Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  178


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖОМАРТ ПЕН ЖЕНДЕТ

Қонаққа сойып берер жалғыз атын, –
Ер көңіл сол мәртікке барғызатын:
Бір жайсаң серілікпен сүріпті өмір,
Атымтай деп айтады арғы затын.
Демейік аңыз айтса бұл ескілік,
Бәрі де бүгінгідей тұр естіліп.
Бар тапқан-таянғанын әлгі шүлен,
Ел-жұртқа жүреді екен үлестіріп.
Мінесе қонақ – зоры бұл мазақтың,
Айт пен той – қонақ келсе бір ғажап күн:
«Қырықтың бірі – қыдыр» деп түсінген,
Қонақсыз күні бар ма бұл қазақтың!
Шашбауын көтеріп ел мәрт ұлының,
Барады жерді жарып даңқы мұның.
Үйіне келіп-кетер жүргінші көп,
Лаң болып жүрмесе игі арты бір күн?
Бұл жақтың жұрты дарқан, жері кең деп,
Қонақ көп қоныс тепкен еміне кеп:
Дейді екен биі бақас, батыры аңғал,
Бақталас болған ханы, бегі де көп.
Алыста хан ордасы, ара қашық,
Сонда да жомарт даңқы барады асып:
Ханға кеп сонда бір сұм шағыстырды:
«Сізбенен бақталас, – деп, – қара басып?!»
«Ханнан да жүрген даңқын асырам деп,
Қай сорлы ол мейманасы тасыған кеп?» –
Хан мініп қаһарына кәрін төгіп,
Бір бегін аттандырды басын ал деп!
 Жөнімен жөнелді олар қуып ізді,
Бірақ та ұзақ кезді ұлы түзді:
Адасып аптап шөлде, әлі құрып,
Талайы тіршіліктен үміт үзді...
Көз жазып құдықтан да, тұмадан да,
Нәр татпай арып-ашып құлағанда;
Дегенде өлдім-талдым, әлгі жендет
Тап болды жапан түзде бір адамға.
Байғұстың кетпесін деп жаны шығып,
Әлгі адам аттан түсе жан ұшырып;
Өбектеп, сусын беріп, басын сүйеп,
Дем берді, жендетке бұл дәм ұсынып.
Жендеттің әдеті ме асқан әккі,
Белінен бес қаруын тастамапты;
Не керек, есін жиған әлгі есер, –
Түйіп ап шыға келді қас-қабақты.
Мұндай да болады екен пасық адам,
Кім мұны қабаған ғып асыраған?
Көздерін аша салып кіжінеді:
«Атымтай ауылын айт – басын алам?!»
«Жүрсеңіз хан иемнің жарлығымен,
Алдияр, әл жиыңыз алдыменен! –
Жығылды аяғына, – қонақ бол! – деп, –
Аяймыз мейман келсе жанды неден?!»
Шауып бұл бейбіт елді масқара ғып,
Жанарын жазықсыз жан жасқа малып, –
Жүрмесін деген ой да жанын қинап,
Жендетті жөнелді әлгі бастап алып...
«Ауылым ана қырдың астында, бек.
Басеке, басқа жұртқа бас бұрма тек:
Мейман боп аттаныңыз – дәстүрлі әдет,
(Жейді ғой бір тоқтыны қасқыр да кеп?!)»
Әулекі әкесін де танымас-ты,
Дегендей өркөкірек бағым асты:
 Алдияр аттан түсіп, алшаң басып,
Төрге озды баса-көктеп кәрі-жасты.
Сөйлейді тәкаппарсып, сөзі дүрдей,
Күпініп еш пендені көзіне ілмей.
Бүйідей тиді айнала билік айтып,
Қалауын көңілінің өзі білмей.
Әлемнің әміршісі сол ғанадай,
Қуырды елдің бәрін ол қарадай.
Ұшымен аяғының үй іші жүр,
Қор болды қариялар қол баладай.
Таяқ жеп тәтті құмар қарақтары,
Көз сүзіп жарына да алақтады.
Әйтеуір қызмет қып зыр жүгірді,
Әкенің қабағына қарап бәрі...
Елемей қошеметшіл ел, қауымын,
Екпіндеп тілетіндей жер бауырын:
Аптығып атқа қонды әлгі даңғой,
Сілте деп Атымтайдың енді ауылын!..
«Ей, бейбақ, бірдеңеден құр қалдың ба?
Әлі де айтылмаған сырлар мұнда:
– Іздеген Атымтайың – мен едім!» – деп,
Жендетке ол басын иіп, тұрды алдында!
Жауымен қапияда ұшырасып,
Жендеттің сұп-сұр болған түсі қашып;
Бір барып, бір қайтады қылышқа қол,
Арбалып, адалдықтың мысы басып.
Бара алмай байыбына әлі кептің,
Буып тұр бұрқ-сарқ етіп кәрі бектің.
Арбасқан зұлымдықпен, шығар ма екен
Мерейі үстем болып әділеттің?!
«Ажалмен әзілдескен хал сұрасып,
Неткен жан, қабақ шытпас қарсыласып?!»
Қасиет қанды жеңіп қас қағымда,
Тебіне жөнелді атқа ол қамшы басып...
 Мына бір жәйтті көріп өткен ағат,
Сөйледі бір әулие көпке қарап:
«Тәйірі-ай, қашан құрыр пендешілік,
Неге осы көбімізде жоқ қанағат?
Ей, жұртым, ел дәстүрін жастай ұғып,
Дәріпте адал дәмді, ас қайырып;
Түкірген табағыңа түлей болса,
Жауыздың жағын ондай таста айырып.
Көрмеген бөгдені ешбір жауға теліп,
Еліккіш, еліктегіш әулет едік.
Алыстан арып-ашып мейман келсе,
Алатын әдет қой бұл хан көтеріп.
Есіктен кіре есіріп төрге озғанға,
Түкіріп табағыңа, ор қазғанға, –
Зауал бар! Ізет қылса үй иесі,
Несіне міндетсиді ол жазғанға?
Қонағың қойдан жуас болмаса да,
Құрметте, дәміңді тос, зорға сана!
Есіктен кіріп ол тек төрге озбасын,
Халқымның киесі ғой ол босаға!..»
Қызбасын қызық қуып текке шекем,
Аламын, осы қалай, деп те секем:
Қонақжай мынау ұрпақ шұлғи беріп,
Қонақтың құлы болып кетпесе екен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу