Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  156


Автор: Тортай Сәдуақас

ДОС-ЖАРАНДАР ТҮЛЕП ҰШТЫ ӘР ТҰСҚА

Абылайхан ауылында бірге өскен,
Ауыл болып, бауыр болып күн кешкен;
Кездер қандай, қадір тұтып халықты,
Хан ордасын еткен бәрі даңқты;
Қайран өмір бір орнында тұрмайды,
Құмдай сусып, қызығыңды ұрлайды...
Дос-жарандар түлеп ұшты әр тұсқа,
Салды білем өмір сынақ, тартысқа;
Сұм өмірдің салмағы ма халыққа,
Амалы ма жұрттың – бейқам нарыққа?
Ата жолы тұйықталды, көнерді,
Жерлес жандар шығарды не өнерді;
Дүние үшін туғанымен арбасқан,
Бекер қауіп етті олардың біреуі;
Пұл табам деп шалғайдағы қандастан,
Шетелге ауып кетті олардың біреуі;
Жоқ-жітігін маңайдағы ауылдың,
Малша иіріп шыға келді біреуі;
Иемденіп жер мен мүлкін қауымның,
Қамшы үйіріп тұра келді біреуі;
Ашкөзденіп, әр мансапты сағалап,
 Нәсіпті ел боп кетті олардың біреуі;
Іскерлікпен тасы өрге домалап,
Кәсіпкер боп кетті олардың біреуі;
Кісі тонап, қанжар тығып қойнына,
«Түрме» кезіп кетті олардың біреуі;
Туған жерден – ақша мініп мойнына,
Мүлде безіп кетті олардың біреуі;
Күйіндіріп кетті солай біреуі,
Тиын қуып кетті солай біреуі;
Біреулердің арбауына алданып,
«Боза» қуып кетті олардың біреуі;
Пір әулеті екенбіз деп, қамданып,
«Қожа» болып кетті олардың біреуі;
«Жұлдыз» болып кетті олардың біреуі,
«Қырғыз» болып кетті олардың біреуі;
Күрсіндіріп кетті олардың біреуі,
«Үйсін» болып кетті олардың біреуі;
Шамшыл болып кетті олардың біреуі;
«Алшын» болып кетті олардың біреуі;
Хан ордасын қадір тұтса бабасы, –
Табын іздеп кетті солай біреуі,
Бір жемқорға жалшы болып шамасы, –
«Бағын» іздеп кетті солай біреуі;
Қиын кезде – өгей болған өз елі, –
«Оралман» боп қосылды кеп біреуі;
Толы орман боп толықситын кез еді,
Сұм заманның жіпсігенде сіреуі;
Бекітем деп туған елдің тұғырын,
Мансап қуып кетті олардың біреуі;
Орталыққа арнаймын деп ғұмырын,
Аңсаттырып кетті олардың біреуі;
Дос көңілдің емес қой бұл мінеуі,
Қабыл болсын бәрінің ақ тілеуі!
Әр қияға кетсе бәрі бауырдың,
Не болады күйі қайран ауылдың?..
Селк етпесе сұм өмірдің саяғы,
Дос-жаранды қайдан табам баяғы?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу