Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  206


Автор: Тортай Сәдуақас

Қозыбасы, Шу өңірінде Орда құру туралы

Хан кеңесі
Керей хан:
Күш алды Әбілқайыр жанын салып,
Күйзелтті қалың жұртты алым-салық...
Тек сонда еңсе тіктеп, ел болармыз, –
Қыспақтан шығатын жол табылса анық?!.
Болсақ та Дешті-Қыпшақ құрама елі,
Алаштың қамы бізге ұран еді;
Кезінде төрт қиырды тітіреткен, –
Біздағы Алтынорда мұрагері!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Қашанда қанаттасым – Қазан, Қырым,
Ел тоқта алып еді мазамды кім?
Бұл күнде алты бақан, алауыз боп,
Көшкендей басымыздан базарлы күн?
Намысы ортақ еді Ноғайлының,
Құдай-ау, қайда кетті зор абыным?
Салтанат, сәні кетіп Сарайшықтың,
Бүгінде мұнар шалып, борайды күн?..
«Әж-Тархан» айнып, енді бүлінді Сыр?..
Бұл күнде сарай маңы «ыбыр-сыбыр»?..
Елес боп бара жатыр есіл күндер, –
Сый тартқан – Мажар, Мәскеу, Ібір-Сібір...
Керей хан:
Жете алмай қор болмайық есемізге,
«Шайбанмен» ат құйрығын кесеміз бе?
Бас ұрып құзырына бағынамыз,
Шет жайлап, Шуға таман көшеміз не?!.
 Ақжол би:
Түртпектеп малыңды алды, өрісті алды,
Құлазып кең жайлаған қоныс қалды...
Кезінде Тоқтамыспен топ жарсақ та,
Қауымбыз қадір тұтқан Орыс ханды!..
Жолығып жортағы мен жорғасына,
Барайын Әбілқайыр Ордасына:
Айтайын елдің мұңын, ер кесімін,
Отырған шығар аңдап ол да, сірә?
Көңілде қалса да оның талай дағы,
Жұртымыз жамағат деп қарайды әлі;
Апарып тартуы мен таралғысын,
Алдынан өту керек қалайдағы!..
Асан баба:
Бір кезде тізгінді алып Орыс бабаң,
Қолына дәулетқұсын ол ұстаған;
Шайбандар шу шығарып, кейін келе,
Бір жерге мүддесі елдің тоғыспаған?..
Шығайық енші алысып, шеп құрып тың,
Жолымыз болар, қайта серпіліп күн;
Алламыз оңға бұрып, ойымыз боп,
Аруағы қолдар бізді көк түріктің!
Жиренше би:
Балқаш пен Алатаудың бер жағы Шу,
Ұласқан Ұлытауға кең Сарысу;
Біздің көш бет алса егер Арқа жаққа, –
Біздікі – жеке ел болып,
енші алысу!..
Бір шеті Есіл, Көкше, Жетіқоңыр,
Біздерге болмақ емес шетін өңір;
Ұрпағы үш арыстың қонған алап,
Береке белі болар, бекіп өмір!..
 Ақжол би:
Сауабы аз емес қой саналы істің,
Құрбаны болмайық тек қара күштің;
Жартысы жанын салса жаңа Орда үшін, –
Жарымы Шайбанда жүр Жанарыстың?..
Ел іші ырың-жырың, дау мен дамай,
Бірігіп шайқасамыз жаумен қалай?
Елдіктің шын қадірін білмегеннен,
Өтті ғой басымыздан дәурен талай?!.
Топ-топқа бөлінген ел, толқу да көп,
Кәрінен Әбілқайыр қорқуда тек;
Қыбырлап тышқаншылап күн көргенше,
Жұлқысып жолбарыстай жорту керек!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Жортақтар жол бастады, жүйрік қалып,
Аз әулет аздырды елді билікті алып:
Бүгінгі елдің ғана соры болмай,
Келешек тағдырына ол килікті анық...
Ту тіксек, бағы жанып байтағымның,
Толтырар берекемді қайта бұл күн;
Ұлыстың ұлы биі Ақжол ағам, –
Ақ сөйлеп, елдің сөзін айта білдің!..
Қорыған қормалым боп дала шебін,
Ақеке, арғын аға баласы едің;
Бірі едің ел бастаған даналардың,
Жөн сілтеп, жолға салған алаш елін!.
Бұл күнде бойға күшін жиған Орда,
Сәт шығар жолымызды бұрған оңға:
Өткенде мәмілеге барған кезде, –
Бағалап Есен-Бұқа сыйлады ол да!..
Ақжол би:
Кеңестің болып жүрмін бәрінде мен,
Бүгін де ел болудың қамын көрем:
 Екеуміз мәмілеге барған кезде, –
Шу маңын берем деп ол мәлімдеген!..
Мұның жөн, сабыр-сабыр, Жәнібегім,
Қолдайды бұл ісіңді қалың елің!
Тепсініп төрт тарапқа билік айтар, –
Жетпей тұр құзыретім әлі менің!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Болса да ұлысқа аға, елге – көсем,
Темірден талай тепкі көрген Есен;
Дегенде Қозыбасы жерге көшем, –
Қуана келісімін берген Есен!..
Керей хан:
Оның да қуанатын есебі бар,
Темірден тепкі көрген неше бұлар;
Біздің ел тосқауылда тұрады деп, –
Бұл жәйтті осылайша Есен ұғар!..
Ел-жұрты болса да іштей ырза бұған,
Тірлікте ағайынға кім жарыған?
Ұшырап барымтаға Есен-Бұқа, –
Қалмақтар қажытқандай бір жағынан?!.
Ақжол би:
Есте ғой дүбірлеген ғұн заманы,
Жебесі көк түріктің зырлағаны;
Өр рухы бабалардың қайта оралып,
Оңалар, келер-кетер күн жаманы...
Есте ғой арғу, дулы, шығыл (шекті),
Олар да ұлы ерліктің сырын шертті...
Арманды алға сүйреп жібек жолы, –
Әйтеуір бейбіт күндер нұрын септі.
Қайырсыз, небір залым хандық құрып,
Замандар өтті талай зарды ұқтырып;
Шұбырған тарих ізі Шу, Таласта, –
Соғысқан қытай, араб, қарлық, «түрік»!..
 Жол тауып айламен де, ұрыспен де,
Тіл тауып Есен-Бұқа, Жүніспен де;
Жарайсың Керей ханым, «Әз Жәнібек», –
Жұмылдың халық үшін ұлы істерге!..
Қол үзіп кетсек те Еділ, Сыр асылдан, –
Мінекей алдымыздан күн ашылған:
Ту тіксек Қозыбасы, Шуға таман, –
Біздің жұрт үш тарапқа құлаш ұрған!..
Біреуі – Моғолстан шығыстағы,
Біреуі – Мауреннахр ұлыстары;
Біреуі – Ноғайлы елі, бәрінің де
Бар бізбен ұрысқаны, ұғысқаны!?.
Жүргенде орда сайлап, қоныс қарап,
Үш жүз боп алаңдатар сол үш тарап;
Түбінде үш арысқа ұя болар, –
Жетісу, Сыр, Арқа, Еділ – өрісті алап!..
Жиренше би:
Әкім боп Әбілқайыр таң атты ма?
Қазаққа сыбағасын таратты ма?
Сұмдығы бір басына жетіп жатыр, –
Өлтірген солар әкең Барақты да?!.
Не тірлік «арба сынбас, өгіз өлмес»,
Болсайшы жағымпаздың сөзіне ермес;
Қолдадық талай ісін, қосын болып,
Не қайыр, болмаса елдің өзі дербес?
Діні де, байқамасақ, қатты мұның,
Темірдің иелігін шапты бүгін...
Хандығын Мұстафаның быт-шыт қылып,
Ойнатты Арқада да ат дүбірін.
Өзінің бауырларын алдап, арбап,
Тонаған сәті түссе әр қамалды ап;
Есіріп, екіленіп жүрген кезде, –
Қалмаққа ақырында қалды арандап...
 Сұм заман береді енді қайдан мұрсат,
Күшіміз әлі де кем майдан құрсақ;
Жанарыс неше топқа жарылып тұр, –
Әр тұста Қоңырат пен Найман, Қыпшақ?..
Асан баба:
Басынан елдің бағы жиі ұшқанда,
Сығалап бірі кетті Систанға...
Үндістан, Иран менен Ауған асып,
Қосылды шалғайдағы ұлыстарға?!.
Біреулер асып кетті Қап тауына,
Кім кепіл ата салтын сақтауына?
Жанасып Жанарыстың жұрты да жүр,
Маң басып Маңғыстау мен Ақтауымда...
Ел де көп, есер де көп маңайында,
Сұм хандар зорлық қылды талай ұлға?
Бөлініп сан тарапқа ел сансырады, –
Дулат пен Керей, Тама, Жалайыр да...
Сұм хандар – оңдырады бұлар кімді?
Кім ашар елді басқан мұнар күнді?
Ұшпаққа жетті қандай Ақсақ Темір, –
Үш рет шапқан кезде бір арғынды?..
Елдікке бетімізді бұрған шақта,
Шебіміз берік болсын тұрған сапта!
Ағайын, көш түзейік бауыр басып,
Жұмылып бір арманға, бір мақсатқа!..
Бірліксіз тірлік жоғын түйсінген ел,
Қайтсе де пайым менен қисынға ерер;
Ойланып Ойсыл, Қаңлы, Шанышқылы,
Ағылып Албан, Дулат – Үйсін келер!..
Соңында әр сұлтанның жаншылған ел,
Іздесең әр атадан бар шын дәлел;
Ұшпаққа жетем десе үш арысым, –
Алшаңдап алашым деп Алшын келер!..
 Біреуге нөкер болып байланған ел,
Бытырап қиыр кетер, майданға енер;
Ұштасса үш арыстың ақ тілегі, –
Найқалып намыс буып Найман келер!..
Ұғынса елдің сырын тіс қаққан ер,
Шығады сонда ғана қыспақтан ел;
Күш салсақ елдің басын қосу үшін,
Көш түзеп Қоңырат пен Қыпшақ келер!..
Ақжол би:
Бауырлар кетсін елден неге алыстап,
Бекемдеп билер келер Бекарысты ап;
Ақарыс, Ноғайлыдан ағылып ел, –
Ел туын жүрмейміз бе жоғары ұстап!..
Намысын таптатпайды ашынған ел,
Топ жарып шығар небір асыл, кемел;
Сытылып шеңгелінен Шайбанидың, –
Халқым деп Айқын менен Асыл келер!..
Арманы азат елдің қашанда асқақ:
Асудан болу керек асарда сақ!..
Қазақтың ақ жолының бастауы бұл, –
Бізге сын, бұл асудан аса алмасақ!..
Асан баба:
Билікке қауым боп бас шұлғығанда,
Темірдің тепкі көріп сырғығанда;
Айрылып қалған талай қазынадан, –
Біздің де еншіміз көп Сыр-Қуаңда!..
Құт кетпей қазақтың кең ұлысынан,
Тізгінді шығармаңдар уысыңнан;
Қолдасын бабалардың аруақтары,
Қорғасын қуатымен дін-ісләм!..
Қауымды қайырсыз бір жолға бұрып,
Жарытпас Әбілқайыр болған ұлық;
 Билікті басып алып мәз болады,
Шетінен Шайбани деп толған ұрық...
Жарамас жатқанымыз жолда бұғып,
Ел бетін қам қылайық оңға бұрып;
Шығамыз өз алдына отау құрып,
Қазақ боп ту тігеміз, Орда құрып!..
Ақжол би:
Шу, Талас – бір қиыны жалаңаш тым,
Біздікі қамы емес қой қара бастың?
Қауіп көп, халықты, елді сақтау керек, –
Болашақ, ертеңі үшін бар алаштың!..
Ілеге кірер ауыз Шудың маңы,
Сырғысақ – тура жолы Сырдыңдағы;
Жетісу, Сыр, Ұлытау, Арқаға асар, –
Шу десек, шығады осы шудың бәрі!?.
Тағы да тұрмын біраз ойға қалып,
Шапқыншы көп болады айдан анық;
Бос қалды Атбасар мен Есіл – Нұра,
Бұл сәтті, көшу керек пайдаланып!..
Қуылды Мұстафа хан Атбасардан,
Алашқа болған Арқа жат қашаннан?
Тезірек сол орданың орнын бассақ, –
Пана ғой қалың дұшпан қаптаса алдан!..
Айтқанға Әбілқайыр, сірә көнбес,
Есен де есік ашып тұра бермес?!.
Темір де, қалмақ та бар шауып кетер, –
Жер керек сақтауға елді мына дербес?!.
Жау шапса бізге осы төрт қиырдан,
Паналар жерің қайсы өрт-құйыннан?!.
Шу, Шу деп шулағанмен, сол Сарыарқа, –
Құдайым берген пана, шеп құрылған!..
 Сарыарқа – сайын мекен дарқан, алып,
Қашқанға, қуғанға да қалқан анық;
Жайласақ, шегінсек те пана болар, –
Арқаны, көшу керек арқаланып!..
Сондықтан біз үшін ол қолайлы маң,
Әзірге жете алмаспыз оңай бұған:
Күшіміз толысқан соң енші алармыз, –
Жетісу, Сыр мен Қуаң, Ноғайлыдан?!.
Жүре алсақ оның толық иесі боп,
Арқа да жердің құты киесі көп;
Қазақтың қамын ойлап сондықтан да,
Бауырлар, елдік үшін күресіп өт!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Билерім, ой-толғамың айтылды көп,
Сергітті санамызды сан түрлі кеп;
Тездетіп елшілік те жолға шықсын, –
Болды анық басты мақсат, айқын міндет!..
Асан баба:
Абайлап, бой алдырмай ашуға тек,
Ханеке, құтыңызды қашырам, деп;
Бас шұлғып, айтқанына ыға бермей,
Амалдап тақ тамырын басу керек?!.
Ақжол би:
Қасым мен Бұрындықты қасыма алып,
Айтайын ойымызды ашып анық;
Шіреніп отырса да Әбілқайыр, –
Билікті айламенен басып алып?!.
Ол қашан айла, амалға ділгір еді,
Сіздерге қастық ойлар, кім біледі?
Алдына Әбілқайыр мен барайын, –
Кім білсін, тағы нені ол бүлдіреді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу