Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  200


Автор: Тортай Сәдуақас

Ақын ойы....

Ақын ойы – доллар емес, толғаныс,
Ақынға азап – әрбір теріс болған іс;
Арсыздыққа ара тұрған ол бір жан, –
Ал ақынға болады кім қорғаныш?
Ізгілікке заман қатал не деген,
Көптің жоғын іздедім мен көнеден;
Құлқын емес, рухын елдің сомдадым,
Елде біреу бар ма соны елеген?..
Ойлай ма елді қара басын баққандар,
Сөзі – жылтыр, көзі жылмаң қаққандар.
Дәулет қуып, өрге қанат қағар ма, –
Дүниені тоймай талап жатқандар?!.
Ақын – жалғыз, шықса да өрге қаншалық,
Құрақ ұшқан бар ма бауыр жар салып?
 Мерейленіп мен еліме жеткенде, –
Алдымнан кім шығар екен қарсы алып?!.
Толғасам да ел мүддесін тынбай сан,
Жүрсемдағы сауықтан сырт, құрмай сән;
Елге барсам жүретұғын ен жайлап, –
Бауырымның болмағаны-ай бір жайсаң?!.
Шүкір, жүр ғой өсіп-өнген бауырлар,
Маңайымда талай ізгі қауым бар;
Қабағыма қарап, талмай іздейтін, –
Бір әпкемнің болмағаны-ай бауырмал?!.
Ағайынның бәрі жақын, бәрі асыл,
Мәз боласың бір тірлікке жараса ұл;
Жер түбіне жұмсайтұғын жасқанбай,
Бір інімнің болмағаны-ай жанашыр?!.
Қара бастың қамы да емес бұл сырым,
Бойкүйезге ой салуы жыршының;
Басқа жұрттай – асылыңды бағалап,
Кемел қауым жарсын дейсің бүршігін?!.
Жас ұрпаққа жөн сілтейтін мақтан боп, –
Тұлғалар бар ескерусіз жатқан көп;
Бабалар бар, дәстүрлер бар үзілген, –
Содан ақын салады ұран «аттан» деп!..
...Базынам ғой, түңілмейді бұл ақын,
Арқалайды ол елдің арман-мұратын,
Бәрі менің – елім, жерім, бауырым, –
Мерейімді асқақтатып тұратын!..
Туған жерім – қасиетім, қуатым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу