Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  270


Автор: Тортай Сәдуақас

НЕМАН

(Белорус ақыны Якуб Коластан)
Арындап Неман аққанда, Жарқырар шықтай мөлдіреп.
Қалың ну қалар қапталда, Желегі жасыл желбіреп.
Біргеміз, Неман, біз мәңгі! Несібе бердің лайықты.
Толқының кейде ал, ызбарлы, Батырған талай қайықты.
Көктемде шарлап белдерді, Ағыздың кәрі еменді.
Қопарып тау-тау сеңдерді, Суардың шалғын, белеңді.
Батырып орман, аңғарды, Тасыдың, құйдың, селдеттің.
Сүйретіп ауыр салдарды, Сарқырап алыс сен кеттің.
Қашса да алып қанша ауды, Толқының әсте тоймаған.
О, Неман, білмес шаршауды, Сыйладың қанша ой маған!
Етене таныс емес пе, Жағдайы саған жарлының.
Естідің талай белесте, Кедейдің салған зарлы үнін.
Сыбызғы сазы басылмай, Төбеңде тұрар кешкілік.
Жанардан аққан жасыңдай, Тұрады мұңды ән естіліп...
 Жағаңда, емен жанында, Жаңбырлы түнде саулаған:
Жыртық тон. Тірлік қамында, Балықшы байғұс жаураған.
Өтеді долы дауылың, Жапырып жасыл жағаны.
Шаршаған шөпші бауырың, Шомылып рахат табады.
Жылжиды ай баяу төбеңде, Жарқырап кейде түнгі аспан.
Сыңсыған орман төменде, Сыбдырлап саған сырласқан.
Жағаңда – шаруа белорус... Өлкеңнің талмас өзегі.
Өрекпіп аққан өр ағыс, – Өзіңсің Неман өзені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу