Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  343


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖОЛБАРЫС МІНГЕН ЖОЛАУШЫ

Барымташы бір бар еді, Баукеспе болған жырынды;
Даңқтан үлкен дәмелі, Батырдың соңы бұрынғы!
Жылқы алған жортып түнімен,
Таныс боп жер-су, тау-жыраң:
Түркіменнің де түбінен,
Арыстанның да аузынан!
Жүрегінің де түгі бар, Түлейді тіліп жортады;
Олжаны ойлап қыруар, – Жорықта жүрген ол тағы!
Қара түн, қалың жыныста, Тағы бір олжа тап болды.
Кірісіп қауырт жұмысқа, Басына мұның «бақ» қонды!?.
Адамға сондай құныққан, Бұл да бір пайда, пұл шығар:
Оңаша жусап тыныққан, Көзіне түсті бір Шұбар!
Қуғанға кетер ілдірмей, – Шұбарды көрген шыдар ма?
Жылжыды жымын білдірмей, – Құмартып қатты Шұбарға!
Үстінен түсті-ау олжаның, Бұл қайдан жүрген саяқ деп;
Ойланып жатпай аржағын, – Бас салды сабаз таяп кеп!
Атылып қонды үстіне, Жалына мықтап жармасты;
«Не істейді мына күштіге, Бұ қайдан шыққан албасты?» –
Жануар қатты шошынған, Орнынан ытқи жөнелді, –
Болды ғой бұл іс тосыннан, Қарай гөр мына өнерді!
Жүгенсіз мінген жүйрікті, Емес-ау өзі, сірә сау?
Күткендей осы бұйрықты, – Жөнелді жүйткіп шу асау!
Жүген мен ноқта кимеген, Даланың мынау тарпаңы:
Кесекті саздай илеген, Қалыңға сілтеп тартады!
Жеткендей боп зор табысқа, Батырдың ойы үйлесіп;
Рза боп жойқын шабысқа, Барады рахат күй кешіп!
Тұлпарға болған құмар-ақ, Мінді ғой, міне шұбар ат;
Бір бақыт тұр-ау сығалап, Шығандап енді шығар ат!
Шарқ ұрды, – қалай салды аяқ: Шабады шаршап, талмай-ақ;
Жолықты-ау ерге маңдайы ақ, – Жорғадай ұшқыр қандай ат?!
 Жығылмас аттан жырынды, Көріп пе ең мұндай аңшыны?
Алам деп қағып жыныңды, Сауырға басты қамшыны!
Жануар мұны көрмеген, Жебедей заулап атылды!
Сала мен сайды өрлеген, – Қызыққа оны батырды!
Беріліп ойға не түрлі, Қиянға қиял қаңғыды;
Сайлардан самғай секірді, Қиядан бір-ақ қарғыды!
Қара озбас мына Құладан, – Білмеген бұрын неліктен?
Жылп етіп өтті жырадан, Екі аттап озды еліктен!?
Жарысқан жақсы-ау, бірақта, Кетірді шырқын маңайдың;
Мінем деп мына пыраққа, Ұйқысын бұзды талайдың.
Кеп еді қайдан қаңғырып, Тойымсыз құлқын, қу арман;
Жөнелді жапан жаңғырып, Дүр ете қалды ну орман!
Пыр-пырлап ұшты құс біткен, Үріккен аңда жоқ есеп!
Осымен, сірә іс біткен, – Болдырар болып көк есек?!
Қажытпақ ойы тағы бар, Тақымын қысып, соққылап;
Шалдығып бірақ жануар, – Тоқтайтын түрі жоқ бірақ!
Не болар мұның аяғы, Батырға тұлпар сай шығар?
Алпамыс мінген баяғы, Мынауың нағыз Байшұбар!
Жануар нені түстейді, Жаңылмас бірақ шабыстан?
«Пәтшағар неге түспейді, Не пәле мынау жабысқан?!»
Тасыры аз шыққан бірақта, Табаны жалпақ таймаған;
Сияқты болат тұяққа, – Байпақ қып киіз байлаған!
Тәсілқой барымташыға, Керегі осы емес пе, –
Ың-шыңсыз, ізін жасыра, – Жортпай ма ертең белесте!..
Осқылап бетті қамыс, тал, Бұталар тілді балағын;
Тайсалмас бірақ намыс бар, Тағысы бұл да даланың!
Көнбеді ат бірақ ырқына, Сыз берді таң да қылаңдап;
Тұлпардың мінген тұрқына, – Көз салды енді бұл аңдап!
Ойпырмай, бұл не ғаламат, Масқара, қандай болған іс?
Мінгені түнде тағалап, Боп шықты нағыз жолбарыс!?
 Ойыннан, міне от шықты, Кеш болды бәрі, әттеген?
Жыртқыштың өзі боп шықты, Жүйрігі мынау ат деген!
Не істерін білмей жұлқына, – Бір жұмды ол көзін, бір ашып;
Білмейтін сырын жылқыға, – Болдым деп қайдан тым асық?!
Зәресі ұшты батырдың, Бір суып бойы, бір ысып;
Қалмады есі пақырдың, Бір уыс болып бүрісіп!
Манағы желік желге ұшқан, Жоғалды қайда бұл ерік?
Жаралы жандай жер құшқан, Барады лағып тірі өлік!?
Көрдің бе тағдыр кезегін, – Жетпек ед тездеп мұратқа?!
Өрт алды енді өзегін, Міндім деп қайдан бұл атқа?
Қалмады дегбір міскінде, – Жер таппай жанын қоярға?
Тайпалған тақтың үстінде, – Таупық бер оған, ой алла!?.
Айтқан ғой Абай рас тегі, Жұртпыз-ау жайды кеш ұғар:
Тақымға тар ма мәстегі, Тұлпарда мұның несі бар?
Қиын ғой тағдыр, не білдің, Салады сын мен сынаққа;
Білмесе парқын өмірдің, Несі бар мініп пыраққа?
Жан ба еді тайыз көр кеуде, Болады үлгі бұл кімге?
Атқанның бәрі мерген бе, Шапқанның бәрі дүлдүл ме?
Тұрса да бойда күш қайнап, Жөн болар кеңес сұраған;
Қолынан келмес істі ойлап, Қор болды, міне бұл адам!?
Өзінің сенбей көзіне, Келеді ол сұмдық күй кешіп;
Зәрезап болған өзі де, Кіретін таппай бір тесік!
Қамыстан шығып жолбарыс,
Тартты енді қырға кең дарқан;
Адамдай шыққан жолға алыс, –
Мынаны көрген ел де аң-таң!?
Дүрсілдеп жүрек тынбайды, Дірдектеп, тері тамшылап;
Біреулер қолын бұлғайды, Өлмелі жаннан хал сұрап?!
«Жол болсын, – дейді біреуі, –
Жолбарыс мінген жолаушым?!»
Болсын де оның тілеуі, –
Ол қайтып тоқтап, қол алсын?
 «Әулие, – дейді бір адам, – Шұбыртып мінген байталды!»
«Сиқыр ма әлде сынаған, – Дұғамен жеңіп сайтанды?!»
Әуреге салған бар елді, Пақырды мұндай кім көрді?
Құмартқан аттан ал енді, – Түсудің өзі мұң болды.
Аузынан жалын, зар шығар, Түсе алмай асау «бестіден»:
Жүгірді малшы, аңшылар, – Байғұстың даусын естіген!
Жігіттер атын сайлаған, Атойлап шықты әр тұсқа!
Ажалға басын байлаған, – Араша түсті байғұсқа!..
Жалт берді шұбар сол кезде, Құлады ер де сытылып;
Есінен танған жолкезбе, – Ажалдан кетті-ау құтылып!..
Қалды ғой байғұс жан сақтап, Әйтеуір басы болды азат:
Мінгенге қызық мансап, тақ, – Түсуің бірақ сор да азап!?
Арсыға биік ұшардай, – Басында босқа лепіріп:
Кейіннен тақтан түсе алмай, – Қор болып жүрме өкініп!
Жаманатқа ондай ілікпе, Арман қу сайлы атпенен;
Мінсең де небір күлікке, Жеткізбес оңай бақ деген!
Өмірде көп қой үміткер, Демеңдер оңай олжа тұр;
Байқап мін атқа, жігіттер, Алдыңда ұзақ жол жатыр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу