Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  272


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚЫН ІСМЕТТІҢ АҚЫРҒЫ СӨЗІ

(Олжас Сүлейменовтен)
Атақты ақын Әзірбайдың Баян атты тоқалын ақын
Ісмет алып қашады... Қуғыншылардың қолына түскен
екі бейбақтың ендігі тағдыры Әзірбайдың қолында еді.
Ақын Ісмет – аңқылдаған бір адам,
Ақын жаны ада боп па күнәдан?
Алып қашты Әзірбайдың тоқалын, –
Көңіл шіркін бір-біріне құлаған.
Әттең, әттең... Дүниенің тарлығы,
Қуғыншылар құтқармады... Жарлығы
Екі болмай Әзірбайдай жайсаңның,
Жан алқымда екі адамның тағдыры!
 Екі қолын қыл арқанмен таңып ед,
Өңгеріп ап әкеткен бір лағынет...
Күнаһардың шешті қолын кездікпен, –
Әзірбайдың үлкен ұлы – Әлібек!
Ақ көбік боп аттар... аң-таң жас-кәрі...
Қара есікке ақын көзін тастады;
Уқалап ап екі қолын ұйыған,
Ақын Ісмет соңғы сөзін бастады:
Өкінбеймін, басты тау мен тасқа ұрған
тағдырыма, шаршап ұйықтап, аш тұрған.
Өкінбеймін, сараңға да кең болдым,
Ал жақсымен жарты құртты тең бөлдім.
Өкінбеймін, төсекте өткен түндер кем,
Отын жағып, ошақ астым күнде ертең.
Өкінбеймін, жар құшағын жаймаған, –
Жолға шықсам қанжығамды байлаған.
Өкінбеймін, қанша күнім сарсылды,
Іздеуменен нағыз досты нар сынды.
Өкінбеймін, көрмесем де ұл мәпелеп,
Қалмаса да еш тұяғым әкелеп!
Өкінбеймін, қашқан киік бақ деген,
Қумасам да құйғытып құр атпенен.
Өкінбеймін, тыным тапқан жоқ мезет, –
Келгеніме ажалмен сан жекпе-жек!
Жалғыз-ақ бар өкінішім, сол – қайғы,
Ғұмырымды қайталауға болмайды.
Енді келіп басыма бақ қонбайды,
Енді менде ауру, аңсау болмайды.
Жалғыз-ақ сол, одан басқа жоқ арман:
Тұра салып тәтті ұйқыдан, көгалдан,
Жан тәсілім еткелі енді жатырмын,
Қарақшы емес, қанжарынан ақынның!
Жалғыз-ақ сол, амалым не, амалым,
Көгалда ашып ең ақырғы ұйқымды;
Ешкімді де білмей кетіп барамын
Әзірбайдың әйеліндей сүйкімді!!?
 Ақын жырын айтты солай алқынбай,
Сұңқардайын сұсы басым, саңқылдай:
Көн етікті көптің бірін көр енді, –
Қара бұлтты қақ айырған жалқындай!
Кенет, кенет... Киіз есік түріліп,
Шықты Әзірбай! Жылт еткені бір үміт:
– Әлібек! – деп шақырды ұлын, зілді үні,
– Мен мұндамын! – келді ол да жүгіріп.
– Қос ат беріп, босат!!!
Халық тарасын!..
– Оның не, әке?!
– Батырсын тез қарасын!..
Баян дағы шыға берді сытылып,
Әзірбайдың аңғарып ой-парасын...
Буырылдың шешті Ісмет те шылбырын,
Баян да ерді... Өзі Ақбозға мінді ырғып;
Екі бейбақ кете барды тебініп,
Құла түзден іздеп енді тірлігін...
Қас қағымда жауын көріп ұзаған,
Әлібек те жарылардай ызадан...
Әулие қарт айтты: «Ұлым!.. Халайық!..
Болмаған іс о заман да бұ заман...
Ер Ісметті түлен түртті, ант ұрды,
Масқаралап бұзды ата салтыңды?!
Бірақ, бірақ... «Әзірбайдай ақын!..» деп,
Ақын Ісмет жалғастырар даңқымды!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу