Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  137


Автор: Тортай Сәдуақас

ТҰЛПАР ТАҒДЫРЫ

Билердің келтірмеген даңқына кір,
Бір жайсаң өткен екен халқына әділ:
Жемеген кісі ақысын момын екен,
Болмаған жалпақ шешей жалпыға құр.
Бөленбей сән-салтанат думанына,
Бөлінбей жақын-жегжат, ру қамына;
Қақ жарған қара қылды әділ екен,
Тура айтқан жақпаса да туғанына.
 Қымбат боп ел мүддесі қазыға адал,
Болыпты көп алғысы қазы да бал...
Тұрмыстың қанағат қып азына бар,
Жимапты жиһаз, мүлік, қазына-мал.
Тамыры үзілмепті тамам елден:
Жұрт та көп пара бермей, бара берген.
Болыпты бар дәулеті – жалғыз аты,
Бәйгенің алдын бермей дара келген.
Құшағын үлкенге де, балаға ашып,
Жүрген соң арқа-жарқа араласып;
Кең пейіл, ақ тілекпен күннен-күнге, –
Абырой, беделі де барады асып.
Сүйсініп жақын менен жаттың бәрі,
Би менен өрлей берді аттың бағы.
Өссе де ел мерейі, бұл даңқты, –
Патша мен уәзір бірақ жақтырмады.
Уәзір де атты алмақ боп қалайдағы,
Қулықпен іздеп бақты шара, айланы:
Бір беткей бидің өзін жақтырмайтын, –
Жағымпаз сұлтандар да сарайдағы.
Ұсынып көрді айламен мансап-тағы,
Қамауға қалың елден «ар» сақтады.
Уәзірдің айтағымен биді даттап, –
Жөнелді жандайшаптар жар сап бәрі.
Алмайтын алпауыт қой жанды есепке,
Соңынан жансыз қойып, таңды өсекке.
Жанына жара салды жапқан жала,
Биде де төзім қанша бар десек те.
Жақсының жаны қалды жараланып,
Біреу – жақ, біреу жатыр талап алып;
Керенау әдетіне бағып тобыр,
Шуласып қала берді қара халық.
...Сол кезде патша да бір бал аштырған,
Сыралғы көріпкелі жар астынан, –
 Жау тауып, таяп қойды тажалды да,
Құдай-ай, бақ пен сорды таластырған.
Шешілген мансапқордың пайдасына,
Уәзірдің тапқан әлде айласы ма?
Жақсыға тек әйтеуір жориық деп,
Айтады мына сұмдық жайды асыға:
«Дат, тақсыр! Бұрсаң бізге назарыңыз,
Айта алмай бір сұмдықты назалымыз:
Биіңіз бар ғой әлгі, тұлпары бар,
Сол аттан келмесе игі ажалыңыз!?
Ей, тақсыр! Жатқаным жоқ жамандап құр,
Білмеймін енді қандай амал қап тұр?
Үйіріп басыңызға бір пәлені,
Ажал боп төніп тұр ғой жамандатқыр!..»
Отыр ед білмей кімге соқтығарын,
Мұны естіп патша ағзам төкті кәрін:
«Атын ал, атын өшір!» деуі мұң-ақ,
Уәзір де әкетті іліп отты лаңын.
Патшаға қылған бұрын құлаққағыс,
Уәзірге ендігі жәйт тым-ақ таныс:
Атын ап, атағынан жұрдай қылып,
Ал өзін жер аудармақ жыраққа алыс.
Айласы арампездің ақыры асты,
(Бұрын да талайларды атып-асты)
Сұмдығын ішке сақтап сұрланып тұр,
Жалғызға жалғаншы өмір қатыбас-ты:
«Патша ағзам сұратыпты бұл атыңды,
Ханшамыз көріп ермек қылатын-ды;
Ал өзің көз көрмеске көшің түзеп,
Естіртпей ел мен жұртқа, құры, атыңды!?.»
...Қоштасты тұлпарымен асыл адам,
Сүт беріп, сұлы беріп асыраған;
«Сор болды-ау жүйріктігің өзіңе, еркем, –
Әйтеуір болса екен, – деп, – басың аман!
 Патшаның болып тұр ғой әмірі үстем,
Зорлықтың жасалады бәрі күшпен:
Сен – дүлдүл, мен бір бұлбұл – екі мұңдық,
Күніміз төмен болды-ау дәруіштен?..»
Көзіне қимастықпен ол жас алып,
Жібермек болды атын жолға салып:
«Патша алса, патша алсын, тек әйтеуір,
Еліңе жүрсең болды олжа салып!»
Зорлықпен қас тұлпарды барады алып,
Жақсының жаны қалды жараланып.
Әділет қайда? Зарын кім тыңдайды?
Шуласып қала берді қара халық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу