алартса,
Түбінде ел болады олар қайтып?!.
Жалаңтөс, Қалқас, Асыл, Шушақ, Әнет, –
Ел мықты, ерлер сондай тұрса демеп.
Әулие аян берген, алла жар боп, –
Бір бала ел бағына туса керек!..
Болса егер әрі өжет, әрі қаншыл,
Қыран боп қияға ұшар бағы жанса ұл:
Атаның жолын қуса, жөнін тапса, –
Балдырған төрем болсын – Абыл-Мансұр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу